Жаңалықтар

Нұрбол — республикалық айтыстың жеңімпазы

Айтыс

Көрнекті мемлекет қайраткері, кіші жүз ханы Әбілқайыр ханның 330 жылдығына орай Ақтөбеде өткен «Ұлтын сүйген ұлы тұлға» атты республикалық ақындар айтысында бас жүлдені жерлесіміз Нұрбол Жауынбаев жеңіп алды.

Облыс орталығындағы Студенттер сарайында өткен айтысқа барлығы 12 ақын, соның ішінде Ақтөбеден бес ақын қатысты. Сондай-ақ сөз бәйгесінде Ұлытау, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Көкшетау, Павлодар облыстары мен Шымкент қаласынан 7 ақын сынға түсті.

Шараны айтыскер ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтаев жүргізді.

Қазылар алқасының құрамында белгілі айтыскерлер Мэлс Қосымбаев, Бекжан Әшірбаев, ақындар Жанарбек Әшімжан, Сәтжан Дәрібай және Оралбай Кометия берді.

Шарада алдымен облыс әкімі Асхат Шахаров сөз сөйлеп, жиналған жұртшылыққа жүрекжарды лебізін білдірді.

— Ұлттық болмысымызды ұлықтап, салт-дәстүрімізді жаңғыртатын айтыс өнері — барша қазақтың қазынасы. Сондықтан біз үшін бұл шараның маңызы зор. Өздеріңізге белгілі, біздің өңірімізден Нұрпейіс Байғанин бастаған жыр дүлдүлдері, сөз шеберлері шыққан. Сол себепті облысымызда осындай сөз додасының, жыр бәйгесінің өткізілуі бізді қуантады. Мен облыс халқының атынан бүгінгі айтысқа келіп, қатысқан ақындарға алғысымды айтамын. Халықтың рухани қазынасы — айтыс өнері мәңгі жасай берсін, — деді ол.

Әбілқайыр ханның 330 жылдығына арналған сөз додасында ақындар тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерімізді, кіші жүздің ханы болған Әбілқайырдың тарихтағы орны, еліміздегі, оның ішінде облыстағы бірқатар өзекті мәселелер төңірегінде толғанды. Бір-бірінен оза шапқан ақындар жақсы өнер көрсетті. Халық ақындарға қолдау білдіріп, кеш бойы оларды үздіксіз қолпаштап отырды.

Айтыстың нәтижесінде бас жүлдені жерлесіміз, жас айтыскер ақын Нұрбол Жауынбаев жеңіп алды. Оған 1,5 млн теңгенің сертификаты табысталды. І орынды Ұлытау облысынан келген Өміржан Көпбосынұлы (1 млн теңге) иеленді. Ал ІІ орынды қызылордалық  Ержан Әміров пен павлодарлық Аспанбек Шұғатай (800 мың теңге), ІІІ орынды Шымкент қаласынан келген Біржан Байтуов пен ақтөбелік Марат Ахметов (500 мың теңге) өзара бөлісті. Сондай-ақ Дидар Қамиев, Серік Қуанған, Нұрмахан Жақып, Жұлдыз Қожабекова, Аруна Керімбек, Жәнібек Бейбітовтерге ынталандыру сыйлығы (300 мың теңге) табыс етілді.

Айта кету керек, өңірімізде келер жылы мамыр айында командалық айтыс өткізу жоспарлануда. Оған еліміздің барлық өңірінен белгілі ақындар қатысады.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button