Азаматтық сектор — алтын көпір
Amanat партиясы облыстық филиалының ғимаратында облыс әкімі Асхат Шахаровтың қатысуымен «Азаматтық сектор және мемлекеттік органдардың сабақтастығы — өңір дамуының драйвері» атты өңірлік азаматтық форум өтті.
Шараны «Тәуелсіз Қазақстанның халық батырлары» республикалық қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе облысы бойынша филиалының төрағасы Құралай Байменова жүргізіп отырды.
Форумда сөз сөйлеген облыс әкімі еліміздегі азаматтық қоғам институттары мемлекеттің стратегиялық серіктесі болып отырғанын, күннен-күнге үкіметтік емес ұйымдарға деген азаматтардың сенімі артып келе жатқанын жеткізді.
— Азаматтық сектор қоғамға ең өзекті мәселелерді шешуде көмектесуі керек. Оның ішінде денсаулық сақтау саласы, мүмкіндігі шектеулі жандарға, қарттарға көмек көрсетіп, жастарды тәрбиелеу бағытындағы мәселелерге назар аудару қажет. Өңірімізде бұл салалар бойынша көптеген үкіметтік емес ұйымдар жұмыс істеп жатыр. Жаңадан ашылған ұйымдар да аз емес, олар жаңа салаларды қамтуда. Бүгінгі өткізіліп отырған азаматтық форум — қоғам мен мемлекет арасындағы диалогты дамытудың алаңы.
Бүгінде азаматтық сектор саласында шешуі табылмаған мәселелер көп. Сол себепті осы форумда айтылған ұсыныстар мен пікірлерден нәтиже шығарып, қоғамға пайдалы жобаларды жүзеге асыруымыз керек, — деді А.Шахаров.
Бұдан кейін Мәдениет және ақпарат министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының міндетін атқарушы Мадияр Қожахмет сөз сөйлеп, министрлік тарапынан азаматтық қоғамды нығайтуға бағытталған шаралар туралы айтып берді.
— Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор қоғамына ашықтық пен есептілікті арттыру мақсатында қоғамдық бақылауды жүзеге асыру процестерін реттеуге бағытталған «Қоғамдық бақылау туралы» Заң жобасы әзірленді. Бұл заң жобасы бүгінде Парламент Сенатына енгізіліп, қаралуда. Бұған қоса министрлік қоғамдық бірлестіктер туралы Заң жобасына өзгерістер енгізуді жоспарлауда. Бұл түзетулер азаматтар мен бірлестіктердің құқықтарын кеңейтуге мүмкіндік береді. Бұл Заңның қабылдануы қоғамдық бірлестіктерді құруды жеңілдетіп, олардың қызметіне қатысты мәселелерді реттеуге ықпал ететін болады. Биыл жүргізілген жұмыс қорытындысына сүйенсек, республика бойынша азаматтық сектор өкілдерінің үлесі 23,5 пайызға өсті. Оның ішінде Ақтөбе облысында 204 адамды қамтитын 14 қоғамдық кеңес жұмыс жасайды. Қоғамдық кеңестердегі азаматтық сектор өкілдерінің үлесі 85 пайызға жеткен, бұл республикалық көрсеткішке қарағанда әлдеқайда жоғары, — деді ол.
Оның айтуынша, бүгінде республика бойынша жастардың үлесі 9,66 пайыз болса, Ақтөбе облысындағы қоғамдық кеңес құрамындағы жастардың үлесі — 10,2. Олардың басым бөлігі Ақтөбе қаласында тұрады. Алайда Мәртөк, Мұғалжар, Шалқар, Қарғалы аудандарында қоғамдық кеңес құрамына жастар кірмеген. Мадияр Қожахмет өңірде бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру керектігін айтып, жастарды мейлінше қоғамдық ұйымдарға тарту қажет екенін тілге тиек етті.
Форум барысында Қазақстан азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева, облыстық үкіметтік емес ұйымдар ассоциациясының белсенді мүшесі, «Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту агенттігі» қоғамдық қорының төрағасы Абай Мырхин, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының міндетін уақытша атқарушы Алмат Мырзалиев, ерікті жас Әлішер Садық баяндама жасап, азаматтық секторды дамыту, үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын жандандыру, ерікті жастарға қолдау көрсету, т.б. мәселелерді көтерді.
Форум соңында облыс әкімі өңірдегі белсенді үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін Алғыс хатпен марапаттады.
Данагүл ҚАЗИХАН.