Поэзия
«Түсіме кіреді
Түршіккен жапырақ»
Мұқағали Мақатаев
Сап-сары жапырақтар
Сап-сары жапырақтар…
Сап-сары жапырақтар…
Саудырап құлап жатыр атырапқа.
Біреудің жанарында,
Біреудің табанында,
Сап-сары жапырақтар жоғалуда.
Қаусаған қаңқасы тұр ағаштардың,
Жасыл бақ тоналуда, тоналуда.
Естілмей құстың әні,
Естілмей құстың үні,
Жалғанның кетті сәні, ұшты гүлі.
Сырғасынан айрылған ақ қайыңның,
Басына бар ғаламның түсті мұңы.
Сап-сары жапырақтар,
Сап-сары жапырақтар,
Саудырап құлап жатыр атырапқа
***
Қуандық Шаңғытбаев
Тереземнің сыртынан
тор құрып жатқан өрмекшіге
Қыркүйекке саршатамыз ауысып,
Тұр тамылжып дүрия күзгі шәйі сырт.
Үлп еткен жел үзіп кеткен мизамдар
Сары талға қонып жатыр жабысып.
Сыпайы әзіл суыртпағын суырып,
Отырғанбыз бесін ауа шай ішіп.
Терезеге торын құра бастады
Бір өрмекші аяқтары майысып.
Өремқапқыр, өлерменін қарашы,
Қандай мінсіз тор көздердің арасы!
Қалай ғана біліп туды ішінен,
Үйретпей-ақ әкесі мен анасы.
Сілекеймен сәл қатырған түйінді
Келмес еді үзуге адам шамасы.
Астапыралла-ай, жастан сонша шебер боп
Қалай тудың, ей, табиғат баласы?
Көз алмаймын, алда суып ас қалды,
Қаншайым да дәм-ләззәттан аш қалды.
Сол мезетте жібек тінді кілемге
Қонды ара. Өрмекші кеп бассалды.
Кемеңгер ой тудырған тор үстінде
Өмір үшін ұлы тасыр басталды.
Осы екен ғой тіршіліктің сыры деп,
Көзімнен тек іркілген бір жас тамды…
***
Жұмекен Нәжімеденов
Бұлттар қамап, шыңдар әрең шыдап тұр,
неменеге мәз боп күлді бірақ бұл?
Жапырақтар жұлынып тұр, құлап тұр,
неменеге мәз боп күлді бірақ бұл?
Күз аспаны сындырып тұр, сыбап тұр,—
неменеге мәз боп күлді бірақ бұл?
Қарс айрылсын қара шыңдар қақырап бір,
жылағаны былай тұрсын жапырақтың —
мен түгілі,
табиғаттың өзі де
ойланта алмайды екен-ау, шын ақымақты.
***
Қадыр Мырза Әлі
Бұл ненің нышаны:
Бозарған атырап?
Үзіліп ұшады
Үмітсіз жапырақ.
Қара жел күшеніп,
Кәрі емен қалтырап:
Сауылдап түседі
Сап-сары жапырақ.
Өлкенің реңін
Өзгерткен ақырап.
Түсіме кіреді
Түршіккен жапырақ.
Сойқан бұлт ұзады
Сөгіліп,
Қақырап.
Ұйқыны бұзады
Ұйтқыған жапырақ.
Жаз берген тәбәрік —
Жапырақ
Ұшады.
Бұл ненің хабары?
Бұл ненің нышаны?!
***
Есенғали Раушанов
Сарыадыр жаққа сары күз келді,
Сарбалақтанды күріштік,
Шақырар ма еді тағы біздерді,
Күдері белдер күміс түк
Дария сондай ағады күліп,
Сергітіп бойды түнгі ызғар.
Шық болып шөпке қалады ілініп,
Түнімен жауған жұлдыздар.
Толқытып өтті ауыр да мұңды ой,
Тобыр қаз үрке жалт қарап.
Бұл мен ғой келген,
бауырларың ғой,
Е-еһ-ей, құстар ақ қанат.
Тең өскен талы, тербелген көлі
Өз үйім — өлең төсегім.
Сенбеңдер деймін, сенбеңдер мені,
Қатал боп кеткен десе кім.
Тыраулап ұшқан тырналар анау,
Ұзады созып өлеңін.
Апырм-ай, шіркін,
бір қарамады-ау
Бөтені ме едім мен оның?!
