Дәрігерлік амбулатория жаңарды
Соңғы 15 жыл ішінде Ақтөбе қаласына қарасты «Көктем» және «Балауса» тұрғын алабында жаңа үйлер бой көтеріп, тұрғындары көбейген болатын. Осыған орай аумақтағы бұрынғы дәрігерлік амбулатория тарлық ете бастады. Аmanat партиясы тұрғындар мәселесін ескеріп, амбулатория құрылысын Сайлауалды бағдарламасына енгізді. Жақында амбулаторияға жапсарлас құрылыс салынып, жаңарған ғимарат пайдалануға беріліп отыр.
Бұрынғы ғимарат 2009 жылы салынған екен. Ол кезде халық саны 6 мыңдай ғана болған. Ал қазір тұрғындар саны екі есеге дейін өсіп отыр. Тиісінше дәрігерлер саны да көбейіп, жаңа орын қажеттілігі туындады.
– 2009 жылы халықтың саны аз болған соң үш аймақтық дәрігер жұмыс істеді. Соңғы жылдары учаскелік дәрігер 7-ге көбейді, сондай-ақ гинеколог маманықосылды. Сондықтан да кабинет жетіспейтін. Бір-бірімізді күтіп, кезең-кезеңмен жұмыс істеуге тура келді. Енді міне, кең, жарық, жайлы орынға көшіп жатырмыз. Медицина саласына көңіл бөліп, халыққа жағдай жасағаны үшін Аmanat партиясына алғысымыз шексіз, – деді №2 қалалық емхананың меңгерушісі Жанар Алдонғар.
Дәрігерлік амбулаторияның кеңейгеніне тек дәрігерлер ғана емес, тұрғындар да қуанышты.
-Осы ауылда 16 жылдан бері тұрамын. Ет пен сүйектен жаралған адам болған соң бас ауырып, балтыр сыздамай тұрмайды. Сондықтан да ем алуға жиі келеміз. Бұрын кезек күткенде дәлізге сыймай кететін едік. Қазір кең ғимаратты көріп, қуанып қалдым, – деді ауыл тұрғыны Гаухар Усерова.
Қосымша құрылысты мердігер -«BASPANA BUILD» ЖШС жүргізді.
Серіктестік директоры Ралан Қаңтарбаевтың айтуынша, құрылыс жұмыстары 3 ай көлемінде толығымен аяқталды. Ғимарат қосымша құрылыс арқылы кеңейіп, абаттандырылған. Сондай-ақ шатыры толығымен ауыстырылып, жылыту жүйесі жаңарды, қазандық орнатылды. Құрылыс жұмыстарын партиялық бақылау комиссиясы жіті бақылауда ұстады.
-Нысанға бірнеше рет келіп, бақылау жұмыстарын жүргіздік. Бөлінген қаражат толық игеріліп, құрылыс жұмыстары уақытында аяқталды. Дәрігерлер жаңа кабинеттерге көшкелі бір апта болған еді. Енді электр жүйесі бойынша жаңа мәселе туындап отыр екен. Жауапты мамандарға хабарласып, бұл мәселені де бақылауымызға алдық, – деді партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Сергей Вищняк.
Меңтай Бектұрсынова.