Мемлекеттік тілдің мерейі

Ақтөбе қаласында «Мемлекеттік тілдің этносаралық қатынас тілі ретіндегі рөлі» атты дөңгелек үстел өтті. Оған атқарушы билік өкілдері, тіл жанашырлары, журналистер қатысты.
Облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінованың төрағалығымен өткізілген жиында алдымен мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту бағытындағы жұмыстар сараланды.
— Жыл өткен сайын жұртшылықтыңмемлекеттік тілге қатысты талабы өзгеріп келе жатыр. Оң өзгерістер бар. Қаланы былай қойғанда, аудандарда да бірталай көше мамандардың араласуының арқасында қазақша атауларға өзгертіліп жатыр. Сондай-аққазіргі таңда мемлекеттік тілдегі құжатайналымның үлесі 99 пайызға жетті. Тек елшіліктерден, басқа да сырттан келген кіріс құжаттарына ғана сол тілде жауап беріледі. Ең бастысы, біз, азаматтар, тілдік ортаны дамыту үшін әрқайсысымыз соған атсалысуымыз керектігін естен шығармайық. Ол үшін айналамызда, отбасымызда қазақша сөйлеп, соны өскелең ұрпақтың бойына сіңіру қажет, — дедіБұлбұл Елеусінова.
Облыстық тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Маржан Жанасова тілдерді оқыту орталығының курстары Ақтөбе қаласында ғана емес, 3 ауданда — Қарғалы, Хромтау, Мәртөкте жұмыс істейтінін атап өтті. Биылғы 8 айда мемлекеттік тілді оқытумен қамтылған 1497 адамның 42 пайызы — өзге ұлт өкілдері.
—Биылғы 8 айда Ақтөбе қаласындағы атауы жоқ көшелерге атау беру және идеологиялық тұрғыдан ескірген көшелерді қайта атау бойынша 99 ұсыныс, аудандар бойынша 9 ұсыныс қолдау тапты.
Ақтөбедегі көрнекі ақпарат мәтіндерінің тіл туралы заңнама талаптарына сәйкес стильдік, орфографиялық тұрғыда сауатты жазылуын қадағалау, әдістемелік көмек беру, азаматтардың тіл саясаты туралы ақпараттандыру деңгейін көтеру мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіледі. Айталық, осы жылдың 8 айында облыс бойынша 1045 жарнама мәтіні сараланды. Тіл туралы заңды бұзған 150 жарнама мәтінін түзету бойынша әдістемелік көмек көрсетілді. Жарнама агенттіктерінен түскен 1015 жарнама мәтінінің 476-сынан қателер анықталып, түзетілді, — деді Маржан Жанасова.
Басқосу барысында «Қазақ тілі қоғамы» облыстық филиалының төрағасы Роман Рахиев, Ақтөбе қаласындағы әкімшілік-аумақтық бірліктерді және оның құрамдас бөліктеріне атау беру және қайта атау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі Алмат Пангереев, тіл жанашырлары Естай Жайлыбай, Серік Әбдіжәми, т.б. сөз сөйлеп, тақырыпқа қатысты ой-пікірін ортаға салды.
Соңында облыс әкімі атынан Бұлбұл Елеусінова бірнеше тіл жанашырына Алғыс хат тапсырып, жиналғандарды мемлекеттік тілдің мерейін бірлесе көтеруге шақырды.
Айбек СЕРІКҰЛЫ.