Жаңалықтар

Архив — тарих айнасы

Ақтөбеде облыстық мемлекеттік архивтің құрылуына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Тарих және архив: тың деректерді анықтау және зерттеу мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция аясында салтанатты жиын өтті.
Т. Ахтанов атындағы облыстық драма театрында өткен жиынға Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, облыс әкімі Асхат Шахаров, Мәдениет және ақпарат министрлігінің архив, құжаттама және кітап ісі комитеті төрағасының орынбасары Гүлзира Қарсақбаева, Астана қаласындағы орталық архивтердің басшылары, ақтөбелік және еліміздің өзге де өңірлерінен келген архив қызметкерлері, мәдениет саласының еңбеккерлері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Мерейтойлық шараға жиналғандар алдымен театр ғимараты жанындағы Тахауи Ахтанов пен Қуандық Шаңғытбаев ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.
Бұдан соң облыстық мемлекеттік архив ұжымы әзірлеген «Архив — ел тарихының шежіресі» атты көрмені тамашалады. Көрмеге архивтің алғашқы құрылған кезінен бастап бүгінге дейінгі тарихынан сыр шертетін суреттер мен деректер ғана емес, сонымен қатар «Архив — 2025» бағдарламасының аясында шетелдік мұрағаттардан әкелінген құнды құжаттардың көшірмесі де қойылған. Сондай-ақ «Ақтөбе облыстық мемлекеттік архивіне — 100 жыл» кітабы мен архивте сақтаулы құжаттар негізінде әзірленген «Ұлы Отан соғысының тарихынан. 1941-1945 жылдар» атты ғылыми-көпшілік жинақтың тұсаукесері өтті.
Салтанатты жиында алғашқы сөз Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаевқа берілді. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып, облыстық мемлекеттік архивтің директоры Марат Төлебайға табыстады.
Мемлекет басшысының құттықтау хатында: «Бір ғасыр ішінде шежірелі шаңырақта ел дамуының түрлі кезеңдерінен сыр шертетін мол мұрағат қоры қалыптасты. Бұл — мекеме мамандары мен ардагерлердің ерен еңбегінің жемісі. Архив қызметіне жүктелетін міндеттің мән-маңызы айрықша. Мұрағатта сақталған тарихи деректер мен құнды құжаттарды зерделеу өткенімізді танып, бүгінімізді бағамдауға және болашаққа бағдар жасауға мүмкіндік береді. Бүгінде архив ісі үшін озық технолгияларды және тың тәсілдерді кеңінен қолдану өте маңызды. Сол арқылы көптеген құндылықтар жұртшылыққа қолжетімді болады. Осы саланы дамытуға еңбек сіңірген азаматтарға шынайы ризашылығымды білдіремін. Баршаңызға зор денсаулық, толағай табыс тілеймін», — деп жазылған.
Сондай-ақ жиында облыс әкімі Асхат Шахаров, Мәдениет және ақпарат министрлігінің архив, құжаттама және кітап ісі комитеті төрағасының орынбасары Гүлзира Қарсақбаева, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Мәншүк Балмағамбетова, ҚР Орталық мемлекеттік архивінің директоры Сәбит Шілдебай, ҚР Ұлттық архивінің директоры Сағила Нұрланова, ҚР Президенті архиві директорының орынбасары Бақытхан Шайлазымов, т.б. құттықтау сөз сөйледі.
Осы жиында мерейтой иелері — облыстық мемлекеттік архивтің бірқатар қызметкерлері облыс әкімінің алғыс хатымен, Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Архив ісінің үздігі» төсбелгісімен және Құрмет грамотасымен, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының алғыс хатымен марапатталды.
«Тарих және архив: тың деректерді анықтау және зерттеу мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда архив саласының мамандарымен қатар, мұрағат құжаттары арқылы зерттеу еңбектер жазып жүрген тарихшы ғалымдар да баяндамалар жасады.

И. ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button