Жаңалықтар

Қыркүйек — күз басы

Шолу

Бұл айда шаруа адамы етек-жеңін жинап, қыр астында қыс бар екенін ескеріп, көп тірлігін ықшамдай бастайды.

Ай басындағы жаңалық — облыс басшылығына бұрын Ақтөбе қаласының әкімі қызметін атқарған, ҚР Президент Әкімшілігінің бас инспекторы лауазымындағы Асхат Шахаров тағайындалды.

Қыркүйекте облыс экономикасын одан әрі дамытудың бірқатар жобалары белгіленіп, жаңа міндеттер белгіленді.

Солардың бірқатарына тоқталсақ…

Вице-министрдің бағасы

Ұлттық экономика вице-министрі Абзал Әбдікәрімов өңірде болған сапарында «Ақтөбе — ауылды дамыту бағдарламаларын орындау бойынша көш басында» деп баға берді.

Ол Алға ауданындағы Үшқұдық ауылдық округінің жай-күйімен танысып, тұрғындармен кездесті.

Үшқұдық мектебі «Ауыл — ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өткен. Бұл мақсатта Үкіметтен 23 миллион теңге бөлінген еді.

«Шаңырақ XXI» ЖШС-ның мердігерлігімен «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы бойынша салынып жатқан спорт кешенінің жобалық құны — 279 миллион теңге.

Осында «Абаттандырылған ауыл» жобасымен «Жанұя» саябағы жаңа қалыпқа енді.

Ақтөбе облысына биыл «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы бойынша 10 миллиард теңге бөлінді. Осы ауқымда мыңнан астам жоба іске асырылып жатыр. Шағын несиелеу бойынша қолға алынған «Ауыл аманаты» жобасының да көрсеткіші де жоғары.

Вьетнамдық инвесторлармен кездесті

Облыс әкімі Асхат Шахаров вьетнамдық «Sovico Group» компаниялар тобының өкілдерімен кездесті. Кездесуде ынтымақтасты дамыту, инвестициялар тарту мәселелері талқыланды.

Аталған компания энергетика, құрылыс, банк және қаржы, авиация салаларында түрлі жобаларды жүзеге асыруда мол тәжірибеге ие.

Бұл жолы авиация саласындағы инвестициялық жобалар, әсіресе Мемлекет басшысының биылғы Қазақстан халқына Жолдауында айтылған Ақтөбе халықаралық әуежайы базасында өңірлік мультимодальді хаб құру тапсырмасын іске асыру мәселесі қаралды, Ақтөбе мен Вьетнам арасында әуе рейсін ашу туралы сөз қозғалды.

Ақтөбе мен Жалал-Абад арасы жақындай түседі

Тараз қаласында өткен Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы І өңіраралық ынтымақтастық форумында Ақтөбе облысы мен Жалал-Абад облысы арасында бауырластық байланыс орнату жөнінде меморандумға қол қойылды.

Бұл меморандум өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту, энергетика, тау-кен байлығын игеру, тоқыма, химия және тамақ өнеркәсібі салаларын дамытуды көздейді. Сондай-ақ туризм, көрме-жәрмеңке қызметі, спорт, ғылым мен білім, шығармашылық байланыстар да нығая түспекші.

Айта кетерлік жайт, биылғы алты айдағы Ақтөбе облысы мен Қырғызстан Республикасы арасындағы сыртқы сауда айналымы 22 миллион доллар болды.

Жол картасы — жақсы істер жаршысы

Amanat партиясы облыс бойынша 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасына сәйкес жол картасының орындалуы туралы есеп берді.

Жол картасы бойынша білім беру саласында биылға 10 бағыттағы ауқымды жоба жоспарланған. Оның ішінде бірінші бағыт бойынша 22 мектеп салу жобасы бар. Сайлауалды бағдарлама аясында 4 мектеп ашу жоспарланды.

Бүгінде Мұғалжар ауданы Құмжарған ауылында 60 орындық мектеп пайдалануға берілді. Алға ауданы Маржанбұлақ ауылында300 орындық мектеп салынуда. Ақтөбе қаласында 12 мектеп жанынан 200 орындық қосымша құрылыс салынуда.

Шағын қалаларда, аудан орталықтарында және ауылдарда заман талабына сай кемінде 162 мектепті жаңғырту жоспарланды. Биыл 56 мектепті жаңғыртуға 1,1 миллиард теңге бөлінді.92 мектепті 158 жаңа модификациялық пәндік кабинетпен қамту үшін бюджеттен 846,7 миллион теңге қарастырылды.

«Қуатты өңірлер — ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында 7 жылда облыста 9,2 миллион шаршы метр тұрғын үй немесе 86,5 мың пәтер пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Аудан әкімдері сайланады

Алдағы 5 қарашада Ойыл, Қобда және Ырғыз аудандарында әкімдер сайлауы өтеді. Қыркүйекте үміткерлерді ұсыну шаралары басталды.

Үміткерлерді белгіленген тәртіппен тіркелген саяси партиялар немесе үміткердің өзі ұсына алады.

Үміткерлерге қойылатын талап — Қазақстан Республикасының азаматы болуы, жас шамасы жиырма бестен кем болмауы, сондай-ақ тексерістен оң нәтиже алуы.

Бір ерекшелігі, сайланатын әкімдердің өкілеттік мерзімі — 4 жыл.

35 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды

«Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба» бағдарламасы сәйкес өңірде биыл жалпы саны 53 мың адамды жұмыспен қамту жоспары бекітілген. Осы күнге дейін 35 мыңнан астам адам еңбекпен қамтылды.

Жыл басынан бері аталған бағдарлама аясында 630 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен қамтылып, 1575 тұрғын әлеуметтік жұмыс орындарына орналастырылды. «Күміс жас» жобасымен 869 адам жұмысқа орналасып, 4475 адам электронды еңбек биржасының онлайн оқуына қатысты. Сондай-ақ 4475 адам мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, өз кәсібін бастады. «Бастау-Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін 6523 адам игерді.

Жыл соңына дейін облыс көлемінде әртүрлі санат бойынша жалпы саны 78 бос орындар жәрмеңкесін өткізу жоспарланып отыр.

«Саламатты Қазақстан» пойызы — денсаулық демеушісі

«Саламатты Қазақстан» әлеуметтік пойызы облыстың бірнеше ауданында болды. Байғанин ауданының Ноғайты ауылында басталған сапар Мәртөк ауданында жалғасты.

Денсаулық сақтау министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі және «ҚТЖ» мемлекеттік республикалық кәсіпорны және Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия ұйымдастырған жылжымалы медициналық пойыздың қабылдау бөлімінде әрбір науқасқа медициналық карта ашылып, электронды базаға енгізіледі. Өтініш берген адам жан-жақты тексеріліп, қабылдауға жазылады.

Ауыл тұрғындарының көпшілігі невропатолог, неонатолог, стоматолог дәрігерлерге қаралды, сонымен бірге УДЗ  аппаратына түсіп, қандағы қант деңгейін тексерткендер де көп болды.

* * *

Қыркүйек айының соңында «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі 1 қазан — Халықаралық қарттар күніне орай «Қарттарға қамқорлық» айлық акциясын жариялады. Бұл кешегі күні бүгініміз үшін аянбай еңбек еткен, талай қиындықтарды бастан өткерген аға буынға деген құрмет, ілтипат көрінісі болмақ. 

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button