Құрылысы бітсе де қаңырап тұр

Өзекті
Құрылысы аяқталған әлеуметтік нысандарды уақтылы пайдалануға бермегендер жазаланды. Тізімге аудан әкімдерінің орынбасарлары, ауылдық округ әкімдері және облыстық басқармалардың өкілдері ілікті.
Кеше облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өңірдегі проблемалық нысандар бойынша жиын өтіп, онда құрылысы аяқталып, бірақ әлі күнге дейін пайдалануға берілмей отырған нысандардың жайы айтылды. Әрбір аудан басшысы өз аумақтарындағы нысандар бойынша есеп берді.
Облыс көлемінде мұндай нысандар спорт саласында көп. Дайын тұрған денешынықтыру-сауықтыру кешендерінің құжаттары дұрыс емес, басым бөлігінде жер алу құжаттарына қатысты мәселе бар. Өңір басшысы бір-біріне сілтеп, бұл бағытта мардымды жұмыс жасай алмай отырғандарды сынға алды.
— Құрылысы бітті, ал құжаттары жоқ. Мемлекеттік орган өкілдерінің, мемлекеттік қызметшілердің жауапсыздығынан балалар, тұрғындар зардап шегуде.Халықтың сұранысы бойынша мемлекет салған ғимараттарпайдаланылмай отыр. Осыдан соң жергілікті билікке сенім жоғалады. Жер мәселелеріне қатысты құжаттарды жер комиссиясына төрағалық ететін орынбасарларыңыз жиын өткізіп, тез арада қабылдай алады. Тиісті шешім шықса, құжаттармен облыстық құрылыс басқармасы айналысып, қаржы басқармасы облыстық спорт басқармасының иелігіне беруі керек. Бір-бірлеріңізге сілтеп, уақыт жоғалтып жатырсыздар. Бұдан шығатын түйін — сіздер бұл жұмысқа салғырт қарайсыздар, — деді Асхат Шахаров.
Облыс әкімі жиын барысында ақталуға тырысқан бірқатар мемлекеттік орган өкілдерін жазалау туралы шешім қабылдады.
«Осы нысандарға жауапты адамдарды жазалау — мәжбүрлі шара. Бұл — бастамасы. Келесі жолы осындай мәселе қайталанса, аудан әкімі және басқарма басшыларының мәселесін де қарайтын боламыз. Мүмкін, содан кейін оң өзгеріс болатын шығар», — деді өңір басшысы.
Ол сондай-ақ өз орынбасарларына да бірде-бір нысан штат бекітілмей, барлық норма сақталмай ашылмау керек деген тапсырма берді.
Отырыста қаралған нысандардың құжаттары жыл аяғына дейін толыққанды жасалып, келер жылдан жұмыс істеуге тиіс.
А.ІЛИЯСҚЫЗЫ.