Хирургиядағы қазақша терминдер бір ізге түсірілуі керек

Конференция
Аққағаз Досжанова атындағы конгресс-холда «Хирургия саласында қазақша терминдер жасау мәселелері» атты республикалық терминологиялық конференция өтті.
Конференцияға Денсаулық сақтау министрлігінің Әкімшілік департаментіндегі Мемлекеттік тілді дамыту басқармасының басшысы Айжан Алдоңғарова, Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары Ғабит Абзалбек және М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің профессорлары — Балаш Түсіпқалиев, Нағашыбай Ақатаев және еліміздегі барлық медициналық жоғары оқу орындарының өкілдері, студенттер қатысты.
Алдымен сөз алғанДенсаулық сақтау министрлігінің Әкімшілік департаментіндегі Мемлекеттік тілді дамыту басқармасының басшысы Айжан Алдоңғарова қазақ тіліндегі медициналық терминдерді ретке келтірудің өзектілігіне тоқталып, конференция жұмысына сәттілік тіледі. Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетініңректоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Әсет Қалиевтің айтуынша, конференцияның медициналық кадрларды даярлауда және кәсіби деңгейін көтеруде маңызы зор.
— Медициналық терминдерді сауатты аудару, оларды қазіргі тіл мен заң нормаларына, тілдік ерекшеліктеріне сәйкестендіру тұрақты әрі мұқият жұмыс істеуді қажет етеді.Медициналық кадрларды даярлау сапасы көбінесе білім беру жүйесіне байланысты. Мәселен, біздің медициналық университеттегі 7 жарым мыңнан астам студенттің 4640-ы қазақ тілінде білім алады.Оларға міндетті түрде қазақ тілінде оқулық керек. Бастапқы кезде кітаптардың дені ағылшын және орыс тілдерінен аударылған болатын. Тәуелсіздік алған жылдары аудармалардан едәуір кемшіліктер кетті, мұндағы ең үлкен мәселе — медициналық терминдер әр кітапта әртүрлі аударылды. Осы мәселені ретке келтіру, қазақ тіліндегі терминдерді біріздендіру үшін жиналып отырмыз. Еліміздегі медициналық жоғары оқу орындары 500-ден астам терминді терминологиялық комиссия талқысына ұсынып отыр. Бүгін осыны талқылап, бір ретке келтіреді. Сосын болашақта ғалымдар кітап жазған кезде бекітілген терминді пайдалану керек. Конференцияда қабылданған шешімдер болашақта қазақ тілінде білім алу сапасын одан әрі жоғары сатыға көтеруге мүмкіндік береді, — деді.
Одан соң ректор Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің №1 балалар аурулары кафедрасының профессоры Балаш Түсіпқалиевке Денсаулық сақтау министрлігінің «Еңбек ардагері» төсбелгісін тапсырды. Сонымен қатар университет ректоры Алғыс хат пен бағалы сыйлық табыстады.
Тарихқа көз жүгіртсек, 1989 жылы Ақтөбе медицина институтында бірінші рет қазақ топтары ашылып, студенттер қабылданды. Жаңадан ашылған «Педиатрия және емдеу ісі» қазақ факультетініңалғашқы деканыосы Балаш Түсіпқалиұлыболды. 2007 жылы Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінде құрылған Терминологиялық комиссияға осы жылға дейін Балаш Түсіпқалиев төрағалық етті. Жоғары оқу орнындағы оқу процесін қазақ тілінде ұйымдастыруда профессор Балаш Түсіпқалиевтің еңбегі өте зор. Медицина университетіндегі профессор-оқытушулардың мемлекеттік тілде жария еткен барлық оқу-әдістемелік баспаларын редакциялап, қазақ тіліндегі медицина терминдерін реттеген.Балаш Түсіпқалиев 370-тен астам еңбектің авторы, оның 40-ы — оқулықтар мен оқу құралдары. 10 кітабы орыс тіліне аударылса, тағы біреуі ағылшын тіліне аударылып жатыр.
Конференцияда С.Асфендияров атындағы Қазақ медициналық университетінің патологиялық анатомия кафедрасының профессоры Жауғашты Ахметов хирургиялық терминдерді қалыптастыру жолдары туралы баяндамасын оқыды.
— Баспадан шығып жатқан қазақ тіліндегі медициналық оқулықтарда қателер көп. Біз осы мәселені шешу үшін Мәскеудегі «ГЕОТАР-Медиа» баспасынан соңғы жылдары басылып шыққан негізгі 25 оқулықты алып, Қазақ ұлттық медицина университетінің және Денсаулық сақтау министрлігіндегі терминологиялық комиссия мүшелерінің күшімен қайтадан сараптама жүргіздік. Әр оқулықтан жүздеген қателер табылды. Хирургиялық терминдерді талқылау медицина қауымы үшін — өзекті мәселе. Себебі хирургия — медицина саласының ең ауқымды бөлігі. Медициналық университеттерде хирургия саласы бойынша он шақты оқулық пен оқу құралы бар. Негізгі 5 оқулықты таңдап алып, сараптама жүргіздік. Мысалы, 2019 жылы басылып шыққан «Хирургиялық аурулар» атты оқулықтан табылған қате саны — 112. Мұндағы жіңішке ішек — аш ішек, травма — жарақат, жедел ішектің түйілуі — ішектің жіті түйілуі болуы керек. Тексеріс барысында сауатсыздықтың ерекше түрін көрдік. Мынадай ойдан құрастырылған «жаңа» жұрнақтар шығыпты: негізінде компрессонды емес, компрессиялық, инфузиондық емес, инфузиялық, колликвациондық — колликвациялық болуы керек. Қазақ тілінің тағы бір «қасіреті» — өзімізде бар қазақша терминдерді пайдаланбау. Мәселен, интенсивті — қарқынды, зоб — жемсау, пациент — науқас, дефект — ақау, доза — мөлшер, прогрессивті — үдемелі, симптомдар — белгілер деп аталады, — дейді Жауғашты Ахметов.
Конференцияға қатысушылар күні бойы кәсіби мемлекеттік тілдегі оқу үдерісі, терминдерді қалыптастыру және енгізу жолдары, олардың медицинада, хирургияда жасалуы мен қолданылуы сияқты өзекті проблемалар туралы пікірлерін айтып, тәжірибелермен бөлісті.Профессор, ғалымдар қазақша терминдерді біріздендіріп, жоғары оқу орындарында оқылатын қазақша оқулықтарға енгізуге ұсыныс жасады.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.



