«Ақтөбе» — досымдай болған газет

Біздің оқырман
Орынай ІДІРІСОВА,
Ақтөбе қаласындағы №31 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:
— «Ақтөбе» — мен үшін досымдай болған газет. Газетке жыл сайын жазыламын, отбасыммен оқимыз. Бұл басылымға өте құрметпен қараймын. Әлі есімде, газет «Коммунизм жолы» атауымен шыққан уақытта ата-анам әрбір санын асыға күтіп оқитын. Бар жаңалықты осы газеттен біліп отыратын. Яғни, бұл газет бірнеше жылдан бері менің отбасым үшін жаңалық жаршысындай болып келе жатыр.
Облыс баспасөзінің киелі қара шаңырағы «Ақтөбені» оқу керектігін оқушыларыма үнемі айтып отырамын. Осыдан 5-6 жыл бұрын Алматы қаласында оқушылар арасында болашақ журналистерді қолдауға арналған республикалық іс-шара өтті. Сол шараға бір топ оқушымды алып бардым. Біз сол сапарға құр қол бармадық, оқушыларым «Кедейден» «Ақтөбеге» дейінгі басылымды таныстырып, газет тарихына, оның тақырыптық мазмұнына қатысты жұмыстарын қорғады. Шара газет, телевизия жарияланымдары арқылы балалардың журналистика саласына деген көзқарасын қалыптастыруға бағытталды.
«Ақтөбе» газеті туған жерімізді жақсы көруді үйретеді, қадірін ұғындыра түседі. Ең бастысы, оқырманның өз өлкесіне деген жақсы ойларын қалыптастыруда газет қызметкерлерінің еңбегі зор. «Ақтөбе» газеті тек газет емес, ол— тіл, дін, атамекен, тарих, дәстүрді дәріптейтін тәрбие құралы.