Сансыз армандар санамда қалып,
Тұрамын оқшау төбеде,
Айқайлағандай аралда қалып,
Алыстап кеткен кемеге.
***
Светқали Нұржан
Күз
Бетегелі бел жүдеп, бөктер күз боп,
Құстар қайтып кетіпті көктемді іздеп.
Жапырақтар-жүректер жылап тұрды,
Сағыныштан сарғайып кеткенбіз деп.
Бөгет болмай құстарға тас матаулар,
Көкке қарап кісінеп, қасқа ат аунар.
Биіктіктің қызығын көрмегесін,
Аласарып қалғандай асқар таулар.
Табиғаттың, әйтеуір, тепкісі көп,
Қасқа дала, қайтесің көп кісінеп!
…Ебелектер елбеңдеп жүгіреді,
Құспен бірге ұшып-ақ кеткісі кеп…
Сарғайып тұр бәрі де — күз желі өпкен,
Туған жерде өткен күй бізде де өткен.
…Құмыр-ғұмыр құстарда не арман бар,
Тірісінде көктемін іздеп өткен?!
***
Күләш Ахметова
Жапырағың азайды-ау, жасыл емен,
Жабыққанда келуші ем қасыңа мен.
Сыбдырласып, сырласып қоюшы едік,
Ортақ еді біздерге ғасыр, әлем.
Көшеміздің өзіңсің жылда сәні,
Сен жырласаң, дүние үн қосады.
Міне, тағы күз келді, қашанғыдай
Қарашада қаланы мұң басады.
Күнге ілесіп жылыстап жатыр апта,
Ой көзімен қарасаң атырапқа,
Топырақтан айналып жапыраққа,
Жапырақтан айналып топыраққа,
Алмасады табиғат, ауыспалы.
Биыл ерте ағарды тау үсті әні.
Жасыл едің, сарғайдың, тым алыстан
Талып жетті тырнаның дауыстары…
***
Жанна Елеусіз
Көгіме әкеп шөгерді Күз інгенін.
Қалды үлгермей салып та
Түз ілгегін…
Қара шашын қайырып саусағымен,
қағаз жазып отырды қызым менің…
Қаптай берді аспанды
қара-ала көш.
Күндегіден түсті ерте қалаға кеш…
Жанын қарып жүрмесін ешбір аяз,
Жер бетінің жылуы, балама көш!..
Толғанта ма Суықтың күйі Бізді?..
Төріміздің құп-құйттай Биі ізгі —
күн иісін сіңірген Шашыменен
жібергенде Жаз етіп Үйімізді!?.
Билейді енді жер бетін күзің дара,
оның-дағы әлден-ақ сызын қара…
Екеуі тең бөлісті патшалықты,
жүрегімнің Патшасы —
Қызым ғана!..
***
Нәзира Бердалы
Күтпеймін күзді.
Күздерде ылғи өмір — мұң
Тағы да, міне, сағыныштан мен жеңілдім
Жылы жақтарға қанатын қақты қайрылмай
Көк көгершіні көңілдің.
Кеше мен де, иә, сан сұлулардың бірі едім
Солғын күздей боп сарғайды бүгін гүл — өңім
Жайдары жаздың іздейтіндей ме лебін
Қарашадағы қалтыраған жалғыз жүрегім?
Қамықсақ тағы «келіпсіз ғой деп, бекер, Күз»,
Ол кетпес енді.
Көктемдерге де жетерміз.
Құшағыма қысып құйтақандай болған Күнді мен
Жүгірсем бе екен өзіңе қарай?
Жылынайықшы екеуміз…
***
Сәндібек Жұбаниязов
Көктем де өткен, өтер күз,
Қашан өлер екенбіз?!
Сағындырған сағымға
Сәл сарғайсақ жетерміз.
Асықтырған арман бар,
Адасатын орман бар.
Ол жақта да жолығар
Обалыма қалғандар.
Тәптіштесең мұң тізіп,
Тағдыр деген тым қызық,
Дауасы жоқ дертім бар,
Дауысым жоқ — тілсіз ұқ.
Босатпайды қоршаулар,
Торығып ап аңсау бар.
Жараланған жүректен
Жан төзгісіз қан саулар.
Әрі бұлтты, әрі айсыз,
Аспаным бар қолайсыз.
Қол сілтеген жетеді,
Жөн сілтеуге қалайсыз?
Бәрі де өткен — өтерміз.
Өкінеміз бекер біз.
Келесі күз — Бөтен күз.
Біз де өзгерер ме екенбіз?



