Денсаулық

Ауру қайдан демеңіз…

Қант диабеті

Бүгінде әлем бойынша қант диабетімен ауыратындардың саны көбейіп кеткен. Қазір қант диабетіне шалдыққан науқастардың саны жүрек-қантамырлары, қатерлі дерттен зардап шеккен науқастардан кейінгі үшінші орындатұр. Халықаралық диабет федерациясының (IDF) мәліметтері бойынша әлемде шамамен 537 миллион адам қант диабетінен зардап шегеді. Жалпы, бұл аурудың екі түрі бар. Елімізде бірінші және екінші типтегі қант диабетімен ауыратын науқастар саны — 735 200 адам. Біздің облыста қант диабетіне шалдыққан 19 506 адам  тіркеуде тұр. Оның 617-сі аурудың бірінші түрімен ауыратындар болса, қалғаны — аурудың екінші түріне шалдыққандар.

Жыл сайын 14 қарашада әлемде Дүниежүзілік қант диабетімен күрес күні атап өтіледі. Дәл осы күні Нобель сыйлығының лауреаты, инсулиннің негізгі әзірлеушілерінің бірі Фредерик Бантинг дүниеге келген.

Біз Ақтөбе қаласының штаттан тыс бас эндокринологі, №1 қалалық емханасының эндокринологі Жанат Алданмен қант диабетінің алдын алу, аурумен күрес туралы сөйлескен едік.

Қант диабетімен ауыратын науқастар саны жыл өткен сайын артып бара жатыр. Сол себепті соңғы кезде көптеген елдер диабеттің алдын алуға барынша күш салып жатыр. Мысалы, кейбір елдерде қандағы қант мөлшерін шектен тыс көбейтетін бірқатар тағам түрін сатуға шектеу қойылуда. Ал енді бірінде мұндай тағамдарға төленетін салық көлемі көбейтіліп жатыр, — дейді Жанат Алданқызы.

Оның айтуынша, адамда қант диабетінің белгілері білінісімен-ақ күтім жасалу керек. Диабеттің негізгі белгілері: жиі шөлдеу, кіші дәретке жиі бару, дененің қышынуы, дене салмағының күрт түсуі және семіздік.

Қант диабетінің екі түрі бар. Бірінші түрі дүниеге енді келген нәрестеден бастап 30 жасқа дейінгі жастардың арасында кездеседі. Аурудың бұл түрінде науқас тез жүдеп кетеді, қатты шөлдей береді. Бұл ауру тез меңдейтіндіктен ата-аналар балаларының қант диабетіне шалдыққанын дер уақытында білмей қалуы да мүмкін. Аурудың бұл түрі көп жағдайда тұқымқуалаушылықтан болады, сондай-ақ науқас вирустық ауруларға шалдықса, күйзеліске түссе,аурудың пайда болу қаупі көп. Мысалы, адам тұмауға шалдығып, ауруды асқындырып алып, вирус күшейіп кетсе, қант диабеті қаупі төнеді. Өйткені вирус инсулин шығаратын клеткаларды бітеп тастайды (ұйқы безінде инсулин шығаратын клеткалар болады).  Қант диабетінің бірінші түрінде адам инсулинге тәуелді болып қалады, — дейді эндокринолог.

Қандағы қанттың мөлшері екі түрлі тәсіл арқылы анықталады. Біріншісі, саусақтан қан алу. Қан талдауының бұл түрінде қалыпты жағдай — 3,5-5,5 ммоль/л.   Ал қан көктамырдан алынса, қалыпты жағдай 6,1 ммоль/лге тең.

Еліміз бойынша біздің өңірде де қант диабетінің бірінші түрімен ауыратындар көп. Жақында емханаға бір бала келді. Пән мұғалімі денешынықтыру сабағында оның бір өзін он айналым жүгіртіп қойған. Бұдан бала күйзеліске түскен. Үйге келгеннен кейін де өкпе-реніші, ашуы басылмаған. Сөйтіп, бала бас көтере алмай, жатып қалған. Бар-жоғы бір аптаның ішінде бала біраз салмақ тастап, әлсіреп, шөлдей берген соң дәрігерге келеді. Қант алдауының қорытындысында баланың қант диабетіне шалдыққаны анықталды.

