Жаңалықтар

Спорт кешендері құрылысы — жіті бақылауда  

Бақылау

Облыс әкімі Асхат Шахаров құрылысы жүргізіліп жатқан нысандардың өзекті мәселелерімен танысып, шешу жолдарын қарастыру мақсатында қаладағы бірнеше спорт кешенін аралады.

Алдымен өңір басшысы «Химик» стадионы базасында салынып жатқан «Балалар футбол академиясына» барды. Жоба құны 3 млрд теңгеге жуық. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары 85 пайызға орындалған. Жабық футбол манежін жасау үшін қажетті құрылыс заттары Словениядан жеткізілсе, құрылысшылар футбол алаңының төбесін жабу жұмыстарына кіріседі. Асхат Шахаров мердігер компания басшысына спорт ғимаратын жыл соңына дейін пайдалануға беруді тапсырды.

Сондай-ақ жыл соңына дейін 8-шағын ауданда салынып жатқан ангар типті спорт кешенінің де құрылысы аяқталуға тиіс. Құрылыс компаниясы кешеннің еденін төсеп, әрлеу жұмыстарын бітіруі керек.

Облыс орталығындағы проблемалық нысандардың бірі — Алтын орда (бұрынғы Батыс-2) шағын ауданындағы дене мүмкіндіктері шектеулі адамдарға арналған спорт кешені. Қажетті материалдар бағасының өсуінен құрылыс тоқтап қалып отыр. Жоба түзетуді талап етеді. Өңір басшысы мемлекеттік орган басшыларына кешен жобасын қайта қарап, тиісті шешім қабылдауды тапсырды. Мердігерге 2024 жылдың екінші жартыжылдығында ғимаратты халық игілігіне беруді міндеттеді.

Балалар-жасөспірімдердің«Дельфин» спорт мектебі де жөндеуді қажет етеді. Жарты ғасырдан астам тарихы бар ғимараттың жай-күйін арнайы комиссия тексеруден өткізіп жатыр. Мектепті толықтай аралап шыққан Асхат Шахаров сараптама қорытындысына қарай, мұнда қандай құрылыс жұмыстары жүргізілетінін анықтап, тез арада тиімді шаралар қабылдау керектігін алға тартты.

Өңір басшысы әлеуметтік нысандардың құрылысы уәкілетті мемлекеттік органдардың жіті бақылауында болуға тиіс екенін атап өтті.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button