Жаңалықтар

Полицей болған бір күнім…

Қазіргі уақытта цифрландырудың арқасында әкімшілік хаттама да планшетпен толтырылады, бірақ өзекті мәселелер әлі бар

Погонды журналист

Ақтөбе теміржол вокзалы — талай адам пойызға мініп-түсетін орын ғана емес. Бұл жерде көпшілік жиналғасын қылмыстың да түр-түрі болады… Рельстерді белгіленбеген жерде кесіп өту, вагондағы орынға заңсыз жайғасу, ұрлық, т.б. осы шойын жолдың бойында тіркеледі. Басқаны былай қойғанда, өз-өзіне қол жұмсайтындардың да, негізінен, аталған стратегиялық нысанды таңдайтыны рас… Бұның барлығын тікелей қадағалап, құқыбұзушылықтың алдын алуға мүдделі мекеме — Ішкі істер министрлігі Көліктегі полиция департаментіне қарасты Ақтөбе станциясындағы желілік полиция бөлімі. Бір сөзбен айтқанда, олар — вокзал мен әуежайда қоғамдық қауіпсіздікке жауапты полицейлер.

…Ел арасында погон таққандарға қатысты көзқарас әртүрлі. Бір анығы, тәртіп сақшыларының күн тәртібі, қылмыспен қалай күресетіні, тіпті қанша жалақы алып, нендей әлеуметтік жеңілдіктерге ие екені көпшілікке жұмбақ. Осы және басқа да тұстарды білу үшін біз бір күн полицей болуға бекініп, Ақтөбе қаласындағы теміржол вокзалының жұртшылық біле бермейтін тынысымен танысқан едік…

«Зымырайды пойыздар…»

Облыс орталығындағы теміржол вокзалының маңында орналасқан Ақтөбе станциясындағы желілік полиция бөлімінде бізді патрульдік полиция взводы командирінің орынбасары Айбек Китеғұлов күтіп алды. Жігіт ағасы өзінің кабинетіне бастап апарып, әуелі бізге дайындап қойған су жаңа қызметтік форманы кигізді. Қою көк түсті бешпет-шалбары, сыртынан киетін күртесі, бас киімі бар форма шынымен енді келген екен, қағазы да алынбапты. Іле-шала аттасым: «енді сен Ақтөбе станциясындағы желілік полиция бөліміәкімшілік полиция бөлімшесінің инспекторысың», — деді.

Жаңа «жұмыс орнымның» жай-жапсарына тоқталсам: Ақтөбе станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызмет ету аумағы 194 шақырымды құрайды. Бұған барлығы 8 разъезд,11 станция кіреді, арасында теміржол вокзалы мен әуежай да бар. Тәулігіне 10-12 жолаушылар пойызы өтеді, яғни шамамен 3 мыңға тарта жолаушы сапар шегеді.

— Ақтөбе станциясындағы желілік полиция бөліміқызметкерлерінің міндеті — теміржол бойында жолаушылар мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қылмыстың алдын алу, бөтеннің мүлкіне қолсұғуды болдырмау.

Осы міндеттерді орындау барысында жыл басынан бері желілік полиция

бөлімінің қызметкерлері 1958 әкімшілік құқықбұзушылықты анықтады.

Сонымен қатар Ақтөбе станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызмет ету аумағында жолаушылар және жүк пойыздарының 39 шұғылтежегіш қолдану дерегі тіркелді. Оның 19-ы теміржол бойына кенеттен адамның шығуымен байланысты болса, 20-сына жайылып жүрген мал себеп болған. Сол бойынша 30 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Құқықбұзушылықты алдын алуға бағытталған жұмыстарға қарамастан, биылғы 13 тамызда «Жіңішке-Ақтөбе» станциясы аралығындағы 1779- шақырымында №2680 жүк пойызы Өзбекстан азаматын басып кетті.

Жалпы, жыл басынан бері 90 қылмыстық дерек тіркелді. Соның ішінде Қылмыстық кодекстің 188-бабы, яғни ұрлық бойынша — 16 дерек. Әсіресе ұялы телефонды қолды қылатындар тыйылмай тұр,— дейді полиция капитаны Айбек Китеғұлов.

Аталған бөлімге қарасты патрульдік полиция взводы командирінің орынбасарының айтуынша, қоғамдық орында мас күйінде жүретіндер, белгіленбеген жерден жолды кесіп өтетіндер де азаймаған. Ішкі істер саласында қызмет еткеніне 25 жылға жуықтаған әңгімелесушіміз полицейлердің әр күні бір-біріне ұқсамайтынын, кезекшілік сайын кемінде бір «тосын сыйдың» болатынын атап өтті.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

 ҚР ІІМ көліктегі полиция департаментіне қарасты Ақтөбе станциясындағы желілік полиция бөлімі — Қазақстанда ең бірінші болып 1918 жылы құрылған желілік полиция бөлімдерінің бірі.

