Жаңалықтар

Мемлекеттік қолдау: несие, субсидия, грант

Байғанин ауданына облыс әкімінің орынбасары Мавр Абдуллин бастаған бір топ мемлекеттік мекеме өкілдері барып, тұрғындармен кездесті. Олар аудандағы шаруалар мен кәсіпкерлерге орта және шағын бизнес субъектілерін, ауыл шаруашылығы құрылымдарын қолдауға бағытталған іс-шаралар жайын түсіндірді.

Байғанин ауданының шаруаларымен кездесті

Кездесуде алдымен облыс әкімінің орынбасары Мавр Абдуллин сөз сөйлеп, ауданда ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік саласын дамытудың маңыздылығына тоқталып, осы салалардағы қордаланған мәселелер кезең-кезеңмен шешілетінін жеткізді.

  • Біздің келгендегі мақсатымыз — сіздердің ұсыныс-тілектеріңізді тыңдау, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы, басқа да салалардағы қордаланған мәселелерді өздеріңізбен бірлесе отырып шешу. Өздеріңіз білесіздер, облыс басшысы жуырда ғана өзі арнайы ауданға келіп, жаңа әкімді тағайындады. Жаңа әкім сіздермен бірлесіп жақсы жұмыс атқаратынына сеніміміз мол. Сондықтан осы басқосуда ойда жүрген, сіздерді толғандырған мәселелер болса, айтып, соларды бірге шешудің жолын қарастырайық, — деді М.Абдуллин.

Бұдан кейін жиында облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембай баяндама жасап, биыл ауыл-аймақтағы  шаруаларға мемлекет тарапынан қандай қолдау көрсетілетінін айтып берді.

Қазіргі таңда шаруалар үшін ең бастысы — ауыл шаруашылығы саласын дамытуға берілетін несие мен субсидия мәселесі. Алдымен несие беруге келсек, биыл өңірімізде ірі жобаларды жүзеге асыратын шаруашылықтарға 2,5 пайызбен несие беріледі. Бұл мақсатқа бюджеттен 2 миллиард теңге қаржы бөлінді. Бұл қаражат әсіресе сүт тауарлы фермаларды несиелендіруге бөлініп отыр. Келер жылдан бастап бұл бағыттағы несие облыста көкөніс қоймаларын салатын, суармалы егіспен айналысатын, мал өнімдерін қайта өңдеуге ниетті шаруашылықтарға берілетін болады. Сондай-ақ биыл өңірімізде шаруаларды қолдауға «Ауыл аманаты» жобасы аясында жалпы құны 6,5 миллиард теңге қаржы бөлінді. Біз қазіргі таңда бұл қаражатты толық игердік. Енді алдағы уақытта 12 миллиард теңгені игеруіміз қажет. Бұл қаржы, негізінен, облыста мал шаруашылығын дамытуға берілмек. Нақтырақ айтсақ, жоба аясында 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие жеке кәсіпкерлерге 6,7 миллион теңгеге дейін, кооперативтерге 27 миллион теңгеге дейін беріледі, — деді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, биыл Байғанин ауданында «Ауыл аманаты» жобасы аясында жалпы құны 386 миллион теңгеге 94 жобаға құжат тапсырылған. Оның ішінде жалпы құны 261,5 миллион теңгеге 66 жобаға несие берілген. Қазіргі таңда аудандағы кәсіпкерлер мен қожалық басшылары алған несиелерінің арқасында өз кәсіптерін дамытып отыр.

— Сондай-ақ биыл мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығын субсидиялауға 12,5 миллиард теңге қаржы бөлінді. Бүгінге дейін егін егумен айналысатын шаруаларға субсидия берілді. Ал мал шаруашылығы бойынша мұндай қолдау қараша-желтоқсан айларында беріледі. Бұдан бөлек, облыстық бюджеттен мал азығы үшін 2 миллиард 927 миллион теңге қаражат қарастырылды. Өкінішке қарай, бұл қаражат біз нақтылаған қаржының 33 пайызы ғана. Сондықтан біз бұрын берілген нормативті қысқартып, биыл ірі қара басына — 10 мың, жылқыға — 7 мың, түйеге — 7 мың, қой басына 1700 теңгеден субсидия төлейтін боламыз. Қазір бұл бағыттағы жұмыстар бойынша қаулы дайындалып жатыр. Нақты шаралар осы қаулы қабылданған соң жүргізіледі. Жалпы, субсидияның барлығы жыл аяғына дейін төленеді, — деді Қ.Сәрсембай.

