Қамқорлық пен қолдау
Әлеуметтік қорғау
Қазан айының соңғы жексенбісінде елімізде «Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні» аталып өтіледі. Осыған орай қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен салтанатты жиын өтті.
Қала әкімінің орынбасары Гүлназ Сисенованың қатысуымен өткен іс-шараға әлеуметтік қызметкерлер мен сала ардагерлері шақырылды.
— Елімізде әлеуметтік қызметкерлер бес санат бойынша тіркелген азаматтарға жәрдемдеседі. Атап айтсақ, психоневрологиялық ауытқуы бар балаларға, тірек қимыл аппараты бұзылған мүгедек балаларға, жалғызбасты қарттарға әлеуметтік қызметкерлер көмектеседі. Кез келген адам әлеуметтік жұмысшы бола алмайды. Сіздердей жүрегі кең, мейірімі мол адамдар ғана осы салада жұмыс істей алады. Әлеуметтік көмекке мұқтаж адамдардың жайлы өмір сүруі үшін бар мүмкіндік жасалып жатыр. Соның ішінде әлеуметтік сала қызметкерлерінің еңбегі орасан зор, — деген Гүлназ Сисенова оларға жылы лебізін білдірді.
Аталған салада ұзақ уақыт еңбек еткен қызметкерлер Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекеттің Алғыс хатымен марапатталды. Оның ішінде Нұрия Әбіләкімова «Еңбек озаты» төсбелгісіне ие болды:
— Бүгінгі мереке — абзал да мейірімді жандардың мерекесі. Сырт көзге оңай көрінгенімен, жалғызбасты қариялармен, мүмкіндігі шектеулі адамдармен жұмыс жасау, оларға көмек көрсету өте қиын. Еңбегім еленіп, «Еңбек озаты» төсбелгісімен марапатталдым. Бұл менің еңбегіме емес, біздің ұжымға берілген баға деп білемін. Барша әріптесімді кәсіби мерекесімен құттықтаймын! — деді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Нұрия Әбіләкімова.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.