Ерекше жобаларға грант беріледі

«Тәуелсіздік ұрпақтары»
Мемлекет басшысының бастамасымен ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында қолға алынған ұлттық жоба — «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты 2021 жылдан бері жыл сайын талантты жастарға табысталып келеді. Аталған грант біздің өңірде былтырдан бастап беріледі. Өткен жылы 102 құжат қабылданып, 30 жеңімпаз анықталды. Оларға 300 мың теңге көлемінде грант тағайындалды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтылды.
Ақтөбе облысының жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Иса-Бек Дүйсенбаевтың айтуынша, мұндай грант берудің мақсаты — ойы ұшқыр, білімдіжастардың бастамаларын мемлекет тарапынан қолдау.
— Қазір гранттар байқауына құжат қабылданып жатыр. Жобалар «Білім және ғылым», «Мәдениет және өнер», «Бизнес және кәсіп», «Медиа», «Ақпараттық технологиялар» және «Волонтерлік» бағыттары бойынша қабылданады. Биыл 30 грант иегері анықталып, оларға 300 мың теңгеден беру жоспарланған. Ерекше жобалар байқауына 14 жастан бастап 35жасқа дейінгіжастар үміткер бола алады. Үміткерлер өтінім мен жоба сипаттамасын, жеке куәлігінің көшірмесін, тұрғылықты жері бойынша тіркелгенін растайтын құжаттың көшірмесін тапсыруы тиіс, — дейді Иса-Бек Дүйсенбаев.
Үміткерлерөтінімдерін қазан айының 30-ынан қараша айының 20-сына дейін электронды жастар ресурстық орталығынатапсыра алады.
Брифингте «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының 2022 жылғы жеңімпазы Әсел Базарбай пікірімен бөлісіп, замандастарын белсенді болуға шақырды.
— «Жас сақшы» жастар жасағының волонтері болғандықтан, волонтерлік бағытта жоба жазған болатынмын. Жобамның мақсаты — рейд барысында, түнгі рейдте полиция қызметкерлеріне көмектесу, құқықұбұзушылықтың алдын алу. Себебі қоғамдағы басты проблемалардың бірі — жасөспірімдер мен жастар арасындағы қылмыс. Жобам үздік шығып, грант иегері атандым. Зияткер, шығармашыл жастарды қолдауға бағытталған жобалар көп. Мемлекет тарапынан қолдау да бар. Осындай берілген мүмкіндікті жіберіп алмау үшін белсенді болайық, замандастар! — дейді Әсел Базарбай.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.



