«Ақтөбе» — ұстаздардың насихатшысы
Біздің оқырман
Ниеталы Мырзатаев,
Ақтөбе қаласының тұрғыны,
білім саласының ардагері.
— «Ақтөбе» газетінің алпыс жылдан бергі оқырманымын. Газеттің әр санын асыға күтемін. Әсіресе елде, өңірімізде болып жатқан жаңалықтарды, ауыл адамдарының тұрмыс-тіршілігін, білім саласындағы жаңашылдықтар мен облыстың қол жеткізген жетістіктері жайлы мақалаларды сүйсініп оқимын. Жалпы, газетте апта сайын әртүрлі мәселелер көтеріліп отырады. Әсіресе білім, медицина, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік саласындағы бастамалар мен жобалар туралы оқып, кеңінен мәлімет аламыз.
Сондай-ақ өңіріміздегі түрлі салада жетістікке жеткен азаматтар, ел жадында қалған тұлғалар, ардагер ұстаздар, белсенді зейнеткерлер жайлы мақалалар да жиі жарық көреді.
Соңғы жылдары «Ақтөбе» газетінде «Білім» қосымшасы жиі шығып жүр. Осы қосымша арқылы білім саласындағы мәселелер, педагогтер әулеті, есімі көпке белгілі ұстаздар, облыстағы үздік мектептер жайлы материалдарды көп оқимын. Өзім білім саласының ардагері болғандықтан, «Білім» қосымшасы маған құдды бір газет ішіндегі газет сияқты көрінеді. Осы қосымшаға кейіпкер ретінде сұхбат берген педагогтер мен жастарды үнемі біліп, танып отырамын. Бұл газеттің осы саладағы нағыз кәсіби мамандардың еңбегіне, жалпы ұстаздық қызметке деген ізет-құрметін, ілтипатын білдіреді деп ойлаймын. Қай-қайсысымыз да ұстаздан білім алып, мектепте оқыған адамбыз. Қандай мамандық иесі болса да, ұстазға қарыздар. Себебі дүниедегі мамандық атаулының төресі — ұстаздық. Әсілі, мұғалімдер — барлық мамандық иесін тәрбиелейтін, оқытып үйрететін мейірімді абзал жандар. «Мұғалім мамандығы — барлық мамандықтың анасы» демекші, ұстаз алдынан тәрбие алмайтын жан жоқ. Ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ секілді. Осы орайда «Ақтөбе» газетінде жарық көретін ұстаздар, білім ордалары жайлы мақалалар ең көп оқылатын материалдар деп санаймын. Ардагер ұстаз ретінде басылымның ұжымына ерекше алғыс білдіргім келеді.
Мен Шалқар ауданында үш орта мектеп пен теміржолдың орыс мектебін басқардым. Жалпы 40 жылдай уақыт білім саласында қызмет еттім. КСР-інің халық ағарту ісінің үздігімін. Қазір зейнеткермін. Қолым қалт етсе «Ақтөбе» газетін оқып, қасымдағыларға өңірде болып жатқан жаңалықтарды айтып отырамын. Бүгінде облыстық басылымға жазылу жүріп жатыр. Осы науқан аясында келер жылға отбасыммен газетке жазылдық.
Жуырда оқырмандармен өткен кездесуде «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншиннің қолынан Алға ауданындағы «Шипагер» шипажайына жолдама алдым. Алдағы уақытта осы жолдамамен демалып, ем алып қайтуды жоспарлап отырмын.
Сөзімнің соңында облыстың барлық тұрғындарын қоғамның жаршысы — «Ақтөбе»
газетіне жазылуға, осы басылымның тұрақты, жанашыр оқырманы болуға шақырамын.