Жаңалықтар

Жасөспірімдер теннис ойнады

Спартакиада

Ақтөбе қаласы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиясы жасөспірімдер арасында үлкен теннистен бірінші қалалық спартакиада ұйымдастырды. Облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде өткен жарысқа колледж және қала мектептерінен құрылған 7 команда қатысты.

Ақтөбе қаласы әкімі аппаратының бас инспекторы, кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау жөніндегі комиссия хатшысы Айгүл Махамбетованың айтуынша, спорттық жарыс кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында өткізілген.

23 қазанда бастау алған қалалық спартакиадада әуесқой спортшылар жеңіл атлетика, үлкен теннис, волейбол сынды спорт түрлерінен сынға түсіп жатыр. Салауатты өмір салтын насихаттау, өскелең ұрпақты спортпен белсенді шұғылдануға тарту бағытында жұмыла жұмыс істеуіміз қажет. Спартакиада ойындары 17 қарашада аяқталады, — дейді ол.

Спартакиадаға қатысушылардың бірі Айдос Тілегенов тенниспен бала кезінен шұғылданып келе жатқанын айтады:

Ақтөбе құрылыс-монтаж колледжінде оқимын. Бала күнімен теннис спорты ерекше қызықтырады. Теннис адамның ойлау қабілетін дамытып, бұлшықеттерін шынықтырады.Теннис ойнауға апта сайын келемін. Биыл Бурабай, Түркістан қалаларында өткен командалық жарыста нәтижелі өнер көрсеттім, — дейді ол.

Теннистен өткен спартакиада ойындарында жүлделі 1-орынды — Ақтөбе жоғары политехникалық колледжі, 2-орынды — Ақтөбе құрылыс-монтаж колледжі, 3-орынды Ақтөбе автожол колледжінен жасақталған командалар жеңіп алды.

Жарыс соңында спартакиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлері дипломдармен, кубоктармен марапатталды.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button