Инспектор іске кірісті…

Ішкі істер министрлігінің 2021 жылдан бері жүзеге асырылатын «Погонды журналист» жобасы аясында Ақтөбе станциясындағы желілік полиция бөлімі әкімшілік полиция бөлімшесінің инспекторы болып шыға келдім. Басты міндетіме, әлгінде айтқанымдай, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, қылмыстың алдын алуға бағытталған шаралар — дөңгелек үстел, кездесулер, жалпы түсіндіру жұмыстарын өткізу кіреді.

Күн тәртібіне сәйкес инспектор бөлімдегі өзге қызметкерлер сынды таңғы сағат 8-де басшылықтан нұсқама алып, арнайы жасаққа қосылады. Әр топта 4 адамнан болады. Мысалы, біздің нысан — теміржол вокзалында кинолог маман қоса қызмет атқарады.  Олардың барлығы жұмысқа кіріскен бойда өзіне тапсырылған аумақты бір аралап шығып, қоғамдық тәртіпті тексеріп шығады. Перрон, вокзалдың іші-сырты, арыз-шағым түскен жағдайда вагондарға да кіретін инспектордың жанында міндетті түрде арнайы үйретілген итімен кинолог маман жүреді. Жасақтағы бір қызметкерде Макаров тапаншасы, таяқша, кісен, рацияның болуы міндетті.

Қасыма еріп жүрген кинолог Артур Маратовтың осы бөлімге келгеніне көп уақыт болмаған. Цезарь атты иісшіл иті бар полиция қызметкері жұмысы өзіне ұнайтынын, қызмет барысында түрлі адамдардың кездесетінін айтты. Ең бастысы, қай кезде де сабырлылық танытып, сенімді серік — төртаяқты жануардың жай-күйін де ескеру қажет. Әдетте вокзалдың кіреберісінде сөмкелерді тексеретін ит күмәнді жағдайда вагондарға да барады. 1 жастан енді асқан ит иесінің сөзін түсініп, өз жұмысын адал атқаратынына куә болдық. Арнайы мамандар үйрететіні көрініп-ақ тұр…

Біз барған күні жауын-шашын молынан жауды. Соған қарамастан, зымыраған пойыздар кестедегі уақытына сәйкес келіп жатты. Әр пойыз перронға тоқтаған уақытта бір аралап шығу, сондағы қызметкерлердің жай-күйімен танысып, жолаушылардың қалыпты жеткенін бағамдау әлдеқашан дәстүрге айналған. Сол ізбен Ақтөбеге аман-есен жеткендермен тілдесіп, пойыз басшысымен көрісіп, барлығының жоспар бойынша орындалғанына көзіміз жетті. Кейіннен вокзал ішінде орналасқан арнайы бөлімге барып, цифрлық технологиялардың аужайын білдік.

Қылмысты ашуда цифрландырудың көмегі зор

Бұл бөлмеде вокзалдың әр бұрышындағы бейнекамералардың тікелей көрсетілімі ұйымдастырылған. Ішкі-сыртқы телефон желілері де осында. Қысқасы, цифрлық технологияларға арналған бөлмеде полицейлер үлкен экран арқылы бәрін қадағалап отырады.

Жалпы, қазір жолаушылар тасымалына жауапты мекемелердің барлығы цифрландыру жүйесіне көшкен. Кез келген полицей әкімшілік хаттаманың өзін электронды форматта толтыратынын айта кету керек.

— Ақтөбе станциясындағы желілік полиция бөлімі қадағалайтын Ақтөбе теміржол вокзалында — 105, ал Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежайда 142 бейнекамера орнаталған. Әкімшілік хаттама бұрынғыдай қағаз жүзінде жасалмайды, барлығы цифрлық форматқа көшірілген. Қызметкерлерімізде 7 планшет бар.

Сондай-ақ құжат айналымы да электронды түрде жүргізіледі. Кіріс, шығыс құжаттары, хаттар цифрлық форматтатолтырылады. Бұл уақытты үнемдесе, екінші жағынан, қай тарапқа да ыңғайлы.«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында бізде осы жұмыстар әлдеқашан бір жүйеге қойылған.

Мақтағаным емес, жылма-жыл біздің салаға Үкімет тарапынан қолдау күшейіп келеді. Тек еңбек етсең болғаны, — деген Ақтөбе станциясындағы желілік полиция бөлімі бастығының кадр саясаты жөніндегі орынбасары, полиция майоры Армас Молдағалиев бізге цифрлық технологиялар бөлмесін жіті таныстырып, техникалар туралы кеңінен мағлұмат берді.

