«Ақтөбе» газетін үзбей оқимын
Біздің оқырман
Ербатыр ҚАЛЫШЕВ,
№47 жалпы білім беретін орта мектеп директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары, тарих ғылымдарының магистрі
Қоғамда мерзімді баспасөздің алар орны ерекше. Себебі газет қоғамдағы түйткілді мәселелерді шынайы жеткізетін айна іспеттес. Мен бала кезімнен «Ақтөбе» газетін сүйіп оқимын. Ойыңа ой қосатын, рухани азық беретін, таным кеңістігіңді ашатын сүбелі дүниелердідәстүрлі басылым беттерінен оқып тұрамыз. Бала кезімізде ата-анамыз газет-журналдарға үзбей жазылатын. Газеттің әр санын асыға күтетін мен үйге келген мерзімді басылымдарды соңғы бетіне дейін оқуды әдетке айналдырдым.
Студенттік кезде дипломдықжұмысымды «Қазақ» газетінен бастау алатын қазақ басылымдарын зерттеуге арнадым. Бүгінде газет беттерінен облысымыздың тыныс-тіршілігіне қатысты жаңалықтарды оқимын.
Әсіресе газеттегі «Әдебиет» айдары арқылы жерлес ақын-жазушыларымыздың шығармаларын оқып шығып, қаламгерлеріміздің әдеби шығармаларымен сусындап келеміз. Облыс баспасөзінің шеберханасы атанған «Ақтөбе» газетінде алдағы уақытта да оқырманына айтары бар, ой салатын мазмұнды айдарлар ашылып, оқырманы көбейе берсін.