Арнайы әлеуметтік төлемдер кімге және қандай шартпен беріледі?

Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы
Бұл сұраққа Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыповажауап берді
Облысқа жасаған жұмыс сапары аясында министр Светлана Жақыпова Хромтау ауданына барып, өндірістік кәсіпорындардың қызметкерлерімен кездесті. Жоғары тау-кен техникалық колледжінде өткен шараға облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова, Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті төрағасының орынбасары Мұрат Мұратбеков,Дөң тау-кен байыту комбинаты, «Восход Oriel» ЖШС мен «Ақтөбе Мыс компаниясы» ЖШС-ның 200-ге жуық қызметкері қатысты.
Министр алдымен бұл кездесу Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларын іске асыру бойынша жүргізілген жұмыстарды түсіндіру үшін өткізіліп жатқанын атап өтті.
Сондай-ақ ол өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету мақсатында 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасының жобасы әзірленгенін мәлімдеді.
— Атап айтқанда, жұмыс орнында кәсіптік тәуекелдерді бағалаудың жаңа моделі енгізіліп, кәсіптік тәуекел дәрежесі бойынша сақтандыру тарифі сараланады. Кәсіпорындардың цифрлық картасы құрылады және еңбекті қорғау саласында мемлекеттік бақылау мен мониторингтің проактивті форматы енгізіледі, — деген министр заңнамаға енгізілген бұл түзетулерді Мәжіліс қарап жатқанын айтты.
— Енді елімізде зиянды еңбек жағдайында ұзақ уақыт жұмыс істеген азаматтарға зейнеткерлік жасқа толғанға дейін арнайы әлеуметтік төлем төленеді. Арнайы әлеуметтік төлемдер 55 жасқа толған және 7 жыл бойы міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бар, зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін жұмыскерлерге тағайындалады деген шешім қабылданды.
Төлемдер төрт көзден қарастырылған. Нақтырақ айтсақ, біріншісі, республикалық бюджеттен 1,5 шамасында ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде бекітілді. Екіншісі, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары мен жинақталған зейнетақы жинақтарын ескере отырып, міндетті зейнетақы жарналары есебінен төленеді. Бұл — Үкімет қаулысымен бекітілген тәртіп. Үшінші төлем сақтандыру компаниялары арқылы жүргізіледі. Яғни бұл жерде ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшері қарастырылған. Сол сияқты, жұмыс берушілердің қаражаты есебінен де төленетін төлемдер бар, — деді Светлана Жақыпова.
Заңнамалық түзетулерде жұмыскерді еңбек міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүйесін жетілдіру де көзделген.

Кездесу барысында жұмысшылар министрге сұрақ қойып, жауап алды.
Бұдан соң Светлана Жақыпова хромтаулықтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады.
Облысқа жасаған жұмыс сапары кезінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған 150 орындық оңалту орталығының құрылысы барысымен танысып, Ақтөбе қаласындағы №1 әлеуметтік қызмет көрсету орталығына барды.
Ақерке САТЫБАЛДЫ.



