Жаңалықтар

Жолдар мен жарықшамдар жаңарады 

Қалалық мәслихат

Дүйсенбі күні Ақтөбе қалалық мәслихатының кезекті VII сессиясы өтті. Күн тәртібінде бюджетке өзгеріс енгізу, әлеуметтік көмек, туристік жарнаның мөлшерлемесі, т.б. мәселелер қаралды.

Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекеттің төрағалығымен өткен отырыста алдымен бюджетке өзгеріс енгізілді. Ақтөбе қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Амангүл Үрістемованың айтуынша, жыл соңына дейін Астана ауданы бойынша «Елді мекендер көшелерінің автомобиль жолдарын ағымдағы жөңдеу» бағдарламасы бойынша елді мекендерде кварталішілік автомобиль жолдарының шұңқырларды бітеу жұмыстарына 100миллион теңге қарастырылған. Дәл осы мақсатта Алматы ауданына да сонша қаражат бөлініп отыр. Ал «Елді мекендердегі көшелерді жарықтандыру» бағдарламасы бойыншадіңгектерді орнатуға — 30 миллион теңге, шамдарды жаңартуға 50 миллион теңгежұмсалмақ.

«Автомобиль жолдарының жұмыс істеуін қамтамасыз ету» бағдарламасы аясында қыс мезгілінде жолдарды күтіп ұстауға 300 миллион теңгенің бөлінетіні айтылды.

Әлеуметтік көмек мөлшері белгіленіп, жекелеген санаттағы азаматтарға қаржылай қолдау жайы да сөз болды. Бұл туралы Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Мақпал Тұрмағамбетова баяндады. Атап айтсақ, ол туберкулез бен амбулаториялық емдеудегі онкологиялық ауруларға шалдыққандарға қосымша жәрдемақы беруді ұсынды. Мұндағы басты мақсат — әлеуметтік осал топтағылардың жағдайын жақсарту.

Сондай-ақ Ақтөбе қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Асқар Көкеев

шетелдіктер үшін 2023 жылға арналған туристік жарнаның мөлшерлемелерін бекіту мәселесіне тоқталды. Аталған туристік жарна мәселесі енді қолға алынғаны тілге тиек етіліп, жалпы сырттан келгендерді Ақтөбенің көрікті орындарымен кеңінен таныстыру мәселесі күн тәртібінен түспеу керектігі айтылды.

— Бүгінгі сессияда көптеген мәселелер көтерілді. Сіздердің, депутаттардың, мұрындық болуымен оның біразы қолдау тапты. Айталық, екі ауданға қиыршықтас төселіп, күз мезгілінде адамдардың әрі-бері қиындықсыз жүруіне жағдай жасалады. Әрине, алдағы жылы ол жерлерге асфальт төсеу керек. Басқа да күн  тәртібіндегі мәселелерге дер кезінде көңіл аударуға тырыстық, — деп түйіндеді сөзін Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет.

Сессия соңында депутаттар мемлекеттік қызмет ардагері Ахат Мырзалинді 75 жас мерейтойымен құттықтап, мәслихаттың шешімімен берілген «Ақтөбе қаласының  құрметті азаматы» төсбелгісі мен соны айғақтайтын куәлікті салтанатты жағдайда табыс етті. Ақтөбе қалалық мәслихатының төрағасы Анар Даржанова ақсақалдың еңбек жолы, отбасы мен игі істері туралы айтып, ізгі тілегін білдірді.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button