Халық сайлаған әкімдер қызметіне кірісті

Өткен жексенбіде Қобда, Ойыл, Ырғыз аудандарында сайлау өтті. Аудан әкімдерінің сайлауының қорытындысын сейсенбі күнгі газетімізде жариялаған болатынбыз. Облыс әкімі Асхат Шахаров осы үш ауданға барып, халық сайлаған әкімдерге нақты міндеттер жүктеді.
Ойылдағы жиын
Облыс әкімінің қатысуымен Ойылда аудан активінің отырысы өтті.
— Елімізде 5 қарашадаМемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен пилоттық жоба ретінде аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің сайлауы өтті. Президент халықтың ұсыныс-тілектерін тыңдау қажеттігін үнемі атап өтеді. Облыстық маңызы бар қалалар мен аудандар әкімдерін сайлау — елдегі саяси реформалардың жалғасы. Ойыл ауданының тұрғындары дауыс беруге белсенді қатысып, өз таңдауын жасады. Аумақтық сайлау комиссиясының шешімі негізінде Асқар Қазыбаев аудан әкімі болып сайланды. Оған қызметінде сәттілік тілейміз,— деді Асхат Шахаров.
Облыс әкімінің айтуынша, Ойыл ауданында Президент тапсырмалары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді, соның нәтижесінде ауданның экономикасы тұрақты дамып келе жатыр. Аудан басшылығы әлеуметтік-экономикалық дамудың жоспарланған көрсеткіштеріне одан әрі қол жеткізу және өсу үшін шаралар қабылдауы қажет.
— Ауданда шешуді қажет ететін проблемалық мәселелер бар. Аудандық маңызы бар жолдардың сапасын арттыру, елдімекендерді газдандыру, баспана кезегінде тұрғандарды тұрғынүймен қамтамасыз ету, тозығы жеткен әлеуметтік нысандар мәселесін шешу бағыттары бойынша жұмыс істеу қажет,—деді Асхат Шахаров.
Облыс басшысы өзекті мәселелердің нақты мысалдарына тоқталды. Мәселен, көгілдір отын тартылған Қаратал ауылында мектеп ғимараты әлі де газға қосылмапты. Ал Амангелді ауылында 100-ге жуық бала балабақша кезегінде тұр. Бүгінде олардың тек 22-сі мектеп жанындағы шағын орталықта оқиды, қалған 78 бала жаңа балабақшаның салынуын күтуде.
Аудан үшін халықтың ауылдан көшуі, пайдалы қазбалар кен орындарын игеру үшін инвесторларды тарту, жол бойындағы сервисті дамыту, жаңа тұрақты жұмыс орындарын құру мәселелері өзекті.
— Сонымен қатар абаттандыру, елдімекендердің санитарлық жағдайы мәселелерін үнемі назарда ұстау қажет. Аудан әкімі осы мәселелерді сапалы шешу жөнінде нақты шаралар қабылдап, тапсырмаларды қатаң бақылауда ұстап, олардың орындалуын қамтамасыз етуге тиіс. Басты міндет—халықтың әл-ауқатын арттыру, жұмыс орындарымен қамтамасыз ету,—деп сөзін қорытындылады Асхат Шахаров.
Отырыс барысында сөз алған Асқар Қазыбаев бар қажыр-қайратын, білімін аймақтың экономикалық-әлеуметтік дамуына арнайтынын жеткізді.
Қобдадағы кеңес
Қобда ауданында да дәл осындай жиын өтті. Облысәкімі 5 қарашада өткен сайлау қорытындысы бойынша Қобда ауданы әкімі болып сайланған Ізгілік Тынымгереевтің алдына ауданның одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша бірқатар нақты міндеттер қойды.
— Аудан басшылығы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің толық орындалуын және өсімін қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қабылдауы қажет. Осы жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімін өндіруде, бөлшек және көтерме саудада төмендеу байқалады. Жоспарланған көрсеткіштерге жыл соңына дейін қол жеткізу қажет. Шағын және орта бизнес — экономиканың негізі. Жұмыс істеп тұрған бизнес субъектілерінің санын ұлғайтуға, азаматтарды жұмыспен қамтуға және олардың табысын арттыруға бағытталған нақты шараларды жүзеге асыруды тапсырамын, — деді Асхат Шахаров аудан активімен кездесу барысында.
Облыс басшысы «Ауыл аманаты» жобасының мүмкіндіктерін пайдалана отырып, жеке шаруашылықтарды дамыту, мал басын, суармалы жерлердің жалпы ауданын ұлғайту арқылы халықтың табысын арттыру жөніндегі жұмысты жандандыру қажеттігін тілге тиек етті. Ауданды орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз ету, нормативтік жағдайдағы аудандық маңызы бар жолдардың үлесін ұлғайтуға басымдық берілуге тиіс.
— Елді мекендеріндегі медициналық мекемелер ғимараттарының тозуы, мамандардың тапшылығы — өзекті мәселелер. Осыған байланысты «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының мүмкіндіктерін пайдалана отырып, емдеу мекемелерін жаңартып, халыққа қызмет көрсету сапасын арттыру қажет. Білімді ұрпақ — болашақтың кепілі. Білімге жұмсалған қаражат пен еңбек бірнеше еселеп қайтарылады. 2024 жылы Терісаққан ауылында 60 орындық орта мектеп ғимаратының құрылысын аяқтауды тапсырамын. Ауданда жаңа жұмыс орындарын ашу қажет,— деді Асхат Шахаров.
