Жаңалықтар

Тұтынушы және сапалы өнім

Мәслихат

Сауда және интеграция министрлігі «Сапалы өнім» әлеуметтік жобасын ұсынып отыр. Ол тұтынушылар құқықтарын тиімді қорғауға бағытталған. Облыстық мәслихаттың депутаттары осыған орай сапасыз және арзан импорттан ішкі нарықты қорғау мәселесін ерекше бақылауға алатын қоғам белсенділері тобын құруды ұсынды.

Облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясының кеңейтілген мәжілісінде облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Жұмамұрат Алдашев өзі басқаратын мекеменің 10 айдағы жұмыс қорытындылары бойынша есеп берді. Ол өз сөзінде «Сапалы өнім» жобасына баса назар аударды.

— Біз тұтынушылар мен қоғамдық институттарды сапалы және қауіпсіз өнімге өздерінің құқықтары туралы батыл айтуға шақырамыз. Бұл өркениетті нарықтық қатынастарды қалыптастыру барысында шешуші рөл атқарар еді, — деп атап өтті ол.

Жұмамұрат Алдашевтың айтуынша, жобаны өмірге енгізу үшін заңдылық құралдары мен механизмдері негізі бар.

Мәселен, тұтынушылар құқығын қорғау туралы қолданыстағы Заң қоғамдық бірлестіктерге тауардың тұтынушылық ерекшеліктерін зерттеуге, тауарлардың сапасы мен қауіпсіздігіне сараптама жүргізуге бастамашы болуға, тауар сапасын бағалау мақсатында мемлекеттік органдарға хабарласуға, тұтынушылар мүддесі үшін сотқа шағым беруге, өнім сапасы мен қауіпсіздігін тексеру нәтижелері туралы ақпаратты таратуға мүмкіндік береді.

Облыстық мәслихаттың депутаты Сергей Вишняк атап көрсеткендей, Қазақстанда ішкі нарықты қорғау өте төменгі деңгейде қалып отыр.

– Бұл мәселеге Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауында назар аударылды. Онда қазіргі уақытта көптеген елдерде ішкі нарықты қорғау бойынша белсенді шаралар қолға алынып жатқаны айтылды. Сауда саясатында жаңа, батыл ұстанымдар өмірге келуі тиіс. Отандық өнім өндірушілер мемлекет тарапынан қорғауға алынады. Президент отандық экономиканы сыртқы әлемнен бөліп алуға болмайтынын, бірақ ұлттық бизнес қорғалатыны туралы айтты, — деді ол.

Халық қалаулысы құрамына депутаттар, қоғам белсенділері, еріктілер, санитарлық дәрігерлер енетін топ құруды ұсынды. Олар азық-түлік тауарлары бағасына мониторинг жүргізіп қана қоймай, дүкендер мен супермаркеттер сөресіне түсетін тауарлар сапасын да қадағалар еді.

Атап өтерлік жайт, «Сапалы өнім» жобасын жүзеге асыру барысында қоғам белсенділері тауарларды өткізу орындарында болғанда фото, аудио, бейне құралдарын пайдалана алады.

– Кейде импорттық өнімдер демпингтік баға бойынша әкелінеді де, оның сапасы айтарлықтай күмән тудырады. Жұртшылық тұжырымы қоғамдық белсенділерге бұл мәселені бақылауда ұстауға толық құқық береді. Облыстық мәслихат та бұл тұрғыда өз ұстанымын білдіруі тиіс, — деді Сергей Вишняк.

Оның ұсынысы депутаттар тарапынан қолдау тапты.

Марина НҰРАЛОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button