Көлік иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру бойынша төлемдер

Қазақстан Республикасында көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігі заңнамалық деңгейде белгіленген, ол жол-көлік оқиғасы жағдайына сақтандыру полисін рәсімдеуге міндеттейді.
Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру жол-көлік оқиғасы кезінде кінәлі адамның зардап шеккен адамның алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз ету тетігі ретінде көптеген жылдар бойы Қазақстан Республикасында маңызды өтемақы функциясын қамтамасыз етіп келеді.
Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру — жүргізушінің үшінші тұлғалар алдындағы жауапкершілігін, оның ішінде Қазақстан арқылы транзитпен жүретін жүргізушілердің жауапкершілігін сақтандыратын сақтандырудың міндетті түрі. Жол-көлік оқиғасында жүргізуші кінәлі болатын жағдайда зардап шеккен адамдарға шығынды сақтандыру компаниясы өтейді.
Мәселен, заңнамада белгіленген лимиттердің шеңберінде сақтандыру компаниясы апаттың зардап шеккен қатысушыларына олардың көлік құралдарын жөндеуге сақтандыру төлемін төлейді, сондай-ақ зардап шеккен адамның өміріне немесе денсаулығына зиян келсе, емделуге төлем немесе қайтыс болуына байланысты өтемақы жасалады.
Қазіргі уақытта Қазақстанда көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру бойынша сақтандыру полисін ашу барынша оңай әрі жылдам жүргізіледі. Бар болғаны сақтандыру компаниясының ресми сайтында өзіңіздің ЖСН мен көлік құралының мемлекеттік нөмірін енгізу жеткілікті, қалған ақпарат Бірыңғай сақтандыру дерекқорынан автоматты түрде толтырылады.
Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру полисінсіз сіздің жолға шығуға құқығыңыз жоқ және сақтандырусыз көлік айдағаны үшін 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру автокөлікті емес, жүргізушінің өзінің жауапкершілігін сақтандыратынын есте ұстаңыз.
Меншікті көлік құралын ерікті сақтандыру
Автокөлік иелері өздерінің қалауы бойынша автомобиль көлігін ерікті сақтандыру полисін қосымша рәсімдей алады.
Өз заттарына мұқият қарауға әдеттенген адамдар міндетті автосақтандыруға қосымша ретінде автомобиль көлігін ерікті сақтандыру полистерін жасағанды дұрыс көреді.
Ерікті сақтандырудың шарттары мен тәртібі тікелей сақтандыру полисінде айқындалады, себебі әрбір сақтандыру полисі жеке болып табылады және тараптардың еркіне қарай жасалады.
Сақтандыру жағдайы туындаған (жол-көлік оқиғасы ғана емес, сонымен қатар көлік құралына бөгде объектінің немесе заттың құлауы немесе ішіне енуі, өрт, жарылыс, табиғат апаты, найзағай ойнап, жай түсуі, үшінші тұлғалардың заңға қайшы әрекеттері және т.б.) кезде сақтандырылушы белгіленген лимит шегінде сақтандыру төлемін пайдалана алады, осылайша машинаны жөндеу арзанға түседі не оны сақтандыру полисі түгел өтейді. Егер алушы жол апатына кінәлі тарап болса да, меншікті көлік құралын осындай ерікті сақтандыру болса, оған төленеді.
Зардап шеккен тарапқа шығынды қосымша өтеудің талаптарын қамтитын ерікті сақтандыру полисі бар болса, жол-көлік оқиғасына кінәлі тараптан шығынды ерікті дербес өтеу талап етілмейді.
Жол-көлік оқиғасы кезінде сақтандыру төлемі қалай төленеді?
Жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен адамға сақтандыру төлемін төлеу процесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген.
Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру бойынша мүлікке келтірілген зиян айғақ бойынша өтеледі, бірақ егер зиян сомасы 600 айлық есептік көрсеткіштен асса, онда кінәлі адам қалған соманы дербес не ерікті сақтандыру арқылы (егер мұндай полис бар болса) төлейді. Мүгедектік белгіленбей, денсаулығына зиян келтірілген жағдайда, көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру бойынша сақтандыру төлемінің сомасы 300 айлық есептік көрсеткіштен аспайды. Зардап шеккен адам қайтыс болған жағдайда әрбір қайтыс болған адамға 2000 айлық есептік көрсеткіш төленеді.
Жол-көлік оқиғасынан кейін сақтандыру төлемін рәсімдеудің маңызды бөлігі — зардап шеккен адамға көлік құралын қалпына келтіру үшін аталған соманың жеткілікті болатынын түсіну үшін сақтандыру компаниясы көлік құралына келтірілген зиянның көлемін бағалауы қажет болады.
Сақтандырушы келтірілген зиянға жүргізген бағалау тәртібімен және (немесе) нәтижемен сақтанушы (зардап шегуші, пайда алушы) келіспеген жағдайда ол сақтандыру омбудсманының көмегіне жүгінуге құқылы.
Сондай-ақ көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шеңберінде, зардап шеккен адамның өмірі мен денсаулығына келтірілген зиян үшін сақтандыру төлемін алу үшін медициналық куәландыру алу қажет.
Жалпы алғанда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сақтандыру компаниясы жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен адамға соңғы құжатты алғаннан кейін 15 күннен кешіктірмей сақтандыру төлемін төлеуге міндетті.
Ерікті сақтандыру бойынша сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру тәртібі мен мерзімдері сақтандыру шартында айқындалады.
Өзіңізге, өз ақшаңызға абай болыңыз және Fingramota.kz-пен бірге қаржылық сауаттылығыңызды арттырыңыз!



