Тәрбие таразысы
Жасөспірімдермен жұмыс
Ақтөбе қаласының ішкі саясат бөлімі мен қалалық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Jastan» форумы аясында «Нашақорлық – шын қорлық» атты семинар-практикумы өтті.
Жастар арасында нашақорлық пен құқықбұзушылықтың, лудомания мен буллингтің, вандализмнің алдын алу, синтетикалық есірткіге қарсы иммунитет қалыптастыру, патриотизмге тәрбиелеу, салауатты өмір салтын ұстауға шақыру мақсатында өткен шараға 500-ден астам жасөспірім қатысты.
Аққағаз Досжанова атындағы конференц-холда өткен шараға қонақ ретінде
ережесіз жекпе-жектен ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, Еуропа және Азия чемпионы, мемлекеттік қайраткер Ардақ Назаров және әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің тарихшысы, PhD доктор Алмас Тоқсанбаев арнайы шақырылды.
Кездесу барысында жасөспірімдердің жанашырлары отбасы құндылығы, бірлік және білім алу тақырыбындағы ойларымен бөлісіп, жастарды патриотизм мен әділдікке шақырды.
— «Ғафу етіңіз», «кешіріңіз» деген сөздер адамды кішіпейілділікке, қарапайымдылыққа шақырады. Кешірімді болу, оны келесі адамнан сұрай білу — әлсіздік емес, керісінше, кеңшілдіктің белгісі. Осы кезден бастап ата-ананың үмітін ақтап, жақсылық жасауға асығыңдар. Бос уақыттарыңда кітап оқыңдар. Кітап оқығанмен оқымаған адамның арасы жер мен көктей болады. Ол қазір білінбеуі мүмкін. Бірақ уақыт өте түсінесіңдер, — деді Ардақ Назаров.
Ал өз кезегінде сөз алған Алмас Тоқсанбаев тыңдаушыларға дұрыс армандап, алдарына мақсат қойып үйрену керектігін айтты.
— Бүгіннен бастап өзіңнің арманың үшін жұмыс істемесең, ертеңгі күні біреудің арманы үшін жұмыс жасайтын боласың. Адамның ойы — ісіне, ісі сөзіне әсер етеді. Спортпен айналысып, кітап оқуды әдетке айналдыру қиын болып көрінуі мүмкін. Бірақ бір істі 40 немесе 60 күн бойы тоқтамай жасасаң, нәпсіңді толық жеңіп шығасың. Нәтижесінде күнделікті күн режимің жақсы әдеттермен толығады, — деді ол.
Кездесу барысында жасөспірімдер спикерлерге сұрақ қойып, жауап алуға мүмкіндік алды. Кейбіреулері Ардақ Назаровтың әлеуметтік желіде кеңінен таралған сөздерін офлайн форматта айтып беруін сұрады.
Ақерке САТЫБАЛДЫ.