Жаңалықтар

Суағарлар тазартылып жатыр

Қала

Сенбі күні қала әкімі Азамат Бекет Сәңкібай батыр даңғылы мен Мұстафа Шоқай көшесіндегі суағарларды тазарту барысын көрді.

— Астана ауданы аумағындағы нөсер кәріздері мен арықтарды тазалау жұмыстары осыдан он күн бұрын басталды. Аудан бойынша суағарларды тазартуға қаланың санитарлық тазалығымен айналысатын компаниялар жұмылдырылды. Жұмыстың көбі бітіп, азы қалды. 12 қарашаға дейін толық аяқтаймыз, — деді Астана ауданының әкімі Алмас Жақсылықов.

Сәңкібай батыр даңғылындағы ұзындығы шамамен 3 шақырым болатын суағарды тазарту жұмыстарын «Номад Құрылыс» компаниясы жүргізіп жатыр. Учаске шебері Қуаныш Қарасартов осы уақытқа дейін Батыс-2 ауданындағы, сондай-ақ  Әбілқайыр хан даңғылы мен Есет батыр көшесіндегі үлкен арықтардың тазартылғанын айтты.

Қазір қала аумағында еріген қар және жаңбыр суын өткізетін 61 шақырым арық жүйесі, 45 дренаждық-жинақтау құдығы және 5 сорғы су айдау бекеті бар.

Суағарларды қоқыстан, балшықтан тазарту жұмыстарына 12 бригада тартылған.

Қала аумағындағы суағарлар жыл басталғалы үш рет тазартылды. Көктем кезінде қиындық туғызбас үшін 61 шақырым арық жүйесін қайта тазартып жатырмыз. Осы ретте қала тұрғындарынан және құрылыс компанияларынан арықтарға қоқыс тастамауды сұраймыз. Қазан айының соңғы күндерінде жауған жауын-шашыннан Мұстафа Шоқай көшесін су басқанын жақсы білесіздер. Бұл көшедегі суағарға біреулер құрылыс материалдарын тастап кеткеннен су жүрмей, арық бітеліп, соның салдарынан көшеге жайылған.

Осындай жағдайлар қайталанбас үшін тұрғындардан тазалық пен тәртіп сақтауды сұраймыз, — деген Азамат Бекет қазіргі уақытта қала бойынша үлкен 5 жобаның жобалық-сматалық құжаттамасы әзірленіп жатқанын айтты.

Қалада нөсерлі кәріз жүйелерін салу қажет бес шағын аудан бар: Сүт зауыты, Әуе қалашығы, Есет батыр, 11 және 12-шағын аудандар. Қазір жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, түзету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы жоба құны шамамен 15-20 миллиард теңге болады. Аталған жұмыстарды жүзеге асыру келесі жылы басталады, — деді қала әкімі.

Есет батыр тұрғын алабының 4-шағын ауданындағы №19Г үйдің ауласы жаңбыр жауса суға толып, тұрғындарға қолайсыздық тудырады. Бұл мәселені шешу үшін жолды бір күнге жауып,жолдың астына тұрба салу жұмыстары жүргізілді.

Жауын жауса, осы жердегі көпқабатты үйлердің ауласы суға толып,  жертөлеге құйылады. Бұл мәселені шешу үшін мамандармен кеңесіп, бір шешімге келдік. Асфальттың астынан тұрба салып, суды жолдың арғы беті арқылы Жаман Қарғалы өзеніне қарай бағыттайтын боламыз, — деді қала әкімі.

Жұмыстар бүгін-ертең аяқталып, мердігер мекеме «Батыс Ақтөбе» ЖШС жолдың тұрба салу үшін ашылған бөлігіне қайта асфальт төсейтін болады.

Азамат Бекет ескі асфальттың сапасына назар аударып, «Батыс Ақтөбе» директорының орынбасары Александр Лисицкийге ескерту жасады:

Бұрынғы мердігер салған асфалттың сапасына мән беріңіз, сіз де осындай сапалы етіп жасауыңыз керек, — деді ол.

Бұдан соң қала әкімі Әлия Молдағұлова даңғылын 312-атқыштар дивизиясы даңғылымен жалғайтын көпірдегі жөндеу жұмыстарымен танысты.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button