Жаңалықтар

Кімдер маманды үйге шақыра алады?

Азаматтарға арналған үкімет

Электронды цифрлық қолтаңба, жеке куәлік пен төлқұжат және жүргізуші куәлігін алу, жылжымайтын мүлікке меншік құқығын тіркеу және автомобильдерді қайта тіркеу — мемлекеттік қызметтің ең көп сұранысқа ие түрлері.

Мысалы, биылғы бастапқы 9 айдың ішінде облыста 103, 7 мыңнан астам адам — электронды цифрлық қолтаңба, 93 мыңнан астам адам жеке куәлік пен төлқұжат алыпты.

Бұл жөнінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының біздің облыстағы филиалының 9 ай ішіндегі жұмысын қорытындылауға арналған жиында айтылды. Жиынға осы филиал директорының орынбасары Самал Нұғманова мен филиалға қарасты мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Аслан Оразов қатысып, баяндама жасады және журналистер сауалдарына жауап берді.

Жалпы, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-ның біздің облыстағы филиалында 779 адам халыққа қызмет көрсетеді, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі  40 азамат бар. 2023 жылдың бастапқы 9 айы ішінде азаматтарға 607 860 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Сонымен қатар ХҚК бөлімдерінің өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары арқылы 469 912 қызмет алынып, 454 434 кеңес беріліпті.

ЭЦҚ мен жеке құжаттар алу бойынша деректер жоғарыда келтірілді, одан бөлек 58, 1 мың адам — жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу қызметін, 17,5 мыңға жуық адам жер учаскесіне актілерді рәсімдеу қызметін алған. Автоматтандырылған автодромда жүргізуші куәлігін алу үшін 1808 үміткер емтихан тапсырыпты.

Баршаңызға белгілі, цифрландыру саясатының нәтижесінде, қазір халыққа қызмет көрсету орталығына бармай, үйде отырып-ақ, мемлекеттік қызмет алуға болады. Ол үшін арнайы қосымшалар қызметін пайдалана білу керек, — деді Самал Нұғманова.

Бұл — egov.kz mobile мобильді қосымшасы, Телеграм желісіндегі EgovKzBot,  EgovKzBot2.0 және екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары. Наркологиялық, психоневрологиялық және туберкулез диспансерлерінің анықтамаларын да мобильді қосымшалар арқылы алуға болады.

Тұрғындарға ыңғайлы болу үшін мемлекеттік корпорация өз қызметін де ұсынады. Мәселен, ХҚКО-ларда жылжымайтын мүлікке келісімшарт жасау қызметін 8,5 мың теңгеге жасатуға болады. Бұл нотариустың көмегінсіз жүзеге асырылады. Сондай-ақ жеткізу қызметі 2022 жылдың қаңтар айынан бастап іске қосылған.

Ал мүмкіндігі шектеулі жандар 1414 нөмірі арқылы мамандарды үйге шақыра алады. Бұл — І және ІІ топтағы ерекше күтімді қажет ететін азаматтар мен ҰОС ардагерлеріне көрсетілетін қызмет. Мамандар тапсырыс түскен сәттен бастап, 48 сағат уақыттың ішінде барып болады. Жыл басынан бері филиал қызметкерлері осындай 1 327 өтінішті орындапты.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» әлеуметтік сала бойынша  мемлекеттік қызметтердің 15 түрін көрсетеді. Биылғы бастапқы 9 ай ішінде осы бағытта 73 мыңнан астам қызмет көрсетілген. Оның ішінде жасына байланысты зейнетақы, көпбалалы отбасына берілетін жәрдемақы, сәбилі болуына байланысты әлеуметтік жәрдемақы алу қызметтеріне сұраныс жоғары.

Сондай-ақ АХАТ бөлімі де 1 шілдеден бастап осы мемлекеттік корпорацияның құрамына өтті. Содан бері бұл бөлім арқылы 15, 6 мыңға жуық мемлекеттік қызмет көрсетілген. Оның ішінде 4 194 неке тіркелумен қатар, 665 некені бұзу жағдайы да тіркеліпті.

Ал мамандандырылған ХҚКО арқылы 9 ай ішінде 212,3 мыңнан астам қызмет көрсетілген. Осы уақытта ақтөбеліктер өз көлігіне VIP нөмірлер алу үшін 203,5 миллион теңге қаржы жұмсапты. Ондай нөмір иелері көлігін сатқан күнде де нөмірді өз атына сақтап қала алады. Көлікті қайта тіркеу қызметі де мобильді қосымшалар, соның ішінде екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы жүзеге асырылады. Сондай-ақ жүргізуші куәлігін ауыстыру керек болған жағдайда да азаматтар осы қосымшалардың қызметіне жүгіне алады.

А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button