Одан әрі басқосуда облыстық кәсіпкерлік басқармасы кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің басшысы Айбек Айтжанов ауыл кәсіпкерлеріне берілетін несиелер мен гранттардың шарттары туралы әңгімелеп, ауданда кәсіп ашуға ниетті азаматтарға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Сондай-ақ кездесуде облыстық жер ресурстарын басқару департаменті, ветеринария, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлік палатасы, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыстық филиалы, т.б. мекемелердің өкілдері баяндама жасады.

Жиында Мавр Абдуллин ауыл тұрғындарын толғандыратын мәселелерге ерекше көңіл бөлді. Атап айтсақ, қазіргі таңда Байғанин ауданында қысқы мал азығын дайындау өзекті мәселе болып отыр. Өйткені биыл шөптің шығымы аз, жер құнарсыз. Соның салдарынан қожалықтар өзге аудандардан шөп тасуға мәжбүр. Тағы бір мәселе — ауданда бірнеше шаруашылықтың малынан бруцеллез жұқпасы табылған. Қазір мұндағы шаруалар малына ауру жұға ма деп алаңдайды. Себебі аудандағы ветеринар мамандар өз жұмысын жауапкершілікпен атқармай отырған көрінеді.

Біздің талап — ауру мал аулаларда сойылмауы керек. Сондай-ақ ветеринар мамандар малдың қанына уақтылы талдау жасап, тексерсе екен дейміз. Себебі бірқатар ауылдарда жұқпалы ауру көп тіркелуде. Біз осыған алаңдап отырмыз. Сондай-ақ қойға төленетін субсидияның мөлшері де қайта қаралса екен деген тілегіміз бар. Өйткені ауданда қой шаруашылығын дамытып отырған шаруашылықтарға бұл өте тиімсіз, — дейді Қарауылкелді ауылының тұрғыны, «Мұңал» шаруа қожалығының басшысы Ғазиз Сауыт.

Кездесуде аудан тұрғындары игерілмей жатқан жерлерді шаруашылықтарға беру, қысқы мал азығын дайындауда кәсіпкерлерге қолдау көрсету, ауыл арасындағы жолдарды жөндеу, малдың жүні мен терісін өткізу, т.б. мәселелерді көтерді. Мавр Абдуллин тұрғындардың қойған сауалдарына жауап беріп, аталған мәселелерді шешу бойынша

аудан әкімі мен жауапты мекеме басшыларына тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ жуырда тағайындалған аудан әкімі Айбек Көпеновке жұртшылық атынан сәттілік тіледі.

Жиын соңында басқарма басшылары мен қаржылық институт өкілдері ауыл тұрғындарын жеке қабылдап, оларға жан-жақты кеңес берді.

Ауданның ахуалы қалай?

Байғанин ауданы әкімінің орынбасары Рүстем Раушановтың айтуынша, бүгінде ауданда

мал саны көбейіп келеді. Мәселен, биыл жылқы мен ірі қараның саны едәуір артып отыр. Сондай-ақ елді мекендерде құс, өсімдік шаруашылығымен айналысатындар қатары көбеюде.

  • Бүгінде ауданымызда 1634 кәсіпкер, 389 шаруа қожалығы бар. Жыл басынан бері

«Ауыл аманаты» жобасы аясында 94 адам құжатын тапсырса, оның ішінде 86-сы мақұлданды. Қазір ауданда құс, өсімдік шаруашылығын дамыту, жылыжай салу бойынша жаңа жобалар жүзеге асырылуда. Тігінмен айналысып, техникалық қызмет көрсету орталығын ашып жатқан тұрғындар саны артуда. Жалпы, соңғы жылдары ауданда кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып келеді. Себебі қазір мұнда теміржол бар, АқтөбеАтырау-Астрахань тасжолы қайта жаңартылып, жол бойынан кемпингтер салынып жатыр. Мәселен, биыл бұл бағытта екі жоба жүзеге асырылуда. Сондай-ақ қазір ауданымызда белгілі кәсіпкер, жуырда ғана Құрмет орденін алған Құтым Қасенов жас кәсіпкерлерді оқытып, жылыжай жұмысын дамыту бойынша шеберлік сыныптарын өткізуде. Мұнда тіпті Құлсары қаласынан келіп оқып жатқандар да бар.

Ал ауыл шаруашылығы саласында сүт өндіруден «Байдәулет» кооперативі, қымыз өндіруден «Екі ағайын» шаруашылығы өзгелерге үлгі көрсетуде. Жартылай дайын өнім жасап, ерекше жобаларды жүзеге асырып жатқан кәсіпкерлеріміз де бар. Жалпы, бұл екі сала ауданымызда қарқынды дамып жатыр, — дейді ол.

