Тұтынушы құқығын қорғаудың тиімділігі артады

Сапалы өнім
Сауда және интеграция министрлігі «Сапалы өнім» әлеуметтік жобасын ұсынып отыр. Бұл — тұтынушылардың құқығын қорғаудың тиімділігін арттыруға бағытталған тұжырымдама.
Ақтөбе облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Жұмамұрат Алдашев қоғамдық тұжырымдама турасында толығырақ жауап берді.
— «Сапалы өнім» жобасы қандай мақсатта іске қосылып отыр
— Бұл — өркениетті нарықтық қатынастарды құруда шешуші, жаңа бетбұрыс кезеңіне жол ашуды көздейтін жоба. Бүгінгі таңдаСауда және интеграция министрлігі жанында саудадағы техникалық кедергілер, сондай-ақ қауіпсіз өнімді әкелу және айналым мәселелері жөніндегі ахуалдық штаб жұмыс істейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы халыққа арнаған Жолдауында қолданыстағы мемлекеттік бақылау құралдарын қолдана отырып, ішкі нарықты арзан және сапасыз импорттан қорғау қажеттігін айтқан еді. Бұл — Президент жүктеген тапсырманы орындау мақсатында іске асырылып жатқан бастама.
— Штаб құрамына кімдер кіреді?
— Оның құрамына бейінді, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы министрліктерінің, техникалық реттеу және метрология, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау, ветеринариялық қадағалау және бақылау, агроөнеркәсіптік кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитеттерінің басшылары және стандарттау және метрология институтының өкілдерібар.
— Жұмыс нәтижесі қандай?
— Бүгінде елімізге келетін импорттық өнімнің 68 түрі зерттелді. Оның 19 түрі бойынша тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы нормативтердің бұзылуы анықталған.Атап айтқанда, өнімнің санитарлық-эпидемиологиялық, мәлімделген сипаттамалар мен құрамға, сондай-ақ таңбалау талаптарына сәйкес келмеуі сияқты бұзушылықтар тіркелді. Соның салдарынан министрлік тамақ өнімдерінің сәйкестігі туралы 63 декларацияның және сәйкестікті бағалау туралы 200-ден астам құжаттың күшін жойды.
— «Сапалы өнім» жобасын іске асыру үшін заңнамалық құжаттар дайын ба? — Қолданыстағы «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңқоғамдық бірлестіктерге тауардың тұтынушылық қасиеттерін зерделеуге, сапа мен қауіпсіздікке сараптама жүргізуге бастамашылық жасауға, өнімнің сапасы туралы қоғамдық пікірді анықтау үшін халыққа сауалнама жүргізуге, тауардың сапасын бағалау мақсатында мемлекеттік органдарға жүгінуге, тұтынушылар мүддесі үшін сотқа талап-арыз беруге, сапа және қауіпсіздік зерттеулерінің нәтижелері туралы ақпарат таратуға мүмкіндік береді. Қоғамдық бірлестіктер тауарды өткізу орындарына барған кезде жасалатын барлық іс-әрекеттерін фото, аудио, бейнетіркеуді қолдануға құқылы.
Айта кету керек, осы жылдың9 айында облыстық қоғамдық бірлестіктер тұтынушылардың 894 өтінішін қарады. Нәтижесінде 692 шағым қанағаттандырылды, 188 шағымға қатысты түсініктеме беріліп, құқықтық көмек көрсетті. Сот және сотқа дейінгі рәсім арқылы тұтынушыларға 32,8 миллион теңге қайтарылды.
Жалпы айтқанда, ішкі нарықта азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге азаматтық қоғамның, қоғамдық институттардың, бұқаралық ақпарат құралдарының және тұтынушылардың белсенді ұстанымынсыз қол жеткізу мүмкін емес.
Н.ДӘНЕКЕРОВ.



