Елу жыл көлік тізгіндеген


Қоғамда өзі атқарып жүрген мамандығы үшін жаралған жандар болады. Сондай азаматтардың бірі — Жұмағали Килібаев.
Көлік айдауды кез келген жанның меңгеріп кетуі мүмкін. Бірақ жарты ғасырға жуық өмірін көлік жүргізушісі болып өткізу екінің бірінің қолынан келе қоймасы анық.
Осындай жауапкершілігі мол міндетті атқарып келе жатқан Жұмағалидің еңбек жолы 1975 жылдан басталады. Сол уақыттан бері тапжылмай бір салада еңбек етіп, зейнетке шықса да, әлі күнге дейін көлік жүргізушісі болып жұмыс жасап жүр.

Жұмағали Килібаев 1958 жылы қазіргі Мәртөк ауылдық округіне қарасты Жаңатаң ауылында дүниеге келген. Мектеп бітірген соң Жайсаң орта кәсіптік-техникалық училищесінің Мәртөктегі филиалында оқыған. Тракторшының куәлігін алып, Мәртөктің орман шаруашылығында жүргізуші болып жұмысқа тұрады. Кейін әскерге шақырту келіп, Отан алдындағы борышын өтеуге Қырғызстанның Ош қаласына аттанады. Әскерден келгеннен кейін де сол жұмысын жалғастырады.
— 1980 жылы аудандық парткомитетінің екінші хатшысы Жаманшалов деген азамат жүргізушілікке шақырып, сол жерде он жылдан астам қызмет еттім.
Түрлі қызықты оқиғалардың куәсі болдым. Есімде қалған бір оқиғамен бөлісейін. 1984 жылы ауданға іссапармен Дінмұхамед Қонаев келді. Біздің жақ алдынан нан мен тұз алып шығып қарсы алғанда «мұның қажеті жоқ еді» деп, қарапайымдылық танытқанда таңғалғанмын. Сол жолғы кездесуде ауданға аурухана қажеттігі айтылды. Үш күннің ішінде тиісті құжаттар әзірленіп, мәселе шешілді. Бүгінгі аудандық аурухананың ғимараты — соның нәтижесі, — дейді Жұмағали.
Еліміз егемендігін алған жылы сол кездегі ірі мекемелердің бірі «Автобазға» жұмысқаорналасады. Сол жерде жүргенінде кең профильді жүргізуші санатын алып, «КамАЗ» көлігінің тізгінін ұстайды. Кейін аудандық аурухананың жедел-жәрдемінің көлігін жүргізеді. Жұмағалидің еңбек кітапшасында аудандық салық басқармасының да мөрі басылған. Өйткені ол бұл жерде 25 жылға жуық уақыт еңбек етті. Зейнет жасына жеткенше аудандық қаржы бөлімінде, одан соң кәсіпкерлік бөлімінде көлік жүргізді. Еткен еңбегі елеусіз қалған жоқ. Түрлі марапатқа да ие болды.
— Алғыс та, Мақтау қағазы да көп болды. Ең бір есте қалғаны — осы жұмыстың арқасында баспаналы болып, көлік мінгенім.1983 жылы ауданның бірінші хатшысы қызметтік үйдің кілтін табыстады. Қызметтік көлікті жақсы күтіп пайдалғананым үшін «Нива» көлігін, кейін «Жигулиді» жекеме аударып берді, — дейді ол.
Жүргізуші Жұмағали қазір зейнетке шыққанымен, әлі күнге дейін көліктің рулінен түскен жоқ. Аудандық мәдениет бөлімінің шақыртуымен Мәдениет үйінде жүргізуші болып еңбек етеді.
— Бұрын жүргізіп жүрген көлігімізді өзіміз жөндейтін едік. Үсітіміз май-май болып жүргенін замандастарымыз көрді. Бүгінде заман өзгерді. Жүргізушіге жүктелген міндет те жеңілдепті. Өйткені қазір әкімдікте арнайы техникалық қызмет көрсету станциясы жұмыс істейді. Онда өзінің механик маманы бар, — дейді кейіпкеріміз.
Ол — отбасында адал жар, ардақты әке. Екі баласы да жоғары білімді.
Ұлы Данияр мұнайшы болса, қызы Әсем — заңгер. Бүгінде жары Әсия екеуі ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, бес немере мен жиеннің ата-әжесі атанып отыр.
Еңбек адамының тыныс-тіршілігі — әріптестеріне де үлгі, өнегі.
— Жолдасым бір күн жұмыссыз үйде жатқан емес. 44 жыл үздіксіз көлік жүргізді. Адал қызметін әлі күнге дейін жалғастырып жүр. Жұмысына аса жауапкершілікпен қарайды. Өзіне тапсырылған тапсырманы әркез бұлжытпай орындайды. Ал біз оған үйге келгенде барынша жағдай жасауға тырысамыз. Өйткені отбасындағы жағдай жақсы болса, ер азаматтың сырттағы жұмысы өрге жүзеді, — дейді Жұмағалидің өмірлік серігі Әсия.
Әлиянұр КЕЛБАТЫРОВА,
Мәртөк ауданы.



