Жастармен ойлы әңгіме
Бизнес-форум
Сенбі күні облысқа белгілі медиа-менеджер Арман Дәулетияров пен Қазақстанның еркін күрес шебері Ислам Байрамуков келді. Олар облыс әкімімен кездесіп, өз жоспарларымен бөлісті. Сондай-ақ өңір жастарына форум өткізіп, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, отбасы құндылығын сақтау, жас буынның рухани және әлеуметтік даму мәселелерін талқылады.
Облыс әкімі Асхат Шахаров форум спикерлерімен кездесіп, шарада талқыланатын мәселелер төңірегінде пікір алмасты.
— Қоғамда толеранттылықты қалыптастыру — бірліктің кепілі. Ал көпвекторлы саясат — егемендіктің көрінісі. Мұны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та айтып келеді. Сондықтан ел арасында қоғамдық пікір туғыза алатын сіздердей азаматтардың болғанына қуаныштымыз. «Арманда» форумынан ақтөбеліктер қажет білімді алады деген сенімдемін, — деді Асхат Шахаров.
Басқосуда Арман Дәулетияров білім мен бизнес форумдарының қоғамға, әсіресе жастарға берері мол екендігін жеткізсе, қазақстандық танымал еркін күрес шебері, XXVII жазғы Олимпиялық ойындарының күміс жүлдегері Ислам Байрамуков соңғы кезде жастардың арасында спортпен шұғылданушылар қатары артқанын, бұған Ақтөбенің де халқы үлес қосып жатқанын айтты.
Кездесу соңында облыс әкімі Асхат Шахаров Арман Дәулетияровтың «Әкімге үш сұрақ» атты блиц сауалнамасына жауап берді.
Өнер орталығында өткен «Арманда» білім және бизнес форумында спикерлер ақтөбелік жастарға өз армандарын қалай жүзеге асыру керектігін түсіндірді.
Аталған шарада белгілі айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақов жиналғандарға сауатты, мәдениетті сөйлеудің, көп алдында жаңылмай, өз ойын ашық айта білудің әдіс-тәсілдерін үйретсе, еркін күрес шебері Ислам Байрамуков спортқа деген қызығушылығы зор жастарға осы салада жетістікке жету жолдарын айтып берді. Спикерлер өз өмірлерінде қол жеткізген жетістіктерімен бөлісіп, жастардың сауалдарына жауап берді.
— Адамда қашанда арман болу керек, және оған жету жолында алдына мақсат қоя білуге тиіс. Ал өз өмірлеріңізде жетістікке жетемін десеңіздер, көп еңбектену қажет. Мысалы, мен өмір бойы үздіксіз еңбектеніп келемін. Соның арқасында бүгінгідей жетістікке жеттім. Жастарға айтарым, көп оқыңыздар, еңбек етіңіздер, тұлғалық, адамгершілік қасиеттерді бойларыңызға жинаңыздар. Ешқашан еріншек болмаңыздар, — деді Арман Дәулетияров.
Шара соңында облысқа арнайы келген спикерлерге облыстық мәслихат депутаты Марат Қойлыбаев ақтөбеліктер атынан ризашылығын білдіріп, жылы лебізін жеткізді.
— Бүгінгі форумда спикерлер жастарға қазіргі таңда бір жерден пайда күтпей, жалқауланбай жұмыс істеу керектігін, жетістікке қол жеткізу үшін аянбай еңбек ету қажет екенін өмірлік мысалдармен дәлелдеді. Сондай-ақ отбасылық құндылықтарды сақтаудың, оның ішінде ата-ананы құрметтеудің қаншалықты маңызды екенін ерекше атап өтті. Осындай кездесуден кейін көпшіліктің көзқарасы жақсы жаққа өзгеретініне сенімдімін. Жас буын өкілдеріне осындай шара ұйымдастырылғанына қуаныштымын, — деді Марат Қойлыбаев.
Д.АЙДАР.