Жаңалықтар

Астаналықтарға Ақтөбенің дәмі ұсынылады

Жәрмеңке

Еліміздің бас қаласы — Астанада 30 қыркүйек-1қазан күндері Ақтөбе облысының тауар өндірушілерінің қатысуымен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізіледі.

Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембайдың айтуынша, жәрмеңкеге 12 аудан мен Ақтөбе қаласынан 20-дан астам ауыл шаруашылығы өнімін өндірушіжәне қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындар қатысады.

— Астана қаласындағыТәуелсіздік көшесіндеөтетін жәрмеңкеде ақтөбелік шаруалар мен кәсіпкерлер астаналықтарғажалпы көлемі 230 тоннадан астам ауылдың дәмін ұсынады. Оның 80 тоннасы — ет, 61 тоннасы —  картоп және көкөніс, 30 тоннасы — сүт өнімдері, 10 тоннасы — шұжық, 6 тоннасы — балық. Сондай-ақ 8 тонна ұн және ұннан жасалған өнімдер, 17 мың жұмыртқа, 32 тонна басқа да тауарлар сатылады. Жәрмеңкеге шығарылатын өнімдердің бағасы Астана қаласындағы базарлар бағасынан 15-20 пайызға төмен болады, — дейді Құсайын Сәрсембай.

Елорда төрінде өткізілетін жәрмеңкеге өңірімізге танымал қайта өңдеу кәсіпорындары да қатысады. Мәселен, «Айс+» пен «Агрофирма Тау» компаниялары сүт өнімдерін, «Шыңғыс», «Абылай» шаруа қожалықтары мен «Шекшек Ата» ауыл шаруашылығы кооперативі қымыз, шұбат, ешкі сүтін ұсынса, «Жаңа-Әлжан диірмен комбинаты» мен «Рамазан» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері ұн және макарон өнімдерін апармақ. Ал «СПК «Айбек», «Степное», «Рокос» кәсіпорындары консервіленген ет және шұжық өнімдерін,«Изет Грин Хаус» және «Гринхаус Казахстан» серіктестіктері жылыжай өнімдерін жеткізбек.

Сәрсенбі күніАқтөбе облысының ауыл шаруашылығы өнімдерін тиеген автокеруен Астана қаласына аттанды.

 Өз тілшімізден.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button