Жаңалықтар

Пайдалы әрі тиімді

Жаһандану заманында адамдардың талабы күн санап күшейіп келе жатыр. Уақыт үнемдеуде де көпшілігіміздің оңтайлы тәсіл — электронды қызметті таңдап, ешқайда шықпай-ақ бірталай істі тындыратынымыз белгілі. Бұл — елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған цифрландыру саясатының арқасында іске асқан игіліктер. Осы тұста соның жарқын көрінісі ретінде «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясының мобильді қосымшасын айтуға болады. Биылғы 6 айда Ақтөбе облысы бойынша қосымша арқылы он мыңнан астам бейнеқоңырау қабылданып, онлайн қызмет көрсетілген.

Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жобасы — «Мобильді ХҚКО» қосымшасының іске қосылғанына 2 жылға жуықтады. Бұған дейін жоба аясында  бейнеқоңырауларды орталық қалалар қабылдаса, енді ақтөбелік мамандар да бұл мүмкіндікке ие болды. Соның арқасында тұрғындар кез келген қызметтерді жедел ала алады. Бұдан бөлек цифрландыру саясаты аясында бірталай жаңа қызметтер қолжетімді бола түсті. Ол үшін аталғанқосымшаны смартфоныңыздағы Play market немесе App Store арқылы жүктеп алсаңыз жеткілікті. Бұның барлығы ақысыз негізде жасалады.

Енді жүргізуші куәлігін алғаш рет алатын азаматтар «Мобильді ХҚКО» қосымшасы арқылы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына емтихан тапсыруға өтініш беріп, кезекті алдын ала брондай алады. Бұл жаңашылдық уақыт үнемдеуге әрі халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы кезекті азайтуға септігін тигізеді. Ол үшін ғаламтор қолданушыға «Мобильді ХҚКО» қосымшасында «Бейне қызмет» батырмасын таңдау керек. Артынша қызмет алушы алғашқы ақпаратты алу үшін оператормен тілдеседі. Одан кейін клиент мемлекеттік баж салығын төлеп немесе алдын ала төленген түбіртекті ұсынып, №073/у формадағы медициналық анықтаманың, автомектепті аяқтағаны туралы куәліктің, қызмет алушының суретінің сканерленген нұсқаларын және талапқа сәйкес қойылған қолтаңбаны жолдайды. Бәрі сәтті орындалған соң алдын ала кезекті брондау үшін емтихан тапсыратын күн мен уақыт ұсынылады.

Сол сияқты бұрын емтихан тапсыратын азаматтар өтініш беру және төлем жасау үшін мекемеге баруға міндетті еді. Енді бұл қызметті де үйден шықпай, онлайн алуға болады, — дейді «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» Ақтөбе облысы филиалының директоры Жәнібек Қамбаров.

Ал жүргізуші куәлігін алу үшін практикалық емтихан тапсыратындарды оператор онлайн кезекке тұруға арналған booking.gov4c.kz сайтына тіркейді. Бұл онлайн брондаужүргізуші куәлігін алғаш рет алатындарға арналған.

Жалпы, «Мобильді ХҚКО» қосымшасы — азаматтардыңуақытын үнемдеуде таптырмас құрал. Қосымшада операторға бейнеқоңырау шалу арқылы 38 мемлекеттік қызметке тапсырыс беруге, соның ішінде кезекті брондауға, QR- кодты сканерлеу арқылы электронды талон және қажетті анықтамалар алуға, сондай-ақ құжаттар бойынша өзге де сұрақтарға жауап алуға болады.

— «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылған мобильді қосымшамызға азаматтар тарапынан күн санап қызығушылық артып келеді. Айталық, биылғы 6 айда өңір бойынша 10 мыңнан аса бейнеқоңырау қабылданды. Тапсырыстардың ішінде электронды цифрлық қолтаңба алу — ең танымал қызметтердің бірі, — дейді жоғарыда аталған мемлекеттік корпорацияның өңірдегі өкілдігінің басшысы Ж.Қамбаров.

Айта кетейік, цифрландырудың озық үлгісіне айналып үлгерген мобильді қосымшаны кәмелет жасына толған кез келген азамат пайдалана алады.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button