Жаңалықтар

«Қарызсыз қоғам»: 6 мың адам қаржылық сауатын арттырды

Amanat партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасын ерекше атап өту қажет. Соның арқасында еліміздің 8 аймағында 20 мыңнан астам адам қаржылық сауатын арттырды. Олардың көпшілігі — 10 және одан да көп несие алған адамдар. Бұл жоба аз уақытта өзінің тиімділігін көрсетті. Үкіметке Amanat партиясымен бірлесіп, оның ауқымын кеңейтуді тапсырамын. «Қарызсыз қоғам» жобасының игілігін бүкіл еліміз көруі қажет».

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауынан.

 Несие алуға да сауаттылық керек

Биыл мамыр айынан бастап елімізде Halyk Bank  пен Amanat партиясының бастамасымен «Қарызсыз қоғам» жобасы жүзеге асырылуда. Бұл жоба бойынша оқыту курстары биыл Ақтөбе, Алматы, Түркістан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Аты­рау және Маңғыстау облыстарында өтіп жатыр.

Бұған дейін Halyk Bank-тің бас­қарма төрағасы Үміт Шаяхметова елімізде 1,3 миллионнан 1,8 миллионға дейін проблемалы қарыз алушы бар екендігін, осы жылдың соңына дейін «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 76 мың адам қаржылық сауаттылық бойынша біліктілігін арттыратындығын, аталған жо­баның бірінші кезеңіне 8 облыс қатысатынын атап өткен болатын. 200-ге жуық қаржы сарапшысы аптасына 5 күн, ұзақтығы 50 күнге дейін қаржы мәселесіне қатысты толыққанды білім береді. Офлайн тәртібінде өтетін оқулар барысында маңызды сауалдарға сарапшылардан лезде жауап алу мүмкіндігі де қарастырылған.

Ал «Amanat» пар­­тия­сының атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев: «Жобаның ең басты мақ­са­ты — қаржылық сауаттылықты арттыру, ал ең не­гізгісі несие алып, қайтара алмай жүр­ген азаматтарға көмектесу. Олар несие кіріптарлығына қалай тү­сіп қалғандарын өздері де байқамай, соңында оны өтеуге мүмкіндіктері жоқ, үш айдан астам кешігуі бар, банкроттық туралы ойлай бастайды. Сондықтан біз осындай қиын жағдайға кезіккен жандарды тығырықтан шығудың жолын қарастырып, аталған жобаны қол­ға алдық» — деген еді.

Оның айтуынша, жоба қаржылық алаяқтықты азайтуға, қа­­рыздың шектен тыс жиналуын бол­­­­­­дырмауға және жалпы ауылдағы қар­­жы­­­­­лық мәдениетті жетілдіруге

көмек­тесе­­­тініне сенімді.

  • Біз әр­қа­шан әлеуметтік маңызы бар жобаларды қолдауды өз миссиямыз деп біле­міз. Халық несие аларда тиімді мөл­шер­ле­менің деңгейін түсінбей, мерзіміне және несиені қайтару шарттарына назар аудармайтыны бар, соның салдарынан несиені қайтаруда қиындықтарға кезігіп жатады. Тіпті бүгінде қа­рыз­дарын уақытында қайтара алмай отырған проблемалы несие алушылар қатары өскен, — дейді Halyk Bank-тің басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова.

«Қарызсыз қоғам» жобасының тиімділігі сол — оқу курстарында тренерлер қатысушылардың қаржылық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың арасында несие алып, кәсіптерін дамытуды ойластырып жүргендеріне бизнесті қалай бас­тау керегін, қаржыны қайда бағыттау қа­жеттігін, сондай-ақ бизнес-жоспар құ­руды үйретеді.

Қала тұрғындары да оқып жатыр

«Қарызсыз қоғам» жобасының Ақтөбе облысы бойынша жоба жетекшісі Гүлнара Сейтжаппарованың айтуынша, аталған жоба аясында бүгінге дейін облыста 6 мыңға жуық адам қаржылық сауаттылығын арттырған.

