Жаңалықтар

Полицияға қызметке орналасудың тәртібі қандай?

Қызмет

Полиция қызметкері болу — аса жауапты әрі абыройлы іс. Бұл кездейсоқ адамдардың кәсібі емес, өйткені қоғамдағы тәртіптің сақшысы болу үшін нағыз жігерлі әрі ержүрек жандар керек. Ішкі істер органдарына қызметке орналасудың талаптары мен тәртібі туралы облыстық полиция департаменті бастығының кадр саясаты жөніндегі орынбасары Мұрат Жақыпбеков айтып берді:

— Полицияға қызметке қабылдау конкурстық негізде жүргізіледі.Алғаш рет қабылданғандар үшін 2 айлық бастапқы даярлық курстары өткізіледі. Бұқаралық ақпарат құралдарында (оның ішінде интернет-ресурстары да бар) бос лауазымдарға конкурс туралы хабарландыру жарияланғаннан кейін үміткерлер полиция департаментіне келіп, қажетті құжаттарын тапсырады. Үміткерлердің жасы 18-ге толған, өзiне жүктелген лауазымдық мiндеттердi атқаруға қабiлеттi болуы тиіс. Құжаттардыжинау мен қарау, әскери-дәрігерлік комиссиядан, полиграфологиялық зерттеуден  өту, денешынықтыру даярлығы бойынша нормативтерді орындау сияқты кезеңдерден өткеннен кейін,үміткерконкурстық комиссиядан әңгімелесуден өтуге жіберіледі, — дейді полиция полковнигі Мұрат Қоңыржанұлы.

Департаментте құрылатын конкурстық комиссия әрбір кандидаттың жеке ісін, кәсіби қабілеті мен жеке қасиеттерін мұқият зерделейді. Комиссияның оң қорытындысын алған үміткербос лауазымға тағылымдамашы ретінде тағайындала отырып, ҚР ІІМ оқу орындарына арнайы бастапқы даярлық курстарына жолданады.

Мұрат Қоңыржанұлының айтуынша, орта мектепті немесе колледжді бітірген соң ІІМ жоғары оқу орындарына оқуға түсу арқылы 4жыл қазармалық жағдайда оқуды аяқтап, полицияға қызметке кіруге болады. Оқуды аяқтағаннан кейін түлектерге «полиция лейтенанты» шені беріле отырып, жолдама бойынша лауазымдарға тағайындалады. Оқуға үміткерлердің жасы 16-ға толған, білімі ортадан кем емес, денсаулығы жарамды, ҰБТ нәтижесі 50 балдан кем болмауы (әр пәннен 5 балдан кем емес) қажет және ер адамдар міндетті түрде әскери қызметке  жарамды болуы керек.

ІІО жүйесінде барлық оқытулар мемлекет есебінен жүргізіледі және ЖОО курсанттарына шәкіртақы, арнайы бастапқы даярлық курстарынан өтушілерге лауазымының орташа жалақысы төленеді. Мамандықтың ерекшеліктеріне қарай оқуларАқтөбе, Қостанай, Қарағанды және Алматы қалаларындағы ведомстволық оқу орындарында өтеді.  Бастапқы даярлық курстары әкімшілік, жергілікті полиция салалары бойынша — Ақтөбе заң институтында, тергеу, анықтау, криминалистика салалары бойынша — Қарағанды академиясында, арнайы жасақтар мен жедел уәкілдерді даярлау Алматы академиясында жүргізіледі.  ІІМ-нің жоғары оқу орнына түскендер әкімшілік сала бойынша — Қостанай, тергеу,криминалистика саласы бойынша — Қарағанды, ақпараттық технологиялар салалары бойынша Алматы академияларында оқытылады.

— Жыл басынан бері облыста полиция қызметкерлерінің қатары 262 жас маманмен толықты, 22 адам жолдамамен Ішкі істер министрлігінің жоғары оқу орындарынажіберілді.Лайықты жалақы, тұрғын үйді жалға алу ақысының төленуі, қызметтік көлікпен, нысанды киіммен қамтамасыз ету, тегін оқу, тегін медициналық қызмет алу, мансаптық өсу, әлеуметтік қамсыздандыру, балаларын балабақшаға кезексіз орналастыру, 48 жасында зейнеткерлікке шығу мүмкіндігі және басқа да қолайлы жағдайлар полицейлердің тұрмыстық мәселелерге алаңдамай, халыққа адал қызмет етуіне ықпал етеді. Полицияда қызмет етуге жауапкершілігі зор, қиындықтан қашпайтын, жігерлі, елін сүйетін азаматтар әрдайым қажет, —  дейді департамент бастығының орынбасары.

А. НЫСАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button