Жаңалықтар

Микрохирургиялық форум өтті

Форум

Үш күн бойы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінде республикалық II микрохирургиялық форум өтті. Шараға еліміздің әр өңіріндегі дәрігерлер, жас ғалымдарымен бірге, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстанның мамандары қатысты.

Оқу орнының ғылыми кеңес залында өткен форумының ашылу салтанатында сөз алған университет ректоры Әсет Қалиев форум аясында микрохирургияның бірегей бөлімдері туралы жан-жақты зерттеу жұмыстары сарапқа салынатынын айтты. Сондай-ақ ректорфорумның науқастардың өмір сүру сапасын жақсартып, өмірін аман сақтап қалуда берері мол екенін атап өтті.

Микрохирургия хирургиялық мамандықтардың түрлі бөлімдерінде қолданылады. Соның ішінде жақ-бет, тамыр хирургиясы, офтальмохирургия, оториноларингология және нейрохирургия, пластикалық хирургия және басқа да бөлімдерде микрохирургияның маңызы зор. Микрохирургиялық техниканы оқыту дегеніміз — хирургияның жоғары деңгейін меңгерудің алғашқы қадамы, — деп Әсет Қалиевфорум жұмысына сәттілік тіледі.

Форумның мақсаты — жас дәрігер, ғалымдардың зерттеу және зияткерлік қабілеттерін анықтау және дамыту, жеке өсу мен микрохирургиялық дағдыларды арттыру. Сондай-ақ отандық медицинада жоғары технологияларды енгізу және дамыту.

Форумның бағдарламасы да ауқымды. Шараның алғашқы күнінде конференция ұйымдастырылып, жас ғалымдар ғылыми-зерттеу жұмыстары жөнінде баяндамалар жасады. Шара аясында кадавер орталығында шеберлік сабақтары, секциялық және пленарлық отырыстар мен тақырыптық олимпиада ұйымдастырылды.

Дәстүрлі форумға медицинаның қыр-сырын танып-білуге, үйреніп, меңгеруге құштар белсенді, шығармашыл жастар көп қатысты. Форум олардың теориялық білімдерін тәжірибе жүзінде ұштастыруға, өз ісінің кәсіби шеберлерімен кездесіп, жаңа бағыттармен танысып, болашаққа мақсат қоюға зор мүмкіндік берді.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button