Облыс бойынша барлық аудандарда әртүрлі санатқа жататын азаматтар осы курстарға қатысып жатыр. Олардың қатарында көпбалалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көмекке мұқтаж отбасылардың мүшелері, жастар мен мойнында несие бар қала тұрғындары бар. 18 қыркүйектен бастап Ақтөбе гуманитарлық колледжі, Ақтөбе гуманитарлық-техникалық колледжінде 165 қала тұрғыны оқытылды. Ал осы аптада Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінде, Ақтөбе медициналық колледжінде және ауылшаруашылық колледжінде 240 адам тегін білім алуда. Осы күнге дейін облыс бойынша  жалпы саны 5983 адам оқу курсына қатысты. Сондай-ақ қазір Мәртөк ауданында да 165 тұрғын қаржылық сауаттылығын көтеруге қызығушылық танытып отыр, — дейді Г.Сейтжаппарова.

Оның айтуынша, мамыр айынан басталған жоба осы жылдың аяғына дейін жүзеге асырылады. Жоспар бойынша өңірде 8 мың адам аталған оқу курсымен қамтылуы керек. Облыс бойынша алдағы айларда әлі де екі мың тұрғын қаржылық сауатын арттыруға тиіс.

— Қазан айынан бастап облыс бойынша екі мың адамды оқу курстарымен қамту көзделіп отыр. Оның ішінде 160-ы Ақтөбе қаласының тұрғыны болса, қалғаны — аудан тұрғындары. Олардың арасында 20-ға толған жастар да бар. Олардың дені несие алып, төлей алмай жүрсе, бірқатары алданып, қарызға батқан. Жалпы облыста қажетті заттары үшін несие рәсімдеген жастардың саны көп. Біз оларды да осы жобаға қатыстырып жатырмыз. Алдын ала жоспар бойынша жоба қараша айында аяқталады. Осы мақсатта қазір біз үздіксіз жұмыстанып жатырмыз, — дейді жоба жетекшісі.

Аталған жоба аясында қатысушыларға дәріс оқып жүрген қаржы сарапшысы Ақмарал Айтжанованың айтуынша, қазір халықты мазалайтын басты сұрақ — банкке берешегінің көбеюі.

Мен Мұғалжар ауданын толық аралап, мыңнан астам ауыл тұрғынына дәріс өткіздім. Сол кезде түсінгенім, ауыл тұрғындарын несие берешегі көп мазалайды. Өйткені көптеген адам жеке кеңес алуға жазылып, қатысып, қарыздан қалай құтылу жолдарын сұрады. Әрбірінің несие тарихын жеке зерттеп, тығырықтан шығу жолдарын айттым, — дейді Ақмарал Айтжанова.

Оның айтуынша, қазір жастардың арасында қарызға батып, тапқан жалақысын үнемдей алмайтындар көп. Мысалы, кәмелет жасқа толған қыз ата-анасына айтпай, бірнеше несие рәсімдеген. Ол көбіне ұялы телефон арқылы төлем жасаған соң қаражатты тез жұмсайтын болған, сондай-ақ несиеге төлейтін қаржысы көбейген. Қаржы сарапшысы төлем жасау тарихын зерттей отырып, такси қызметіне және уақ-түйекке көп ақша жұмсайтынын дәлелдеп берді. Сондай-ақ шығынын азайтуды және қарыздан құтылудың жолдарын айтты. Нәтижесінде курсқа қатысушы күніне 6 мың теңге табыс табатын жұмысқа тұрып, аз уақытта екі несиесін төлеген.

Жоба аясында қаржылық сауаттылығын арттыру курсына жазылған Ақтөбе гуманитарлық колледжінің студенті Ботагөз Нұрмағамбетова қазіргі жастар ақшаны дұрыс жұмсаудың жолын білмейтінін айтады:

Курсқа қатысып жатқаныма үш күн болды. Қолымдағы қаражатты мақсатты жұмсауды, несиені қайтару процесін есептеп үйрендім. Бұл — мен үшін құнды ақпарат. Бұрын осындай курсқа қатысқым келгенімен, көп жерде ақылы болғандықтан қолым жетпей келді. Енді тегін курс бар екенін достарыма айтып жүрмін,  — дейді ол.

Жобаға қатысып, кәсіп ашты

Ойыл ауданының тұрғыны Айсұлу Мамбетова шілде айында «Қаржылық сауаттылықты арттыру» бағдарламасы бойынша 40 сағаттық теориялық дәрістерге қатысып, оқу сертификатын алған. Оның айтуынша, мұндай курстарға барлық ауыл тұрғындары қатысуы керек.

