Шалқарда жылқы баққан Германия азаматы

Тәжірибе алмасу
Ақтөбеге «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамыту мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде Германияның ауыл шаруашылығы саласының сарапшы маманы Туман Вольфганг келді. Бұл бағдарлама басқарудың жаңа әдістерін, өндіріс технологияларын, жабдықтарды енгізу және персоналды оқыту мәселелері бойынша біліктілігі жоғары шетелдік мамандарды тартуға бағытталған. «Аға сеньорлар» (Senior Experten Service) бағдарламасы аясында сапармен келген ол Шалқар ауданында болып, жергілікті шаруалармен тәжірибесімен бөлісті.
40 жылдам астам Германияның ауыл шаруашылығы министрлігінде жауапты қызметте жасаған, кейін ауылшаруашылығы саласында еңбек еткен неміс азаматы 65 жасында Қазақстанға алғаш рет келген. Сол сәттен бастап оның шұрайлы қазақ жеріне деген қызығушылығы арта түскен.
— Мен қой, ешкі бағып, ауыл шаруашылығымен айналысатын қарапайым шаруа адамымын. Қазақстанға алғаш келгенде кең жазира далада жайылып жүрген жылқыларды көріп, ерекше таңданыста болдым. Өзім жылқы баптап отырғандықтан, маған бұл елдің агроөнеркәсіп кешенін көзбен көру арман болған еді. Биыл, міне, тағы бір мәрте Қазақстанға келіп отырмын. Осы жолғы сапарымды Астанадан бастап, Ақтөбе жерімен аяқтадым. Жергілікті «Нұралы» шаруа қожалығы басшылары маған көп көмектесті. Ақтөбеге келе сала осы қожалықтың шаруалармен бірге Шалқар ауданына бардым. Ол жерде екі аптадай болып, жайлауда мал бақтым, — дейді ол.
Неміс және испан тілдерінде сөйлейтін шаруамен аудармашы арқылы сөйлесіп ұққанымыз, ол жылқы баптағанды ұнатады екен.
— Германияда кем дегенде 500-ден астам қой бағатын шаруа бар. Олардың ортақ мәселесі де жоқ емес. Бір байқағаным паразиттермен күрес екі елде де жақсы дамыған. Аусыл, басқа да жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында төлдерге екпе егіледі. Мысалы, алтын шыбынның дернәсілі қой терісіне еніп, түрлі құрттардың пайда болуына әкеп соқтырады, — дейді шаруа.
Оның айтуынша, еділбай қойы — қазақтың ұлттық қазынасы. Ол еділбай қойы тұқымын Германияға апарып көбейткісі келеді екен.
— Әрбір халықтың өзіне тән қой тұқымы бар, еділбай қойы қазақ халқының ұлттық бренді десем, артық айтқаным емес. Қойдың бұл тұқымы майлы әрі етті болып келеді. Нәрлі еттен ешкімнің бас тарта қоймасы белгілі. Өкінішке қарай, Германияда осы секілді қой тұқымы жоқтың қасы. Алдағы уақытта осы қой түрін өсіруді жоспарлап отырмын, — дейді Туман Вольфганг.
Қонақжай қазақ жұртшылығына алғысын білдірген сарапшы маман алдағы уақытта Ақтөбеге тағы да сапармен келіп, тәжірибесімен бөлісуге дайын екендігін айтты.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.



