«Өркен»: 33 жоба мақұлданды
Дөңгелек үстел
Ақтөбеде облыс әкімдігі мен ERG компаниялар тобы, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры және Хромтау ауданы әкімдігі өкілдерінің қатысуымен Хромтау қаласында шағын және орта бизнесті қолдау бойынша «Өркен» бірлескен жобасын іске асыру мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті.
Облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Жангелді Әубәкіровтің айтуынша,аймақта жыл басынан бері «Өркен» кәсіпкерлерді қолдау жобасы іске асырылып жатыр. Бұл — моноқаладағы кәсіпкерлікті дамытуға және қолдауға,жаңа жұмыс орындарын құруға және халықтың белсенділігін арттыруға бағытталған жоба.
Қазіргі күні Хромтау қаласында «Өркен» жобасы бойынша бірнеше бизнес-идея авторларыөз жұмысын бастады. Осындай жүзеге асырылған алғашқы жобалардың бірі — бөтелкедегі су өндіру цехы. Сонымен қатар осы жобаның шеңберінде «Балдәурен» кешенінің аумағында демалыс саябағын ұйымдастыру,жылжымалы станция, кемпинг ашу сияқты өзге де бизнес жобалар бар.
Моноқала мәртебесіне ие Хромтауда жалпы сомасы 763,1 миллион теңгеге 33 жоба мақұлданған. Осы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша,шағын және орта бизнес саласында жұмыспен қамтылғандар саны — 7281 адам. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22,6 пайызға көп.
«Даму» қоры өкілдерінің айтуынша, бағдарлама іске асырылған уақыттан бері аталған жоба операторларының қатысуымен тұрақты негізде түсіндіру шаралары өткізіліп жатыр. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 2 миллиард теңге бөлінген. «Көзделген қаражаттың операторы — «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры. Ол үшін несие шарттары белгіленді. Несие сомасы — 30 миллион теңге. Несие бойынша ең жоғары мөлшерлеме — 7 пайыз, оның ішінде 4 пайызын «Даму» қоры субсидиялайды, ал 3 пайызын кәсіпкер өзі өтейді. Инвестицияларға несие беру мерзімі — 5 жыл, айналым қаражатын толықтыруға 3 жыл уақыт белгіленді», — деді «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры Ақтөбе филиалының директоры Айнагүл Байдәулетова.
Басқосуда аталған бағдарламаға тек Хромтау ауданының кәсіпкерлері ғана емес, облыс кәсіпкерлері де Хромтау ауданында өз жобаларын іске асыра отырып, тең құқықтармен қатыса алатыны сөз болды.
Хромтау ауданының әкімі Нұрхан Тілеумұратов қала халқының басым бөлігі кен орындарында жұмыс жасайтынын айтып: «Біз бұл тенденцияны ірі компанияның жанында шағын және орта бизнес белдеуін құру арқылы өзгертуге ниеттіміз. Осыған байланысты шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында Хромтау моноқаласындағы ірі кәсіпорындардың айналасында өңірлік бағдарлама іске асырылуда», — деді ол.
Дөңгелек үстел отырысында ERGкомпаниялар тобының мемлекеттік органдармен өзара байланыс жөніндегі басшы Мәди Исмаилов, сондай-ақ жергілікті билік өкілдері мен екінші деңгейлі банк қызметкерлері кәсіпкерлер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.
Арайлым НҰРБАЕВА.