«New Wave» байқауы қорытындыланды
Байқау
Ақтөбеде облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «New Wave» облыстық студенттік фестиваль байқауы өтті. Оған өңіріміздегі жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттері қатысты.
Облыстық жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары Заманай Қайнарұлының айтуынша, байқауға 60-тан астам өтінім түскен.
— Байқау мемлекеттік жастар саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру және дарынды жастарды қолдау мақсатында ұйымдастырылды. Оған арнаулы және жоғары оқу орындары студенттері қатысты. Қатысушылар үш бағытта бақ сынады.Өнер додасына «Үздік биші» номинациясы бойынша — 16, «Үздік әнші» номинациясы бойынша — 34, «Үздік қойылым» номинациясы бойынша — 7 қатысушы топ іріктелді. Қазылар алқасы қатысушылардың жас ерекшеліктеріне қарай шығармашылық мүмкіндіктерін, актерлік шеберліктерін, сахналық қойылымдарын бағалады, — дейді ол.
Ш.Берсиев атындағы Ақтөбе жоғары аграрлық-техникалық колледжінің студенті Айтолқын Мырзабай бұл байқауда алғаш рет өнер көрсеткен.
— Байқауда «Үздік қойылым» номинациясы бойынша «Әкеге арналады бұл мұңым» деген 15 минуттық қойылым көрсеттік. Қойылымның мазмұны өмірден алынған. Мен басты рөлді сомдадым. Тұрмыста орын алған дау-жанжал бала психологиясына да әсерін тигізбей қоймайды. Осындай шынайы оқиғаға негізделген қойылымда 9 студент өнер көрсетті. Қойылымның сәтті шығуына көмектескен ұстаздарымыз Гүлназ Айтқазықызы мен Бағдагүл Мырзатаеваға алғысымыз шексіз, — дейді ол.
Фестиваль-байқаудың қорытындысы бойынша қазылар алқасы шешімімен жеңімпаздар, әр бағыт бойынша I, II, III дәрежелі дипломдармен, бағалы сыйлықтармен және арнайы номинациялармен марапатталды.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.