«Қарызсыз қоғам» жобасына қатысып, ақшаны үнемдеу, несиені алғанда банктің келісімшарттарын қарау, ондағы тиімсіз жолдарды тексеру, басқалардан қарыз алмау, тағы басқа да қажетті мағлұматтар алдым. Жалпы, қарыз алудың жолдары мен одан бас тарту жайлы құнды ақпарат алу әрбір адамға қажет. Себебі қазір несие алмайтын адам жоқ. Әрбір отбасы кемінде бір несие алады. Біз осы орайда бір апта бойы ауыл тұрғындары болып білімімізді тереңдетіп, қаржылық сауатымызды арттырдық. Осындай жобаны жүзеге асырып жатқан азаматтарға алғысымыз мол, — дейді ол.

Айсұлу Мамбетова Ойыл ауылында «Шұғыла» мәдениет және демалыс орталығының меңгерушісі болып жұмыс істейді. Ол зейнеткерлікке шыққан соң жеке кәсіппен айналысқысы келеді. Оқу курсынан өтіп жүріп, ол мамандардан жеке бизнес бастаудың қыр-сырын да сұрап алыпты.

Маманнан кеңес

«Ұлы дала» ауыл бизнесін дамыту жөніндегі ассоциация төрағасы Ақмарал Бекмұрзаева қазақстандықтарға қарызсыз өмір сүрудің жолдарын айтты.

— Ең бастысы, өзіңіздің шығындарыңызды реттеу керек. Бір айда не нәрсеге қанша жұмсағаныңызды есептеп шығыңыз. Мәселен, супермаркетке тізіммен барыңыз, сондай-ақ заттарды жоспарсыз сатып алмаңыз. Егер қандай да бір зат алғыңыз келсе, онда 72 сағат шыдаңыз. Шешімді осы уақыттан кейін қабылдаңыз. Ақшаны еселеудің ең тиімді түрі депозит. Сондықтан аз да болсын, депозит ашып, ақша жинай беру қажет, дейді ол.

Айта кету керек, «Қарызсыз қоғам» жобасына биыл Ойыл ауданы бойынша 300 адам қатысуы керек. Бүгінге дейін бұл ауданда 230 адам оқу курсын оқыған.

Ал Хромтау ауданында «Қарызсыз қоғам» жобасына 800 тұрғын қатысқан. Жоба үш айда ауданда толық жүзеге асырылып, аяқталған.

— Қазіргі таңда ауданымызда осы жобаға қатысқандардың арасында 4 адам грант ұтып алып, жеке кәсібін бастап отыр. Олардың қатарында жұмыссыз, мүмкіндігі шектеулі және көпбалалы аналар бар. Жалпы, бұл жобаның маңыздылығы сол — кез келген ауыл тұрғыны қаржылық сауаттылығын арттырып қана қоймай, соның негізінде жеке кәсіп ашуға мүмкіндік алады, — дейді Amanat партиясы Хромтау аудандық филиалының атқарушы хатшысы Майра Балқыбаева.

Бұл ауданда жобаға қатысқан тұрғындардың бірі — Гаухар Қуандықова. Ол Хромтау ауданының орталығында тұрады. Отбасында төрт бала тәрбиелеп отырған ана — 3-топ мүгедегі.

Мен көпбалалы анамын. Бір балам — екінші топ мүгедегі. Amanat партиясы ұйымдастырған «Қарызсыз қоғам» жобасына қатысып, тегін оқу курсынан өттім. Курста қаржылық сауаттылығымды арттырып, ақшаны қалай үнемдеу, жұмсау керектігін үйрендім. Жалпы, біз қаржыны жинаудың, жұмсаудың көп тетіктерінен хабарсыз екенбіз. Ақшаны табамыз, бірақ қалай жарату керек екенін білмейміз. Осындай жобаға қатысқаныма өте қуаныштымын, — дейді ол.

«Қарызсыз қоғам» жобасына қатысып, сертификат алғаннан кейін Гаухар Қуандықова жеке кәсіп ашуға бел буыпты. Осылайша ол мемлекеттік қолдауға ие болып, жалпы мөлшері 1 миллион 380 мың теңге грант ұтып алған. Қазір көпбалалы ана тігін машинасын сатып алып, үйінен құрақ көрпе, басқа да қолөнер бұйымдарын тігіп отыр. Алдағы уақытта ауыл тұрғындарынан тапсырыс қабылдап, өз кәсібін дамытуды жоспарлауда.

 

                                                                                         Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button