Қала әкімі оқушылармен кездесті
Жасөспірімдермен жұмыс
Жастар — еліміздің болашағы. Ақтөбе қаласында жасөспірімдермен жұмысты жандандыру аясында, бір ай бойы түрлі спорттық, мәдени шараларды қарқынды түрде ұйымдастыру қолға алынып отыр.
Осы шаралар аясында қалалық орталық кітапханада мектеп оқушылары Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекетпен кездесті.Жиынды аша отырып сөйлеген сөзінде қалалық білім бөлімінің басшысы Метгүл Қосымбаева атап өткендей, кездесуге қаладағы 30 мектептен оқушылар шақырылған. Олар қала әкіміне сауалдар қойып, кездесу кезіндегі әңгіме жасөспірімдермен еркін сұхбат түрінде өрбіді.
Оқушылар қоғамдық жұмыстарға қатысу дұрыс па; қандай істерге еріктілер көбірек қажет; сондай-ақ әкімнің спортшы бола тұрып, мемлекеттік қызметке қалай келгені, діни көзқарасы, бос уақытын қалай өткізетіні, балалық шағы, т.б. төңірегінде сауалдар қойды.
—Спортшы мемлекеттік қызметкер бола алмайды деген түсінік, меніңше, қате. Мен спортшы болуды армандаған да жоқпын. Алайда бала күніңде тек сабақ оқумен шектеліп қалмай, қатар-құрбыларың сияқты өнерге, спортқа жақын болуды қалайсың, үйірмелерге қатысасың. Мен таэквондо, каратэ секілді спорт түрлерімен де айналысып көрдім. 13 жасымда бокс үйірмесіне барып, қатты ұнаттым. 14 жасымнан бастап бірнеше мәрте жасөспірімдер, жастар арасында ел чемпионы болдым. Спорт адамды тәртіпке, алдына үлкен мақсаттар қоя білуге үйретеді. Ал бұл — мемлекеттік қызметшіге керек қасиет, — деді қала әкімі.
Оқушылардың бірі әкімнен бос уақытын қалай өткізетіні жөнінде сұрады. Осыған байланысты Азамат Бекет:
— Мен алдымен құқық қорғау саласында еңбек еттім, қазір мемлекеттік қызмет саласына еңбек етіп келемін. Соның ішінде соңғы жылдары Атырау облысы Жылыой ауданының, біздің облыстағы Хромтау ауданының әкімі, Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары болып қызмет еттім, биылғы маусым айынан бері қала әкімі қызметіндемін. Бұл — өте жауапты жұмыстар, расын айтқанда, бос уақыт бола да бермейді. Отбасым, 4 балам бар. Жұмыстан тыс уақытымды отбасыма арнаймын. Дегенмен аптасына 2 рет уақыт тауып, спортпен айналысып тұруға тырысамын, — деді.
«Өмірде табысқа жету үшін ең алдымен не қажет?» деген сауалға орай әкім өз пікірін:
— Ең алдымен ниет ету, алдыңа мақсат қоя білу керек. Әрине, білім де, еңбек те, талпыныс та керек. Бірақ бәрі ниеттен басталады деп ойлаймын. Меніңше, қазір елімізде үлкен мақсаттарға қол созамын деген жастарға сол ниетіне жетуге мүмкіндік бар. Өйткені мектепте де, колледжде де, жоғары оқу орындарында да тегін білім ала алады. Сол мүмкіндікті пайдалану керек. Өзіміздің де басымыздан өтті, жасөспірім шаққа келгенде, 6-7 сыныптардан бастап, ер балалардың сабақ үлгерімі төмендейді. Тіпті сабақ айтпай, тентектік жасауды мақтаныш көретін балалар да болады. Расына келгенде, тентектіктің мақтаныш қылар ештеңесі жоқ. Соны түсінсеңіздер екен деймін, — деп жеткізді.
Сонымен қатар қала басшысы да балаларға сабақ үлгерімі, қызығушылықтары, болашаққа армандары жөнінде сауал қойып, сөз қозғап, пікірлерін тыңдады.
Осы кездесуден кейін оқушылар алматылық «JOL» театрының гастрольдік сапары аясындағы «Мұғалім» спектаклін көруге барды.
«JOL» — жеке, тәуелсіз театр. Ол белгілі актер Данияр Базарқұловтың бастамасымен құрылған. «Мұғалім» спектаклінің қоюшы-режиссері де — Данияр Базарқұлов.
Ал пьеса авторы Қолғанат Мұраттың өзінің анасы да мұғалім екен. Отбасылық құндылықтар күшін жойып, оған қоса мұғалімнің беделі де төмендеген жерде жас ұрпақ тәрбиесі міндетті түрде сыр береді. Шығармада автор осы мәселені басты назарға алады. Ата-ана мен бала, ұстаз бен бала арасындағы түсініспеушіліктерге, олардың түпкі себебіне үңілуге шақырады, шырылдап жүріп жол іздеген ұстаз бейнесін көрсетеді.
И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.