Экология және көгалдандыру

Қоғамдық кеңес
Өңірдегі экологиялық ахуалдың тұрғындар денсаулығына әсері, ағаштардың талапқа сай егілуі, қоғамдық ұйымдардың жұмысы. Осы мәселелер сейсенбі күні облыстық әкімдік ғимаратында өткен қоғамдық кеңеске қарасты әлеуметтік-мәдени даму, білім және денсаулық сақтау комиссиясының отырысында көтерілді.
Ақтөбеоблысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары Талап Ұснадиннің айтуынша,қаладағы ластанудың негізгі көздері — металлургия, химия және коммуналдық кәсіпорындар. Сондай-ақ 40 жылдан астам бұрын салынған кәріз тазарту жүйесі де жағымсыз иістің тарауына себеп болып отыр.
— Облыста қоқыс мәселесі де өзекті. Қатты-тұрмыстық қалдықтарды орналастыру бойынша 11 полигон бар, оның 5-еуі — коммуналдық. Жергілікті атқарушы билік аталған коммуналдық қалдықтарға арналған 5 полигонның қызметін жүргізуді заңды тұлғаларға сенімгерлік басқаруға берген.
Биылдыққа қатты-тұрмыстық қалдықтар полигонының өртенуі бойынша 14 өрт оқиғасы тіркелді.
Облыс аумағында иесіз қалған өндірістік қалдықтар полигондары аз емес, соның ішінде Темір және Мұғалжар аудандарында бұны шешу үшін тиісті шаралар қолға алынды, — деді ол.
Ал облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Райхан ҚойшановаСанитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы Ақтөбе филиалымен бірлесе атмосфералық ауаның ластану деңгейінің зерттелгенін айтты. Соның нәтижесінде экологияның адам денсаулығына белгілі бір деңгейде кері әсер етіп жатқаны анықталған. Бірақ нақты көрсеткіштер айтылмады.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Сәбит Дүйсекеновбиылға 7142,2 гектар алқапқа 13393 түп ағаш егу жоспарланғанын баян етті. Бұған дейін көктемгі көгалдандыру маусымында 2770 гектар жерге 5086 орман ағашыегіліпті.
— Бірнеше жыл бойы Ақтөбе облысының 19 елді мекенінде құм басу қаупі бар. Байғанин ауданында — 6, Ырғыз ауданында — 5, Темір ауданында — 3, Шалқар ауданында 5 елді мекеннің аумағында шөлейттендіру процесі жүріп жатыр.
Биыл Баршақұм, Жарқамыс елді мекендері үшін жобаларды іске асыруға жергілікті бюджеттен 165 миллион теңге бөлінді. Сонымен қатар Темір және Шалқар аудандарының 8 елді мекенінде жұмыс жобасын әзірлеу қажет. Бұған 24 миллион теңге қаражат керек, — деді басқарма басшысы.
Отырыс барысында өңірде 868 үкіметтік емес ұйымның тіркелгені айтылды. Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ләззат Оразбаеваның айтуынша, азаматтық сектордың дамуында бірқатар проблемалар бар. Оның бірі — жергілікті үкіметтік емес ұйымдардың басыбайлы ғимараты жоқтығы.
Осы және өзге мәселелер көтерілген жиында кеңес мүшелері өз ой-пікірін ортаға салды.
Айбек СЕРІКҰЛЫ.



