Денсаулық

Дәрігерлердің жүктемесі азаяды

Облысқа жұмыс сапарымен келген Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Тимур Сұлтанғазиев Шығармашылық академиясында тұрғындармен кездесіп, жеке қабылдаулар өткізді.

Аталған шараға облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова, облыстық денсаулық сақтау саласының қызметкерлері мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.     

Жиында алдымен сөз сөйлеген Бұлбұл Елеусінова бүгінде облыста денсаулық саласын дамытуға айрықша көңіл бөлініп отырғанын, мамандар тапшылығын жою, медициналық мекемелер санын арттыру бағытында жан-жақты жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді.

— Қазіргі таңда облысымызда осы салаға мамандар тарту, жергілікті мамандарды даярлау және оларды елді мекендерге жіберу, әлеуметтік қолдау көрсету жұмыстары кешенді түрде жүргізіліп жатыр. Жалпы өңірімізде жыл сайын тұрғындардың денсаулығын жақсарту, ана мен бала өлімін азайту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде атқарылып келеді, — деді Б.Елеусінова.

Бұдан кейін Денсаулық сақтау министрінің бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев елімізде, оның ішінде облыста аталған салада жүргізіліп жатқан жұмыстар жайлы баяндады.

— Мемлекет басшысының халыққа медициналық көмек көрсетудің тиімділігін арттыру жөніндегі тапсырмаларын орындау үшін біз өткен жылы кешенді жұмыстар жүргіздік.

Соның арқасында бүгінде халықтың негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіші жақсарды. Мәселен, 2019 жылдан бастап елімізде тұрғындардың, оның ішінде Ақтөбе облысы халқының орташа өмір сүру жасы 75 жасқа жақындады, жалпы өлім көрсеткіші 6 пайызға төмендеді. Қан айналым жүйелері ауруынан, обырдан болатын өлім саны айтарлықтай төмендеді. Бүгінде денсаулық сақтау жүйесіне қатысты өзекті мәселелер айқындалып, оларды шешу бойынша іс-шаралар қабылданып жатыр.

Осы орайда министрлік бірқатар медициналық көмекті ұйымдастыру стандарттарын, хаттамаларын, қағидаларын жаңартты, желінің мемлекеттік нормативі қайта қаралды, медициналық көмектің қолжетімділігі қамтамасыз етілді. Мысалы, енді халқының саны 50 адамға дейінгі ауылдарда медициналық көмекті мейіргер көрсетеді, ал 500 адам тұратын ауылдарда медицина қызметкерлерінің саны бір маманнан үшке дейін ұлғайтылады. Медициналық көмекті ұйымдастыруға келетін болсақ, дәрігерлердің жүктемесін азайту үшін мейіргерлік қабылдау функциялары кеңейтілді, учаскелік дәрігерлердің жүктемесі азайды, 9 бағыт бойынша жалпы практика дәрігеріне алдын ала бармай-ақ, арнайы мамандарды қабылдау үшін жағдайлар жасалды. Онкологиялық ауруға күдікті пациенттер үшін «жасыл жол» бағыты бойынша 18 күннің ішінде зерттеп-қарау жеделдетілді. Жалпы елімізде соңғы уақытта медициналық көмектің көлемі ұлғайтылып, қолжетімділік артты, — деді бірінші вице-министр.

Оның айтуынша, елімізде ауылдық елді мекендердің тұрғындарына медициналық көмек көрсету үшін 149 жылжымалы медициналық кешен қызмет көрсетіп, былтыр 1,7 млн адамды қамтыған. Оның ішінде облыста 12 жылжымалы медициналық кешен жұмыс істейді, 2023 жылы 30 мың ауыл тұрғыны қамтылған.

Сондай-ақ соңғы жылдары республикада онкологиялық пациенттер үшін гамма-пышақ, радионуклидтік терапия, томотерапия сияқты технологиялармен жоғары мамандандырылған емдеудің қолжетімділігі артқан. Бүгінде елімізде 78 инсульт орталығы жұмыс істесе, оның үшеуі биыл ашылған. Мәселен, біздің облысымызда 5 инсульт орталығы және 3 тері арқылы коронарлық араласу орталығы жұмыс істейді. Онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында

өңірімізде позитрондыэмиссиялық томография орталығы ашылмақ. Бұдан бөлек, 2025 жылға дейін облыста Ұлттық жобаның шеңберінде 29 медицина мекемесі бой көтереді.

  • Ұлттық жобаның шеңберінде «алтын сағат» қағидатын сақтай отырып, инфаркт, инсульт, жарақат және басқа да жағдайлар кезінде шұғыл медициналық көмек көрсете алатын 32 ауданаралық орталық ауруханаға күрделі жөндеу және реконструкция жүргізу жоспарланған. Соның ішінде Ақтөбе облысында жұмыс істеп тұрған Хромтау, Мұғалжар және Шалқар аудандық орталық ауруханаларын көпбейінді ауданаралық ауруханаларға айналдыру көзделіп отыр. Сонымен қатар бүгінде Ақтөбе облысында мекемелер мен ауруханаларды медициналық техникамен жарақтандыру көрсеткіші — 89 пайызға, ал тозығы жеткен құрал-жабдықтар көрсеткіші 47 пайызға жетті. Осы орайда алдағы екі жыл ішінде өңірдегі денсаулық сақтау ұйымдарын медициналық техникамен жарақтандыру үшін мемлекет тарапынан 13 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлінеді. Осы жобаларды іске асыру нәтижесінде медициналық мекемелерді жабдықтармен жарақтандыру көрсеткіші 90 пайызға жетеді, — деді Т.Сұлтанғазиев.

Өз сөзінде бірінші вице-министр елімізде халықпен кері байланыс орнату үшін денсаулық сақтау саласын цифрландыру бағытындағы жұмыстар қарқыны күшейгенін жеткізді. Оған дәлел — былтыр барлық өңірде eDensaulyq бірыңғай цифрлық платформасы іске қосылып, медициналық ұйымдардың арасында клиникалық деректермен алмасу сервисі өз жұмысын бастады. Сондай-ақ қазір сall-орталық 1414 нөміріне көшіріліп, медициналық ұйымдардың жанынан пациенттерді қолдау қызметтері құрылған.

— Биыл елімізде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы іске асырылуда. Осы жоба аясында еліміздің барлық өңірінде, оның ішінде Ақтөбе облысында халықтың өмір сүру жасын ары қарай ұзарту, медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету бағытындағы шаралар деңгейі артады, — деді бірінші вице-министр.

Кездесуде Тимур Сұлтанғазиев тұрғындар тарапынан әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі, емханалар жанынан ашылған балалар бөлімінің жұмысы, мүмкіндігі шектеулі жандарға жан-жақты қолдау көрсету, ауыл-аймақтарды дәрі-дәрмекпен қамту, т.б. мәселелерге қатысты қойылған сауалдарға жауап берді.

Жиыннан кейін бірінші вице-министр облыс тұрғындарына жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді. Сондай-ақ жергілікті БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.

Жұмыс сапары барысында Тимур Сұлтанғазиев Ақтөбе қаласындағы бірқатар медициналық ұйымдарды, оның ішінде облыстық перинаталды орталықты, балалар ауруханасын, жеке медициналық орталықтарды аралап, дәрігерлермен, емделушілермен тілдесті.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button