Қант диабетінің екінші түрі әдетте 40 жастан кейінгі адамдардың арасында пайда болады. Аурудың бұл түрі де тұқымқуалаушылықтан, күйзелістен болады. Әсіресе ауру толық адамдардың арасында жиі кездеседі. Сондай-ақ салмағы 4 келіден жоғары салмақтағы баланы босанған әйелдер сақтану керек.Аурудың бұл түрінде инсулин көп бөлінеді. Бірақ оның жұмыс жасау қабілеті болмайды.

Инсулин — қант диабетінен бөлінетін гармон. Бұл гармонның адам өмірінде маңызы зор. Көлікте жағармай болмаса, көлік жүрмейтіні белгілі. Сол секілді адам ағзасында инсулин болмаса, өмір сүруіне қауіпті. Инсулиннің қызметі —қанға түскен тағамды клеткаларға жеткізу. Инсулин жұмыс істемесе, тамақ қанда қалып қояды. Содан кейін науқас әлсіреп, жиі шаршайды, — дейді Жанат Алданқызы.

Дәрігердің айтуынша, қант диабетінің екінші түрі анықталған науқастарға дәрі-дәрмек бірден берілмейді. Олар диета ұстауы қажет екен.

Мұндай науқастар артық салмақтан арылу керек. Қандағы қант мөлшерін көбейтетін тағам, сусындарды мүлде пайдаланбау қажет. Салауатты өмір салтын сақтап, үнемі дене шынықтыру керек. Осылайша қант диабетінің екінші түріне шалдыққан науқастарды диетаның көмегімен емдеуге болады.

Кейбір науқастар диета ұстамайды, соның кесірінен ауру асқынып кетеді. Сол себепті оларға қант түсіретін дәрілерді береміз. Науқастардың арасында диетаны да ұстамайтын, дәріні де ішпейтіндер болады. Сөйтіп, инсулиндер шектен тыс бөліне-бөліне, ақыры ағзадағы инсулин шығаратын клеткалар өліп қалады. Соның салдарынан науқастар инсулинмен егілуге мәжбүр болады, яғни инсулинге тәуелді болады.

Қант диабетінің екінші түрімен балалар да ауырады. Өйткені қазір фаст-фуд өнімдері көбейіп кетті. Ал бұл тағам түрлері балаларды тез семіртеді. Соның салдарынан ұйқы безіне күш түседі. Адам тәулігіне 50 грамм қант пайдалану керек. Ал 1 стакан коланың құрамында 24 шақпақ қант бар. 

Қант диабетіне шалдыққан науқастар күтінсе, ауруды жеңе алады, ұзақ өмір сүру де күтімге байланысты. Науқастар дәрігердің кеңесін мұқият орындау керек.

«Диета сақтау керек» десе, науқастар тамақтануға мүлде тыйым салынғандай үрейленеді. Бұл — қате түсінік. Бұрын қуырылған ет жесеңіз, енді суға пісірілген ет жейміз, бұрын шайды қант, тосап, кәмпитпен ішсек, енді кептірілген өрікпен  ішетін боламыз. Қандағы қант көлемін көбейтетін банан, қауын, жүзім, алмұрт секілді жемістерді жемейміз. Біз дұрыс тамақтануды қалыптастырып, оны әдетке айналдыратын болсақ, қалыпты жағдайда өмір сүреміз.

10 жасында қант диабетіне шалдыққан пациентім бар. Ол науқас қазір 60 жаста. Денсаулығы жақсы. Ол 50 жылдан бері тәулігіне 5 рет инсулин алып келеді. Қан құрамындағы қант мөлшері — 4-6 миллимоль/литр. Асқыну мүлде болған жоқ. Мұның бәрі — дәрігердің кеңесін мұқият орындап, өзін күтудің нәтижесі. Сол себепті денсаулығымызға салғырт қарамай, дәрігердің кеңесін қалт жібермегеніміз дұрыс, — дейді Жанат Алдан.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button