Стратегиялық нысанда заң бұзатындар да азаймай тұр…

Ақтөбе станциясындағы желілік полиция бөліміне қарасты көші-қон тобының аға инспекторы Нұрсұлтан Жақановтың айтуынша, теміржол арқылы заңсыз қатынайтын, яғни ешқандай құжаты жоқ шетел азаматтары жиі кездеседі. Айталық, биылғы 9 айда 25 шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, сот шешімімен соның 14-іне 25 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынған. Ал сырттан заңсыз келген 6 адам еліміздің аумағынан шығарылыпты.

Өз кезегінде аталған бөлім бастығының орынбасары Нұртас Сүндетовтен білгеніміздей, шойын жолдың бойында алаяқтық, есірткі бизнесімен айналысатындар да толастамай тұр. Олармен күрес күні-түні жүргізіледі…

— Осы Ақтөбедегі теміржол арқылы жолаушылар ғана емес, тауарлы пойыздар да өтеді. Арасында пиғылы жаман, басқа ойды көздегендер де ұшырасады. Соның ішінде есірткіге қатысты қылмыстар аз емес. Мәселен, былтыр біздің полицейлер 2 келі есірткіні тәркілесе, биылдыққа 50 грамм көлемде тыйым салынған затты тапты. Бұның барлығы жедел іздестіру жұмыстарының арқасында анықталып отыр. Осы мақсатта қызметкерлеріміз күні-түні жұмыс істеп, арасында қызметтік формасыз да жорыққа шығады.

Сол сияқты жақында 2,5 тонна хром ұрлағандарды ұстадық. Бұл — өте ірі көлемдегі, құны қымбат тауар.  Қазіргі таңда аталған іс сотта қаралып жатыр.

Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары алаяқтар да көбейіп отыр. Алдап-сулап өзге біреудің ақшасын иемденетіндер, сенімге кіріп, басқа да жымысқы әрекетке баратындар айтарлықтай көп. Осыны болдырмау үшін тобымдағы жігіттер бар шеберлігін салуға тырысады, — дейді Нұртас Сүндетов.

Жастарға дәйім жол ашық

Барлығы 85 қызметкер еңбек ететін Ақтөбе станциясындағы желілік полиция бөлімінің жұмысы қауырт, жеделдік — бірінші орында. Бір күн сол жерде болған мезгілде бұған анық көз жеткіздік. Дей тұрғанмен мекеменің басшысымен аз-кем сұхбаттасудың сәті түсті. Бізді әсіресе тәртіп сақшыларының еңбекақысы, оларға ұсынылған әлеуметтік жеңілдіктер жайы ерекше қызықтырды…

— 2000 жылдан бері осы саладамын. Қарапайым сержант болып келіп, бүгін бөлім бастығы болып отырмын. Біздің жұмыстың өзіне тән қиын тұстарын көпшілігі біледі. Ал жақсы жағы — зейнет демалысына ерте шығасың. Баспанаң болмаса, пәтер жалдауға мемлекеттен қаржылай қолдау беріледі. Мәселен, егер өзі болса 48 мың теңге төленеді, келіншегі екеуіне — 96 мың теңге. Яғни отбасындағы әр адамға есептеледі.

Жалақыға келсек, тергеуші — 350-400 мың теңге, ал жаңадан жұмысқа қабылданған сержант 150 мың теңгеден жоғары алады. Қосымша жұмысқа шықса, барлығы төленеді, ешкімнің еңбегін жемейміз. Жыл санап жағдайымыз жақсарып келе жатыр.

Рас, кадр жетіспеушілігі бар. Осы тұста қолында дипломы болмаса да, әскери борышын өтеп келген 35 жасқа дейінгі жігіттерді де жұмысқа қабылдайтынымызды айтқым келеді. Бойы 175 сантиметрден төмен емес, денсаулығы мықты болса жарап жатыр. Екі айлық курсқа жібереміз де қатарымызға қосамыз, — деп сөзін түйіндеді Ақтөбе станциясындағы желілік полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Айбек Бекжанов.

P.S. «Погонды журналист» жобасы аясындаКөліктегі полиция департаментіне қарасты Ақтөбе станциясындағы желілік полиция бөлімінің жұмысымен танысқан біз мұндағылардың қызмет барысындағы қызығы мен қиындығына қатар куә болдық. Әр мамандықтың өзіне тән ерекшелігі болатынын ескерсек, полицей болу да соншалықты ауыр емес екен… Тек кәсібіңді жақсы көрсең болғаны.

 Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button