Жаңалықтар

Amanat партиясынан аудан әкімдері лауазымына ұсынылған кандидаттардың есімі белгілі болды

Биыл әкімдер сайлауы өтетін аудандарда Аmanat партиясы филиалдарының конференциялары басталды. Конференция делегаттары әкім лауазымына ұсынылатын кандидаттарды бекітуде.

Партияның Ойыл аудандық филиалының кезектен тыс L (50-ші) конференциясы өтті. Конференция жұмысына қатысқан делегаттар шешімімен Ойыл ауданының әкімі лауазымына кандидат ретінде Асқар Қазыбаев ұсынылды. Алдағы күндері ол аумақтық сайлау комиссиясында тіркеуден өтеді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстанда сайлау жүйесі жетілдірілуде. 2021 жылдан бастап елімізде ауыл әкімдерін тікелей сайлау тетігі іске қосылды. Осылайша, өңірдегі Ойыл,Ырғыз және Қобда аудандарының әкімдерін тікелей сайлау арқылы азаматтардың саяси белсенділігін арттырмақпыз. Алдағы сайлау науқаны саяси мәдениет пен бәсекелестікті арттыратыны анық»,– деді Amanat партиясы Ақтөбе облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ербол Данағұлов.

Ол былтырдан бастап өңірде 111 ауылдық округ әкімдерінің сайлауы өткенін, оның барысында Amanat партиясынан 101 кандидат жеңіске жеткенін атап өтті. Бұл партияның саяси науқанға дайындығын және білікті кадр мен сауатты саяси платформамыз барын аңғартады.

Сондай-ақ, Amanat партиясы Ырғыз аудандық филиалының кезектен тыс ХХХІХ (39-шы) конференциясы өтті. Іс-шараға 24 делегат қатысып, олар аудан әкімі лауазымына Нұрлан Қызбергеновты ұсыну туралы шешім қабылдады.

М.БЕКТҰРҒАНОВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button