Өндірдей жастар өнегелі фильм көрді
Жасөспірімдермен жұмыс
Соңғы жылдары жастардың патриоттық рухтағы фильмдерге ықыласы жоғары. Отандық «Қаш», «Оян, қазақ», т.б. фильмдерді жастарымыз бірін-бірі ертіп, арнайылап барып көрген еді.
Ал жуырда кинотеатрларда Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен түсірілген «Бүркіт» фильмі көрсетіле бастады. Бұл — Ұлттық гвардияның «Бүркіт» арнайы жасағы сарбаздарының ерлігі туралы фильм.
8 қарашада Ақтөбеде осы фильмді жасөспірімдер тамашалады. «Кинопарк 7» кинотеатрына қала мектептері мен колледждерде оқитын 145 оқушы барды.
— Бұл фильмнің бірқатар эпизодтары шынайы оқиғаларға негізделген. Патриоттық рухы жоғары сарбаздарды жастарға үлгі еткіміз келеді. Сонымен қатар картинада еліміздің өте көрікті жерлері, өзен-таулары көрсетіледі. Ол да балаларға әсер етеді, осы жерлерді көрсем деген ой салады, — дейді жасөспірімдермен бірге кино көруге келген Ақтөбе қалалық полиция басқармасы ювеналдық полиция бөлімшесінің бастығы Ботакөз Жәлекешова.
Сонымен бірге ол 23 қазаннан бастап облыста, жасөспірімдерді салауатты өмір салтына баулуға, рухани және ұлттық құндылықтарды насихаттай отырып, олардың арасында түрлі құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған шаралар аясында, полиция қызметкерлерінің ұйымдастыруымен және жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен 5 мыңнан астам баланы қамтитын ауқымды спорттық және мәдени іс-шаралар өткізіліп жатқанын айтты.
—
Бұл іс-шаралар аясында спорттық жарыстар, музей аралау, драма театрына және кинотеатрларға бару, сондай-ақ белгілі адамдармен кездесулер ұйымдастыру қарастырылған. Мысалы, бокстан бірнеше мәрте Қазақстан чемпионы, халықаралық жарыстардың жүлдегері болған, бүгінде Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекетпен, белгілі спортшы Ардақ Назаровпен сыр-сұхбат түрінде кездесулер өтті, — деді Ботакөз Жәлекешова.
А. САРЫБАЙ.