«Әлем әуені» Ақтөбеде
Облыстық тарихи-өлкетану музейіне Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі қорындағы аспаптар коллекциясынан жасақталған «Әлем әуені» атты жылжымалы көрмесі келді.
Көрменің салтанатты ашылуынаоблыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова қатысып, Ақтөбе төрінде алғаш рет мұндай көрме ұйымдастырып отырған Алматы қаласы музейлер бірлестігінің директоры Ләззат Құдайбергенқызына облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінованың, ал аталған бірлестік директорының орынбасары Рүстем Қайратұлына басқарманың Алғыс хаттарын табыстады.
Өз кезегінде сөз алған Рүстем Қайратұлы екіжақты әріптестік байланыстың одан әрі нығая беретінін айтып, музей директоры Мейрам Дүйсенғалиға домбыра сыйға тартты.
Көрме экспозициясына халқымыздың музыка тарихында «Алтын ғасыр» аталатын ХІХ-ХХ ғасырда өмір сүрген қазақтың әйгілі әнші-жыршылары мен күйші-композиторларының аспаптары қойылды.Бұл көрмеге музей қорынан 56 экспонат алып келдік.
Атап айтқанда, құнды жәдігерлер қатарында Абай Құнанбайұлының, Махамбет Өтемісұлының, Ақан серінің, Біржан салдың, Дина Нұрпейісованың домбыралары, Жарас бақсының нарқобызы, Қуаныш Әжімұратовтың қылқобызы сынды аспаптардың көшірмелері мен үрлемелі ұрмалы аспаптар бар. Сондай-ақкөрмеден ақтөбеліктер шулы аспаптарды да көре алады, — деді Рүстем Қайратұлы.
Көрменің бірінші күнінде зиялы қауым өкілдері, өлкетанушылар, ғалымдар, жыршылар мен күйшілер және студенттер қауымы көп болды. Келушілер аудиогид арқылы аспаптардың тарихымен танысып, олардың үнін тыңдады.
Бұл күні келушілер Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармониясы «Достық сазы» фольклорлық ансамблі мен белгілі қобызшы Жетес Жәмековтің өнерін тамашалады.
Көрме 29 қазанға дейін жалғасады.
Ақерке САТЫБАЛДЫ.