Мерзімі өткен азық-түлік сөреде тұрмасын десеңіз…

Соңғы уақытта дүкендердегі мерзімі өткен азық-түлікке шағымданушылар жиіледі. Тамақтан улану жағдайлары да кездесіп тұрады. Мұндайда қайтпек керек? Бұл жөнінде құзырлы орган өкілдері түсінік берді.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің бөлім басшысы Мейрамгүл Елеуова:
— Біздің мамандар «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірлесе тамақтан уланудың алдын алып, қолданыстағы санитариялық ережелердің негізгі талаптарын түсіндіру үшін кәсіпкерлік субъектілеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Биылдыққа бұл мәселе бойынша 62 семинар, 12 дөңгелек үстел өткізілді. Газеттерге 47 мақала жарияланды. Бірақ тұтынушылар тарапынан түсетін арыз-шағымдар, атап айтсақ, сақтау мерзімі өтіп кеткен азық-түлік өнімдерінің сатылуы, сақтау шарттарының орындалмауы, тасымалдау шарттарын сақтамау, антисанитариялық жағдай және сауда орындарында жәндіктердің жүруі, т.б. бойынша хабарласушылар толастамай тұр. Бұны біз ірі дүкендердің басшылығына жеткіздік.
Былтыр қоғамдық тамақтану нысандарында уланудың 2 жағдайы тіркелген. Зардап шеккендердің саны — 12 адам, олардың 1-еуі — бала. Аталған жағдай бойыншажоспардан тыс тексеріс қорытындысы негізінде анықталған санитарлық бұзушылықтарға әкімшілік айыппұлдар салынды. Ал биылдыққа 5 маусымда жаппай тамақтан уланудың 1 жағдайы тіркелді. 10 адам зардап шексе, оның 7-еуі — бала. Бұл бойынша да тәртіп бұзғандар айыппұл арқалады, — деді.
Оның айтуынша, дүкенде немесе базарларда, қоғамдық тамақтану орындарында азық-түлікке қатысты заңбұзушылықты байқасаңыз, бірден Ақтөбе облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне хабарласу керек.
— Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің талабына сәйкес жоспардан тыс тексеру үшін (Құқықтық статистика және арнаулы есепке алу жөніндегі уәкілетті орган тексеруді тағайындауға негіз болған фактілер мен мән-жайлар болмаса тіркемейді) өтініште өз сөзіңізді растайтын дәлелдемелер болуы қажет. Атап айтсам, сурет, бейнежазба, сатып алу түбіртегі, басқа да дәлелдемелер. Сонымен қатар құқықбұзушылық анықталған кезде барлығын дәлел ретінде растау үшінполиция шақырып, ресми тіркеуге болады. Егер ондай мүмкіндік болмаса, департамент орналасқан Ақтөбе қаласы, Сәңкібай батыр даңғылы, 1 мекенжайына келіп, арызыңызды жазбаша тапсырып, хаттамаға түсіруге немесе «Электронды үкімет» порталы арқылы жазуыңызға болады. Анықтама телефоны: 55-78-12, 55-77-39.
Анонимді өтініштер қаралмайды, — дейді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің бөлім басшысы.
Айбек СЕРІКҰЛЫ.



