Жаңалықтар

Жеңімпаздарға грант сертификаты табысталды

«ZHAS PROJECT»

«ZHAS PROJECT» жобасының 14 жеңімпазы әлеуметтік жобаларын іске асыруға 1000000 теңгеге дейін шағын грант ұтып алды.

Даниярдың медиа орталығы

Темір ауданы Шұбарқұдық кентінің тұрғыны Данияр Сәкенов«ZHAS PROJECT» жобасы жеңімпаздарының бірі. Бұған дейін Ж.Кереев атындағы орта мектепте  ағылшын тілі пәнінен дәріс берген ол енді «JasArt» медиа оқу шығармашылық орталығын ашпақ. Оның бұл бизнес-жобасы комиссиялықіріктеуден сәтті өтіп, мемлекеттен 1 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз грант ұтып алды.

Мамандығым — мұғалім. Оқушыларға ағылшын тілінен сабақ бердім. Ал қазір өз жобамды қолға алып, кәсіп бастап жатқан жайым бар. Шұбарқұдықта жасөспірімдер мен жастарға арналған медиа оқу шығармашылығы орталығын ашуды жоспарлап отырмын. Орталық 4 бағытта жұмыс  жасайтын болады. Яғни өз ісінің кәсіби мамандары бейнетүсірілім, мобилография салаларымен қатар, актерлік шеберлік сабақтарын жүргізеді. Орталыққа балаларды тегін қабылдаймыз. Басты мақсатым — жастардың бойындағы шығармашылық қабілетті дамыту, оларды заманауи құрал-жабдықтарды пайдалана отырып жұмыс істеуге үйрету, — деді Данияр.

Ол грант қаражатына жарық шамдар мен ноутбук, фотокамера алуды көздеп отыр.

Мемлекет тарапынан бөлінген грант қаражатына қол жеткізгендердің бірі — Қобда ауданы Әлия ауылының тұрғыны Әзиза Алпысбай. Ол үйден тігін шеберханасын ашып, кәсіп бастауды жоспарлап отыр. «Қазір тұрмыстық техникалардың бағасы өте қымбат. Ең жақсы тігін мәшенкелері 600 мың теңге көлемінде тұрады. Мұндай мәшенкемен кестелеп түрлі эмблемалар, жазулар жазып, қазіргі сұраныстағы әртүрлі бұйымдарды жасап шығаруға болады», — деді жоба жеңімпазы.

NEET санатындағы жастар

Облыстық жастар ресурстық орталығы ғимаратында өткен іс-шарада облыстық мәслихат депутаты Марат Қойлыбаев жоба жеңімпаздарына грант сертификаттарын табыстады.

Грант қаражатыналған жастардың арасында ерекше бала тәрбиелеп отырған жас отбасылар да бар. Депутаттық корпуста біз әлеуметтік саланы жиі талқылаймыз. Соның ішінде жұмыссыз жастар проблемасы да  көтеріледі. Қазір біз «жастар масылдыққа жол беріп, жұмыс жасағысы келмейді» деп жеңіл-желпі айта салатын болдық. Жоқ, ол олай емес. Жұмыс бастау үшін бірінші керегі — қаржы. Сондықтан жастарға жұмыс табудың жолын іздеп, оларға бұл бағытта қолдау көрсетуіміз қажет. «ZHAS PROJECT» — сондай жобалардың бірі, — деді М.Қойлыбаев.

Биыл 9-23 қазан аралығында «ZHAS PROJECT»әлеуметтік жобасына 18-35 жас аралығындағы NEET санатындағы 160 жасқатысуға өтініш берген.  Алайда аталған жобаның алғашқы кезеңінде облыс бойынша 300-ден астам әлеуетті қатысушы кеңес алған.

Техникалық іріктеуден өткен 48 әлеуметтік жоба байқау шарттарына сай келіп, комиссияның қарауына ұсынылыпты.

Облыстық ішкі саясат басқармасыжастармен жалпы жұмыс бөлімінің басшысы Елеусіз Нұрғалиевтің айтуынша, грант иелерін анықтайтын комиссия құрамын

ҚР Ақпарат және әлеуметтік даму министрлігі мен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы бекіткен.

— Шалғай ауылдардағы қатысушылар үшін әлеуметтік жобаларды қорғау онлайн режимінде өтті. Нәтижесінде 1 000 000 теңгеге дейінгі көлемдегі шағын грантты өз бизнес-идеясын іске асыру үшін 14 адам ғана жеңіп алды. Жеңіске жеткен бизнес жобалардың арасында клининг орталығын, үйден тігін шеберханасын ашу, робототехника оқу орталығын құру, мүмкіндігі шектеулі балалардың аналарына арналған тәттілер пісіру курсын ұйымдастыру сияқты өзге де идея авторлары бар, — деді Е.Нұрғалиев.

Тренинг өткізіліп, жәрмеңке ұйымдастырылады

Жеңімпаздар үшін жобаның екінші кезеңі — «Кәсіпкерлік апталығы» деп аталады. Бұл кезеңде тәлімгер СәкенКұбайдуллин оларға іскерлік дағдыларды үйретіп, жобаларды ілгерілету, дамыту және жүзеге асыру бойынша тренингтер өткізеді. Үшінші кезеңде жәрмеңке ұйымдастырылады,яғни онда «ZHAS PROJECT» байқауының жеңімпаздары өз әлеуметтік жобаларын облыс жұртшылығына, БАҚ өкілдеріне және меценаттарға ұсынады.

— Бұл жобаның мақсаты — NEET санатындағы жастарды жергілікті қоғамдастықтың әлеуметтік-экономикалық өміріне және нәтижелі жұмыспен қамтуға тарту.Байқауда халықтың осал топтары мен шалғай ауылдық елді мекендердің жастарына ерекше басымдық берілді, — деді Е.Нұрғалиев.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button