Облыс әкімі Қобда ауданы тарихи ескерткіштерге бай екенін алға тартты. Ауданның туристік ресурстарына танымдық, экологиялық, сауықтыру-спорттық бағыттар кіреді. Бұл орасан зор әлеуетті тиімді пайдалану және туристік саланы оңтайлы дамыту қажет.
Басқосу барысында сөйлеген сөзінде Ізгілік Тынымгереев Қобда ауданы тұрғындарының сенімін ақтау үшін өзінің бар тәжірибесін, білімі мен күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді.
Ырғыздағы басқосу
Облыс әкімі Асхат Шахаров Ырғыз ауданы әкімінің сайлау қорытындысы бойынша сайланған Нұрлан Қызбергеновпен аудан активінің кездесуіне қатысты.
Дауыс беру қорытындысына сәйкес Ырғыз ауданының әкімі болып Нұрлан Қызбергенов сайланды. Оған алдағы қызметіне сәттілік тілейміз,— деді Асхат Шахаров.
Нұрлан Қызбергеновтің алдына ауданның одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуы, ауылдық елді мекендерді газдандыру, нормативтік жағдайда аудандық маңызы бар автожолдардың үлесін ұлғайту бойынша міндеттер қойылды.
— Проблемалық мәселелердің бірі – Ырғыз, Аманкөл және Құтикөл ауылдарында жаз мезгілінде ауызсу тапшылығы. Аудан әкімі осы мәселені шешу жөнінде шаралар қабылдауы қажет. Бұдан басқа Жаныс би және Шеңбертал ауылдарында су құбыры желілерінің құрылысын толық және сапалы аяқтауды қамтамасыз ету қажет. Бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылысы тоқтап тұр, оның ішінде денешынықтыру-сауықтыру кешені, тұрғын үйлер, автожолдар бар. Бұл нысандарды пайдалануға беруді қамтамасыз етуге басымдық берілуге тиіс,— деді Асхат Шахаров.
Ол сондай-ақ осы қыста халықтың қажеттіліктеріне орай көмір қорларын құру жөніндегі жұмыстарды жеделдету қажеттігін алға тартты. Бүгінгі таңда ауданға 350 тонна немесе жалпы қажеттіліктің 25 пайызы жеткізілген.
Жаңа мектептер салу және жұмыс істеп тұрған ғимараттарды күрделі жөндеу, Қарасай, Мамыр және Дүкен ауылдарын ұялы байланыспен қамтамасыз ету, ауылдық елді мекендерді абаттандыру, кезекте тұрғандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету және жастарды жұмыспен қамту, медицина мамандарының тапшылығы мәселесін шешу және т.б. басым бағыттардың қатарына жатады.
— Сонымен қатар санитарлық тазалық пен абаттандыру мәселелері үнемі назарда болуы керек. Аудан әкіміне барлық тапсырмаларды қатаң бақылауда ұстауды және олардың орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Басты міндет – халықтың әл-ауқатын арттыру, жұмыс орындарымен қамтамасыз ету,— деді облыс әкімі Асхат Шахаров.
Басқосу барысында сөз сөйлеген Нұрлан Қызбергенов Ырғыз ауданы тұрғындарының сенімін ақтау үшін өзінің барлық тәжірибесін, білімі мен күш-жігерін жұмсайтынына сенім білдірді.

Жолдың жайы…
Ойыл ауданына сапар барысында облыс әкімі Ойыл – Қаратал күре жолының құрылысын көрді. Автожол биылғы желтоқсанда халық игілігіне беріледі деп жоспарланып отыр. «АссанаДорСтрой» компаниясы қазір асфальт төсеуді жалғастыруда. Су өткізгіштер, жол белгілері, қоршаулар, бағаналар орнатылған. Мердігерлер ұзындығы 20,3 шақырым болатын автожолды мерзімінде аяқтаймыз деп уәде берді.
— Жолдың сапалы салынуын бақылауда ұстаңыздар. Жалпы, Ойыл ауданында бірнеше жолды жөндеу керек. Әсіресе құрылысы тоқтап тұрған Ойыл-Қараой аудандық маңызы бар жолды аяқтау қажет. Қаржы бөлінді, бірақ мердігер компаниялар жауапсыздық танытқан. Басқа компания тауып, жұмысты жандандыру шарт. Ауылдарға кіреберіс жолдармен қоса, ең бастысы, Ойыл мен Қобда арасын жалғайтын тасжолды келесі жылы жөндеуге кірісу керек,— деп Асхат Шахаров жауапты мемлекеттік орган басшыларына тапсырма берді.
Сондай-ақ өңір басшысы Қобда-Жиренқопа автокөлік жолының 268 шақырымындағы су өткізгіш құбырын қайта қалпына келтіру жұмыстарымен танысты.
Көктемде жолдың астына салынған құбырлар су тасқынына төтеп бере алмай, тасжолды су шайып кеткен еді. Бүгінде «Глобал» ЖШС оларды қайта ауыстырып, диаметрі екі есе үлкен құбыр орнатуда. Бұл малдың күре жолдан кедергісіз өтуіне мүмкіндік береді. Жұмыстың жартысынан астамы бітіп тұр. Тапсырыс беруші қараша айының соңында мердігерден қабылдайды. Көпірқұрылысы облыс әкімінің бақылауында.
Айтып өту керек, Қобда ауданында көктемгі су тасқынына байланысты жарияланған төтенше жағдай режимі әлі де сақтаулы.
А.МӘЛІКҚЫЗЫ.



