Марапат және 100 жолдама

Жасыл ел
Сәрсенбі күні Студенттер сарайында «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының ХІХ еңбек маусымының жабылу салтанаты өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова, облыс әкімінің кеңесшісі Сәния Қалдығұлова, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева, сондай-ақ белсенді жастар мен студенттер қатысты.
Салтанатты шарада сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова 20 жылға жуық уақыт аралығында өңірімізде 65 мыңға жуық жас еліміздің, облыстың көркеюіне, тазалығына, абаттандырылуына үлкен үлес қосқанын, бүгінде ақтөбелік жастар өңірдің әлеуметтік дамуына да атсалысып жүргенін атап өтті.
— 2005 жылы елімізде, оның ішінде Ақтөбе қаласында «Жасыл ел» еңбек жасағы өз жұмысын бастады. Міне, биыл ХІХ маусымды қорытындылап отырмыз. Сондықтан баршаңызды «Жасыл ел» жасағының кезекті маусымының сәтті аяқталуымен облыс әкімінің атынан шын жүректен құттықтаймын.
Сіздер, жас буын өкілдері, облыста өтетін тазалық сенбіліктеріне, қайырымдылық және мәдени-көпшілік шараларға белсенді түрде қатысып, волонтерлік қызметті дамытуда зор еңбек етіп келе жатырсыздар. Бүгін осы еңбектеріңіз еленіп, араларыңызда үздік деп танылған 100 сарбаз Астана қаласына үш күндік іссапарға жолдама алып отыр. Ендеше, баршаңызға ақ жол және сәттілік тілеймін, — деген Бұлбұл Елеусінова биыл еңбек жасағында еңбек етіп, көзге түскен 100 сарбазға облыс әкімінің атынан Алғыс хат және Астана қаласына үш күндік жолдама табыс етті.

Сондай-ақ шарада белсенді жастар мен сарбаздарға қолдау көрсеткен мекемелерге «Үздік аудан», «Үздік жұмыс беруші,» «Үздік командир», «Үздік жоғары оқу орны», «Үздік арнаулы оқу орны», «Үздік сарбаз» номинациялары табысталып, жеңімпаздарға естелік сыйлықтар мен сертификаттар берілді. Шара соңы өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен аяқталды.
Жиында марапатталған жастардың бірі — «Болашақ» көпсалалы колледжінің 4-курс оқушысы Замира Сатмағанбетова. Ол үш жылдан бері «Жасыл ел» жасағында еңбек етіп келеді. Қарамағында 120 сарбазы бар отряд командирі биыл Астана қаласына үш күндік іссапарға жолдама алыпты.
- Менің отрядымда 120 жас бар. Биыл біз Мағаджан тәлімбағында ағаш егіп, шөп жұлып, жасыл желекті күтіп-баптауға атсалыстық. Үш ай демалысымызда табыс тауып, жаңа оқу жылына қажетті құрал-жабдықтарымызды алдық. Өзім осы жасақта еңбек еткеніме қуанамын. Себебі біз табиғатты, қоршаған ортаны қорғаймыз, қаланың гүлденуіне, көгалдандыруға атсалысамыз. Жастарға айтарым, «Жасыл ел» жасағында еңбек етіп, өңіріміздің дамуына өз үлестеріңізді қосыңыздар, табыс тауып, жаңа жетістіктерге жетуге талпыныңыздар, — дейді Замира.
«Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары мен «Атамекен» студенттер отрядтары қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұржан Шаңғытбаевтың айтуынша, биыл «Жасыл ел» жасағында 2050 жас жұмыспен қамтылған. Олар Ақтөбе қаласында және аудандарда еңбек еткен.
- Биыл «Жасыл ел» жасағында еңбек еткен сарбаздардың саны да, жалақысы да өсті. Соның нәтижесінде бүгін 100 сарбазымыз марапатқа ие болып, елордаға жолдама алып отыр. Былтыр маусымды қорытындылау шарасында 30 сарбаз Астанаға жолдама алған болатын. Жылдан-жылға «Жасыл ел» жасағының жастарына ерекше көңіл бөлініп келеді. Біз бұған қуанамыз. Жастар — еліміздің болашағы. Сол себепті оларға жан-жақты қолдау көрсету өте маңызды, — дейді Н.Шаңғытбаев.
Данагүл ҚАЗИХАН.