Аудан әкімі орынбасарының айтуынша, бүгінде күн тәртібінде тұрған басты мәселе — жол мәселесі. Олай дейтініміз, аудан орталығындағы Барақ батыр атындағы көше биыл жөндеусіз қалған. Бюджеттен бұл мақсатқа қаржы бөлінгенімен, мердігер мекеменің жауапсыздығы кесірінен биыл аудан тұрғындары ой-шұңқыры көп жолмен жүруге мәжбүр.

— Орталық көшеге жол салуды мойнына алған «КазГидроСпас» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін экономикалық сотқа бердік. Жалпы ұзындығы 1,6 шақырым болатын көшені жөндеу жұмыстары 1 маусымда басталған. Жоспарға сәйкес, барлық жөндеу жұмыстары 1 қыркүйекте аяқталуы керек еді. Алайда мердігер ұйым өз міндетін дұрыс атқармады, соның салдарынан жол жөнделмей қалып отыр,  — дейді ол.

Айта кету керек, биыл аудандағы әлеуметтік нысандардың дені күрделі жөндеуден өткен. Мұнда көгілдір отынмен, ауызсумен қамтылған ауылдар саны да жыл артып көбейіп келеді. Мәселен, алдағы жылдары аудандағы бірнеше ауылға газ құбыры тартылмақ.

  • Қазіргі таңда аудан бойынша көгілдір отын Қарауылкелді, Ноғайты, Жарқамыс, Жарлы ауылдарында ғана бар. Ал аудан орталығына жақын орналасқан Қосарал, Көкбұлақ елді мекендеріне әлі газ тартылған жоқ. Қуаныштысы, келер жылдары Оймауыт, Миялы ауылдарына газ тартылады деп жоспарлануда. Қазіргі таңда осы ауылдарға жақын орналасқан шаруашылықтар газ құбырын жүргізгенде олардың да көгілдір отынмен қамтылуына жағдай жасаса деген тілектерін жеткізуде. Біз шаруаларға жан-жақты қолдау көрсетуіміз керек, себебі инфрақұрылым тартылса, олардың шаруашылығы дамып, кәсібі алға басады, — дейді аудандық мәслихат депутаты Балнұр Ермекбай.

Ал «Мұңал» шаруа қожалығының басшысы Ғазиз Сауыттың айтуынша, қазір ауданда малдың терісі мен қойдың жүнін қабылдайтын пункт ашу керек. Себебі шаруашылықтар малдың жүні мен терісін іске асыра алмай, өртеуге мәжбүр.

  • Қаншама жылдан бері қойдың жүнін еш жерге өткізе алмай отырмыз. Мәселен, біздің қожалықтан жылына 12 тонна жүн шығады. Сондай-ақ малдың терісі де пайдаға аспай қалып отыр. Бұрын тері алатын пункттерге тапсыратынбыз, қазір олар да жабылып қалды. Ауылдың маңы жүн мен теріге толып, қазір тұрғындар табиғатты бүлдіріп жатыр, — дейді ол.

Бүгінде бұл шаруашылықта 5 мың қой, 300 ірі қара, 300-ге тарта жылқы бар. Қожалық,

негізінен, қой бордақылаумен айналысады. Шаруа бұрын қой етін Ресейге тапсырса, соңғы

жылдары Маңғыстау облысына сатып жүр екен. Ал облыста қой етінің бағасы арзан, келісі — 1700 теңге.

Қарауылкелді ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер Асылбек Жалғасбаевтың айтуынша, қазір табыстың көзі — жолда. Себебі ауданның үстімен өтетін республикалық жолмен күніне мыңдаған көлік жүреді. Сондықтан жол бойынан кемпинг ашқандар қазір мол табысқа кенелуде.

— Жалпы, жеке кәсіппен айналысқаныма 12 жыл болды. Осыған дейін Қарауылкелді ауылының ішінен газ құю станциясын аштым. Биыл Ақтөбе-Атырау-Астрахань

тасжолы бойынан жанар-жағармай бекетін салып жатырмын. Биыл қараша айының аяғында іске қосылады. Бекетте 20-ға жуық адамды жұмыспен қамтитын боламыз. Сондай-ақ бекет жанынан кемпингтің құрылысы да жүргізіліп жатыр. Келер жылы көктемде ашылмақ. Онда жолаушыларға барлық жағдай жасалады. Кемпингте қонақүй, 150-160 адамға арналған асхана, жуынатын, демалатын орындар болады. Болашақта ол жерде де 20-дан астам адамды жұмыспен қамтимыз.

Қазір кәсіп ашқысы келетін адамға мүмкіндік мол. Біз сияқты кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау да бар. Сондықтан қиындықтан қашпай, еңбектенген адамға жұмыс та, табыстың көзі де табылады. Ең бастысы, ауылда ерінбей еңбек ету керек, — дейді ол.

                            Данагүл ҚАЗИХАН,

Ақтөбе-Байғанин-Ақтөбе.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button