Қорым қорғауды қажет етеді

Анық-қанық
Хромтау ауданы Қопа ауылынан 40 шақырымдай жерде Ақпан сайы бар. Соңғы 5 жылдан бері ол жерге алтын іздеушілер жиі келе бастапты. Ақпан сайының бойын қазып, техникамен әр жерді үңгіген алтын іздеушілердің әрекеттері сол жердегі шаруа қожалықтарының иелерін алаңдатып отыр. Өйткені ол жерде айтулы батыр Ақпан Келімбердіұлының бейіті жатыр. Оны біраз жыл бұрын батырдың ұрпақтары іздеп тауып, басына құлпытас қойған.

Бұл мәселеге байланысты «Ақпан» шаруа қожалығының басшысы редакциямызға келіп, шағымын айтты. Өтініш иесінің талабын қанағаттандыру мақсатында Ақпан сайына барып, жағдайды көзбен көріп келдік. Бұл сапарға облыстық Мәдениет архивтер және құжаттама басқармасының өнер және тарихи-мәдени мұраны дамыту бөлімінің бас маманы Анайы Құрманова және тарихи-мәдени мұраны зерттеу және қорғау орталығының директоры Фархад Досмұратов бастаған жұмыс тобы да барды.
Көзбен көргеніміздей, Ақпан сайының айналасында қазылған жерлер көп. Әсіресе Ақпан батыр жатқан қорымның іргесіне дейін қазылған жерлер қайта көмілмеген. Ол жақтағы қорымдар зерттеуді қажет етеді.
Ал сол маңдағы алтын іздеушілер барлау жұмыстарын жүргізу үшін портал арқылы заңды рұқсаты бар құжаттарды алға тартты. Алайда батырдың ұрпақтары жердің бүлінуіне қарсы. Олардың айтуынша, келесі жылы Ақпан батырға арналып кесене салынбақ. Жергілікті әкімдіктен бұл жердің қорғалуын, қоршалуын қамтамасыз етуді сұрап отыр. Ақтау қаласынан арнайы келген батырдың ұрпағы Құралбай Қарабалаев бұл аймақтың ерекше қорғалуы, алтын іздеушілердің жұмысына қадағалау жасау керектігін айтты.
— Менің шаруа қожалығым «Ақпан» деп аталады. Өйткені ертеден келе жатқан жердің аты Ақпан сайы болғандықтан, құжатта солай тіркедім. Бірақ бұл жерде Ақпан батырдың қорымы бар екенін кейін білдім. Сонау Маңғыстаудан ұрпақтары келіп,басына құлпытас қойып кетті. Содан бастап бұл жердің тегін еместігін, тарихи орынды жайлап отырғанымды түсіндім. Бірақ алтын іздеушілер жерімді жыл сайын бүлдіріп барады. Мен олармен 5 жылдан бері арпалысып келемін. Олар министрліктің арнайы рұқсатын көрсетеді. Сонда жергілікті тұрғындардың пікіріне құлақ аспай ма? Бұл туралы талай комиссия құрылып, жұмыс тобын әкелуге күш салдым. Бірақ еш нәтиже жоқ, Ертең жерді тапсыратын болсам бүлінген, қазылған жерлердің бәріне мен жауап беремін, — дейді «Ақпан» шаруа қожалығының басшысы Бауыржан Қарамолдиев.
Шаруашылық иесінің жанайқайының жаны бар. Алтын іздеушілер Ақпан сайын бойлап ағатын суды бөгеп, алтын жууға пайдаланған. Сондықтан төменге су ақпай, шаруашылықтың малы сусыз қалып отыр.
Тарихи-мәдени мұра нысандары, оның ішінде тарих және мәдениет ескерткіштері орналасқан жеручаскелері тарихи-мәдени мақсаттағы жерлер саналады. Аумақтарды қорғау кезінде жер учаскелері бөліп берілгенге дейін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тарихи-мәдени мұра нысандарын анықтау бойынша археологиялық жұмыстар жүргізілуге тиіс. Осыған байланысты Ақпан батыр жерленген қорымға зерттеу жұмыстары жүргізілмек. Мұны батырдың ұрпақтары өз мойнына алып отыр. Дегенмен олар күн сайын қазылып жатқан жерлерге алаңдаулы.
— Облыс жерінде республикалық маңызы бар 9тарихи-мәдени ескерткіш, облыстық маңызы бар 863 ескерткіш бар. Олар мемлекеттік қорғауға алынған. Сонымен қатар археологиялық зерттеуді қажет ететін 1500-ге жуық қорым бар. Олар алдын ала есепке алу тізіміне енгізілген. Ақпан батырдың жерленген жері есепке алу тізіміне енгізілді. Оның мәртебесі туралы түпкілікті шешім қабылданғанға дейін заңға сәйкес тарихи және мәдени ескерткіштермен бірге қорғауға жатады. Демек, тізімге енген күннен бастап тарих және мәдениет ескерткіштері мәртебесіне ие болады, — дейді тарихи-мәдени мұраны зерттеу және қорғау орталығының директоры Фархад Досмұратов.
«Ақпан» шаруа қожалығының басшысы Бауыржан Қарамолдиевтің айтуынша, мәселе толық тексерілмей отыр. Бұл істі тиісті мекемелердің қадағалауын, құзырлы орындарға тапсырма беріп біржақты шешім шығаратын уақыттың келгенін айтады.
Самат НАРЕГЕЕВ.



