Облыста 235 кітапхана бар

Кітапханашылар күні
Ел Үкіметінің былтырғы қаулысымен 24 қазан — Кітапханашылар күні болып белгіленді. Облыс бойынша 235 кітапхана бар. Оның 4-еуі — облыстық, 16-сы — қалалық, 12-сі — аудандық, 12-сі — аудандық балалар, 191-і — ауылдық кітапхана. Бұл мәдениет мекемелерінде 807 қызметкер, 520 кітапханашы халыққа қызмет көрсетеді.
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте кітапханалардың жағдайы туралы айтылды. Шараға қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Гүлжайна Каздукқызы қатысты.
— Қазірде облыс кітапханаларындағы кітап қоры — 3 638 031 дана кітап. Жалпы облыс бойынша кітапханалар 229 ғимаратта орналасқан. Ауылдық екі кітапханаға күрделі жөндеу қажет, — деді Гүлжайна Каздукқызы.
Өңірдегі ең көне мәдени мекемелердің бірі — С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап-ғылыми кітапхана. Оның тарихы 1896 жылдан басталады. Ақтөбе қаласының мәдени өміріндегі бұл оқиға туралы «Торғай газетінің» 1896 жылғы 5 қаңтардағы санында (ескі стиль бойынша) жазылған. Кітапхананың жұмыс құжатының рөлін атқарған өз Жарғысы болған.
Үкіметтің 1999 жылғы 22 қыркүйектегі қаулысымен Ақтөбе облыстық әмбебап- ғылыми кітапханасына жерлесіміз, академик Сақтаған Бәйішевтің есімі берілді.
Онда 324 817 кітап бар. Оқырман саны — 20 683 адам. Кітапханаға күн сайын шамамен 70 оқырман келеді екен.
Айта кету керек, маусым айында С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап- ғылыми кітапханасында Makerspace креативті шеберханасы ашылды. Ашылу салтанатына АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Дэниел Розенблюм, Chevron корпорациясының Еуразиялық бөлімшесінің басқарушы директоры Дерек Магнесс қатысты.
Мейкерспейс Ақтөбе — креативті шеберхана. Шеберхананың барлық бағдарламалары мен семинарлары қолжетімді әрі тегін.
— Кітапханаларда заман талабына сай «WEB-RABIS» автоматтандырылған бағдарламасы арқылы оқырманға қызмет көрсету процесі жаңаша түрде жүргізіліп келеді. Кітапханадағы қызмет түрлері автоматтандырылды. Соған сәйкес ақпаратты жедел іздеу және оған тапсырыс беру жеңілдетілді. Автоматтандырылған ақпараттық жүйені электронды каталогқа енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде, — деді бөлім басшысы. Оның айтуынша, «WEB-RABIS» бағдарламасы 12 аудандық, 4 облыстық, қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде орнатылған.
Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.



