Жаңалықтар

Соңғы жауынгермен қоштасты

Өткен сенбіде ақтөбеліктер Екінші дүниежүзілік соғысы ардагері Сатылған Бекмағамбетовпен қоштасты.101-атқыштар бригадасының соңғы жауынгерін аспанға оқ атып, әскерилерге лайықты дәстүрмен шығарып салды.

Ардагер 27 қазанда 103 жасқа қараған шағында қайтыс болды.

Қоштасу рәсімі оның Жаңақоныстағы үйінің алдында өтті.

Қаралы жиынға облыс әкімі Асхат Шахаров, қала әкімі Азамат Бекет, облыстық, қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері, қоғам өкілдері және әскери қызметкерлер қатысты.

Ол 1921 жылы 1 қаңтарда Қобда ауданы Жиренқопа ауылында туған. 1941 жылдың 9 желтоқсанында аудандық әскери комиссариат арқылы әскер қатарына шақырылып,  соғысқа аттанып, 1946 жылы елге оралған.

101-атқыштар бригадасының құрамында болған ақсақал 1943 жылы Мәскеу түбіндегі шайқасқа қатысып, Смоленскіге дейін жеткен. 101-атқыштар бригадасы таратылғаннан кейін 881-гвардиялық бригаданың, одан соң 740-гвардия полкінің құрамында қызмет еткен.

«Соғыста жүріп, жарақаттанып, дала госпиталінде жатып емделдім. Жеңіс күнін Кенигсбергте қарсы алдық. Қазіргі кезде аяғым ауырады, есту қабілетім нашар. 101-атқыштар бригадасы құрылған ғимарат тұрған көшеге барсам, ауырамын, сол көше маған қатты ыстық», — депті ақсақал 89 жасында жазған естелігінде.

1946 жылдың жазында туған өлкесіне оралып, техникумды бітіріп, Қобда ауданының Жиренқопа ауылында 30 жылдан астам зоотехник болып жұмыс істеді. Сол жерде зейнеткерлік демалысқа шықты.

Көзі тірісінде 7 баласынан немере, шөбере, шөпшек сүйіп, жақындарының қамқорлығында болды.

Айта кетейік, Сатылған ата құрамында болған 101-ұлттық атқыштар бригадасы 1941 жылы Ақтөбеде құрылған. Оның құрамына бастапқыда ерікті қазақ жастары, соның ішінде Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарының жігіттері тартылған, кейін дивизия құрамы толықтырылып отырған. Деректер бойынша — мұндағы жауынгерлердің 80,3 пайызы — қазақ, 10 пайызы — орыс, 3,4 пайызы — украин, 1,8 пайызы өзбек және 4,1 пайызы өзге ұлт өкілдері болған. Бригада командирі ретінде полковник Севосьян Яковленко, ал комиссар болып Нури Әлиев сайланған.

Атқыштар бригадасының жеке құрамы Ақтөбе қаласының ескі бөлігіндегі қазіргі Н.Қобландин атындағы көшенің екінші үйінде орналасты. Сол үш қабатты ғимаратта қазір М.Құсайынов атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-интернаты орналасқан.

101-ұлттық атқыштар бригадасы бір жыл дайындықтан кейін майданға жөнелтіледі. 1942 жылдың 20 қарашасында Калинин майданының 39-армия құрамында Ржев түбіндегі ұрысқа кіреді. Бұл ұрыс Мәскеуді қорғау мен Сталинград майданындағы фашистердің күшін әлсірету мақсатында жоспарланған «Марс» операциясы болатын. Жауынгерлер алдына қойған мақсатына жету үшін күші өзінен әлдеқайда басым жаумен соғысып, зор шығынға ұшырайды. Осы ұрыста қазақстандық жауынгерлердің 80 пайызы қаза тапқан. Сондықтан «Марс» операциясына қатысқан жауынгерлер туралы деректер 2007 жылға дейін құпия ұсталып келген, қаза болған жауынгерлердің аты-жөндері, саны жасырын ұсталған, ешбір дерек жария етілмеген.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button